Коронавирус

«Пандемия жағдайынан тек вакцина жасату арқылы шыға аламыз»

Бүгінгі таңда облыстың 800-ге жуық медицина қызметкері ресейлік «Спутник V» вакцинасын алды. Келесі аптада келуі тиіс қосымша вакцина дозасынан кейін бұл көрсеткіш әлдеқайда артатыны сөзсіз. Себебі, облыстың денсаулық сақтау басқармасының болжамы бойынша вакциналаудың бірінші кезеңінде 9 мың медицина қызметкері вакцина алуы тиіс. Алғашқылардың бірі болып екпе салдырған Х.Мақажанов атындағы клиниканың травмотолог-дәрігері Манас ӘМІРОВ екпеден кейінгі жағдайымен бөлісті.

– Қалай дегенмен де алғашқылардың бірі болып вакцина салдырдыңыз. Екпе алар кезде қорқыныш не болмаса қобалжу болды ма?

– Ептеп болды. Дегенмен, екпе тез салынды. Тіпті, ауырғаны да сезілген жоқ. Қазір міне, бірнеше күн өткеннен кейін оның қауіпсіз екенін айта аламын. Енді 21 ақпанда екінші рет вакцинаны алуым керек.

– Яғни, сізде вакцинаның қандай да бір кері әсері байқалған жоқ па? Әріптестеріңіздің арасында ше?

– Шынымды айтсам, жағдайым өзгерген жоқ. Вакциналаудың алдында қан қысымын, сатурация, жүрек соғысын тексерді. Екпе жасағаннан кейін жарты сағат сонда, дәрігерлердің бақылауында болдым. Қайтып келіп, жұмысымды жалғастырдым. Әріптестерімнің арасында да ондайды естіген жоқпын.

– Сіз мұның алдында коронавируспен ауырып па едіңіз?

– Жоқ, ауырған жоқпын. Сондықтан да, вакциналауға еш қарсылығым болған жоқ. Себебі, вирусқа иммунитет ауырған жағдайда немесе осы вакциналау арқылы қалыптасады ғой. Мен екпе салдыруды жөн көрдім.

– Ал, екпеге қарсы адамдарға қандай уәж айтуға болады?

– Вакциналауға қарсы пікірдегі адамдар бұрыннан да болған. Коронавирусқа қарсы вакцинаға ғана емес, ондай адамдар екпенің кез келген түріне қарсы пікірде. Бірақ, қазіргі пандемия жағдайынан тек вакцина жасату арқылы ғана шыға аламыз. Мәселен, әлемнің алдыңғы қатарлы елдері вакциналауды былтырғы желтоқсан айында бастап кеткен.

– Медицина қызметкері ретінде өзіңіз алатын вакцина туралы зерттеп, зерделедіңіз бе?

– Терең зерттегенім жоқ. Бірақ, отандық, шетелдік ғалымдардың айтқан пікірлерін оқып шықтым. Жалпы, вакцина адамдардың белгілі бір тобына ғана емес, миллиондаған халыққа әзірленгеннен кейін оның қауіпсіздігіне күмән болмауы керек деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button