АймақБалқаш

Пай-пай, қазақтың келіндері-ай!

Балқаш қаласының М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында әйелдер қауымының мерекесіне орай отбасылық құндылықты бағалау, ұлттық салт-дәстүрді ұлықтау мақсатында келіндер байқауы өтті.

Сурет: қала әкімдігінен

Аталмыш байқауға бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен, қасиеті бойынан табылған, сымбаты мен сәні келіскен 8 келін қатысты. Олар төрт кезең бойынша сынға түсті. Қатысушылар алдымен отбасы туралы әңгімелейтін бейнероликтер арқылы өздерін таныстырып, «Өнерлі келін – өнегелі келін» бөлімінде бірі тәлім мен тәрбиесі ұштасқан ән шырқаса, тағы бірі би биледі. Енді бірі Мұқағали Мақатаевтың «Сәби ана», Төлеген Айбергеновтің «Ана», «Жетім қыздың» монологы сынды шығармаларды орындап, әртістік шеберліктерімен көрермен көзайымына айналды. Көркемсөзді мәнерлеп оқып, қолөнер бұйымдарын жасағандары да болды.

Жалпы, қазақ табалдырығынан аттаған келінді қашанда құйған шайы мен әзірлеген асы арқылы сынап, танып білген. Осылайша, «Қонақ күте білесің бе?» атты сында ұмыт болып қалған еттен, сүттен, дәнді-дақылдардан дайындалатын ұлттық тағамдарды келіндердің қаншалықты білетіндіктері байқалды. «Халқын сүйген, салтын сүйер» кезеңінде «Қыз ұзату», «Тоқымқағар», «Тұсаукесер», «Бесікке салу», «Қазан шегелеу», «Шашбау тағу», «Ат тергеу» секілді қазақтың салт-дәстүрлерін ұсынды. «Ойлы болсаң, озып көр» кезеңінде ұлттық құндылықтар мен әдеп-ғұрыптарға қатысты ситуациялық сұрақтар билет түрінде ұсынылып, келіндердің білімі мен ой ұшқырлығы сыналды. Жас келіндер өз әулетінің дәрежесін арттырып қана қоймай, ата-бабаларымыздың ұмыт қалып бара жатқан кейбір салт-дәстүрлері мен жөн-жоралғыларын қайта жаңғыртты.

Нәтижесінде, әділқазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Дәулетбай әулетінің келіні Сағынжан Сандал жеңіп алды.

– Қарағанды облысы Абай ауданының тумасымын, екі жыл бұрын Балқашқа келін болып түстім. Келіндер байқауына күйеуімнің қолдауымен қатыстым, ол өнер саласында жұмыс істейді. Бірінші кезең отбасымды таныстыру және қайын атамның маған бейнежазбада бата беруінен басталды. Шығармашылық кезеңде «Жетім қыздың монологтарын» монологын оқыдым. Үшінші тур «Ат тергеу» дәстүріне арналды, – келіндер қайындарына есімдерді қалай беретіні туралы әңгімеледім. Дәстүр келіннің тапқырлығын, ақылдылығын және ең бастысы білімін көрсетеді. Гастрономиялық турға дәстүрлі қазақ тағамы «қарын бүрме» дайындадым. Байқаудың бесінші кезеңінің сұрақтарына лайықты жауап бердім деп ойлаймын, – деп бөлісті Сағынжан Сандал.

Ал, І орынды Ыдырыс әулетінің келіні, 2 баланың анасы Әсем Мұхаметжанова, ІІ орынға Мәметалиевтер әулетінің келіні Құралай Тоқтамыс, ІІІ орынға Қожағұл ата әулетінің келіні, 4 баланың анасы Назерке Оспан ие болды. Қалған барлық қатысушылар Алғыс хатпен марапатталып, Балқаш қалалық мәдениет бөлімі мен байқауға демеу­шілік еткен қалалық кәсіпкерлер атынан сый-сияпат алды. Ұйымдастырушылар биыл бірінші рет өткізілген байқаудың алдағы уақытта жалғасын табатындығын жеткізді.

– Бұл байқауды жас ұрпаққа халықтың салт-дәстүрлерінің барлық сұлулығы мен құндылығын, қайын ене мен келінге қандай орын берілгенін, олар отбасының негізі екенін көрсету үшін ұйымдастырдық, – дейді мәдени-демалыс орталығының әдіскері Әйгерім Қызданова.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button