Теміртаудың әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі мемлекеттік дағдарыс орталығына бір жыл толды. Осы уақыт аралығында 111 бала тәрбиелеп отырған 56 отбасы орталықтан пана әрі қолдау тапты. Тоғыз адам жұмысқа орналасып, пәтер жалдаса, екі әйел жаңа отбасын құрған.
Орталық зорлық-зомбылық қаупіне тап болған адамдар мен отбасыларға арнайы әлеуметтік қызметтер ұсынады. Көмек алушылардың арасында өмірлік қиын жағдайға ұшыраған, оның ішінде қатыгездіктен, төтенше жағдайлардан зардап шеккен, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияда есепте тұрған отбасылар бар.
– Осы орталықтан пана тауып, өзімізді жақсы сезіне бастадық. Мемлекеттің қамқорлығын шын ұғынғанда адамның көзіне жас келеді екен. Өйткені, біреуге керек екеніңді сезіну – үлкен бақыт. Әлемде Отаны, мемлекеті жоқ қаншама халық бар. Біздің отбасымызда проблема болса да, Отанымыз бар. Мұны осы жерге келіп түйсіндік. Елдің-жердің қадірін тереңірек білдік. «Ерім!» дейтін еліміздің бар екеніне «Шүкір!» дейміз. Мұнда барлығы жайлы әрі таза. Қыстың күні – жылы, жазда – қоңырсалқын. Бізді барлық қажетті жағдаймен қамтып отыр. Қажет болса, жұмыс та тауып береді. Осы жерден теңін тауып, отау құрып жатқандар да бар. Бастысы, мұнда қауіпсіздігіміз қамтамасыз етілген, – дейді аталған орталықтан көмек алған жандар.
Орталықтағы орын саны – 50. Ол мың шаршы метрден асатын екі қабатты ғимаратта орналасқан, оған 16 қонақ бөлмесі, демалыс бөлмесі және сәбилерге арналған ойын алаңы, асхана, асүй және медициналық бөлме кіреді. Қамқорлыққа алынғандарға күніне бес рет тамақ беріледі. Білікті мамандардың, психологтардың, заңгерлердің, дәрігерлердің, әлеуметтік қызметкерлердің және еңбек терапиясы бойынша нұсқаушылардың көмегі ұсынылады.
– Біз екі маңызды бағытты іске қосқанымызды мақтан тұтамыз. Қазан айында отбасын қолдау орталығы жұмысын бастады. Оның басты міндеті – қиын жағдайлардың алдын алу, оларды ерте кезеңдерде анықтау. Қараша айынан бері бізде қоңырауларға жедел жауап беретін мобильді топ іске кірісті. Бұл бастамалар отбасыларға тұрақты өмірге тезірек оралуға көмектесу арқылы атаулы және тиімді көмек көрсетуге мүмкіндік береді, – дейді дағдарыс орталығының директоры Әсел Нәбиева.
Өз тілшімізден.