Жаңалықтар

Қожықов қойған фильмге түскен

    Өкінішті, осы күнге шейін білмей келіппіз. Таяуда ел телеарналарының бірінде берілген хабарда қазақ кино өнерінде жарқ етіп, көзден жалт болған таланттар қатарында Бағаш НашарбековаНЫҢ аты  аталды. Осы есім құлақты елең еткізіп, бала кезіміздегі мына оқиғаны ойға оралтты.

Шамасы, өткен дәуір бел ортасының соңғы жылы жазы болар, Нұра бойындағы алақандай ауылымыз аяқ астынан дуылдасып қалды. Айлар аралатып, аудан жақтан кино әкеліп, көрсетіліп тұрушы еді. Ол әрдайымғы аңсаулы күн болғанымен бұл жолғы жұрт қызығушылығы бөлек болуы есте. Онда ауылдас қыз ойнайтындығынан құлақтанған көпшілік үйлерінен орындықтарын, төсеніштерін қолтықтай келіп, ашық алаңқай алдына таласып-тармасып жайғасып жатты.

Ымырт үйіріліп, күн ұясына батып, кешкі шаруа жайланған соң жыпырлаған жұлдыздар астында күткен кино да басталды. Астық қамбасының қотыр-қотыр қабырғасына ілінген ақ жаймаға «жан» бітіп, кинолентасынан қызылдар мен ақтар соғысынан оралған жігіттің сүйкімді бойжеткенмен жүздесуі көрініс бергенде «Қараңдар, қараңдар Бағаштың дәл өзі. Пай, пай ән салар ма екен! Әншілігі де әсем ғой шіркін. Нашарбек ата, Әсия әже, сүйінші, сүйінші!» деген дауыс­тар түнгі ауылды дүр көтерді.

Міне, сонау уақыттан ұмытылмай келе жатқан осынау жайды еске түсіруге және сеп болып отырған  – сол фильмнің, яғни «Біз Жетісуданбыз» фильмінің түсірілу сәті­нен сақталған мына суреттер. Олардан картинада басты кейіпкер Нартайды ойнаушы Кенебай Қожабековтің көше бұзықтары кесірінен мертікпеген, атқа секіріп мініп шайқасатын жалынды жас, ғашығы Райхан рөліндегі Бағаш Нашарбекованың  ажары атқан таңдай перизат шағы, ақтар офицерін бейнелеуші Құрманбек Жандарбековтің кемел кезі елестесе, жеке фотодан балғын Бағаштың  мөлдіреген тана жанарымен астасқан көрікті келбеті көз алдыға келеді. 1958 жылы экранға шыққан бұл фильм жас режиссер Сұлтан Қожықовтың тұңғыш туындысы болатын.

Ұлттық кино тарихында есте қаларлық із тастап, одан кейін көрінбей кеткен аяулы арудың өмір жолы қалай қалыптасты екен деп ойлайтынбыз. Бағаш апайдың көп жылдан бері Қарағандыда тұратынын білдік жа­қында. Бар ғұмырын сүйікті ісі ұстаздыққа арнаған, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген, айналасына мейірім шуағы ескен асыл әжелердің бірі көрінеді.

– Алдында «Ботакөз» фильмінде Ботакөзді ойнау үшін сынақтық байқауға ша­қырылған едім. Қарағанды педагогикалық инс­титутында оқуымда көркемөнерпаздар үйірмесінде, 1957 жылы  Мәскеуде өткен студенттер мен жастардың Бүкілдүниежүзілік фестивалінде ән шырқап, би билеп көзге түсуім киношылар назарына іліксе керек «Орталық Қазақстан» газетіндегі журналист нағашы ағам Қойшы Шаяхметов «Сені қазақ киностудиясынан іздестіріп жатыр. Бірнеше суретіңді алып кетті. Алматыға тез жет» деген хабар жеткізді бірде. Дереу ауылға барып, әке-шешемнен рұқсатын сұрап, енді қайтар бетте боран соғып кетіп, сынаққа қатысуға кешігіп қалдым. Алайда,  жолым сәтсіз болмады. «Ботакөздің» ізін ала «Біз Жетісуданбыз» түсірілуде екен. Оны қоюшы режиссер Сұлтан Қожықов аға Райхан рөліне бірден бекітті» деп сыр ашып, ыстық шақты сағынышпен еске алған Бағаш апайдың көңілі босап, көзіне жас келді.

Ол кезде киноға еліміздегі өскелең өнер ретінде үлкен мән бөлінуі белгілі. Әр туындының жетістігі мен кемшілігі назардан тыс қалып жатпайтын. Саланың жанашыры әрі білгірі Әбіш Кекілбаевтан бастап, бірқатар өнертанушылар фильмге тәуір баға беріпті. Негізгі рольді кейіптеген Б.Нашарбекова қадамы үлкен үміт тудыруы туралы пікірлер білдіріліпті.

Алғашқы фильмінен-ақ талабы мен таланты таудайлығы танылған болашақ көрнекті режиссердің «Бағашжан, Райхан  рөлін  алда  жұлдызыңды жарқыратар сынға сана. «Қыз Жібек» жыры желісі бойынша көркем фильм қою ойымда бар. Сәтін салса, Жібекті ойнауға шақырамын» дейтіні бәрінен артық баға еді.

Әттең, адамның әр арман – мақсаты орындала берген бе? Үлкен өнерге өрлеуге үмітті өмір жолының өзгеруі үзеді. Ел ішін қимай ата-ана, сүйгенінің көңіліне қарайлау, тұрмыс құрып, нәресте сүйіп, Нұра, Ақсу-Аюлы, Қарағанды мектептерінде ұзақ жыл ұстаздық ету еңбек бақытына ұласады. Әйтсе де уақыт шіркін желдей есіп, желпіп өткенмен Қожықовтың  өзі Жібекке көздеуі қалай ұмытылсын. Айықпаған тәтті мұң жүрек елжіретеді әлі.

Аймағымыз  әйелдері арасынан кино­ға тұңғыш түсуші екенін біреулер білсе, біреулер білмейтін, өкініштісі сол, осы күнгі қаптаған жер-жерлік энциклопедиялар бірде-бірі ауызға алмағанымен естен шықпауға тиісті жан турасында беймәлім бір сыросындай. Бұған өкпесі жоқ болса да, қалың әлеуметпен таныстырылып, отандық кино өнерінде өзіндік орны бар фильмге биыл  60 жыл толуына орай көрермендермен табыстырылып жатса, несі артық дейсіз. Айту бізге қаламгерлік парыз, құлақ асу, құлықтыларға қарыз, әрине.

Айқын Несіпбай.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button