ОТБАСЫ БАҚЫТЫН ДӘРІПТЕДІ
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің ұйымдастыруымен С.Қожамқұлов атындағы музыкалы драма театрында «Бәрі де махаббаттан бастау алады» атты көрме жобасының екінші кезеңі өткізілді.
«Берік отбасы — берік мемлекет» қағидасын дәріптеп, отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатындағы мерекелік шараға «Қазақмыс» корпорациясы» кәсіпорындары мен «Ютария LTD» ЖШС-де еңбек ететін 9 отбасының шаттыққа толы тағдырлары арқау етіп алыныпты. Бұл жобаға негізінен, бір заманда кеңінен насихатталатын интернационалдық отбасылар қатысты. Мәселен, байыту фабрикасында диірмен машинисі болып еңбек еткен Кәрім Құлыбековтың орыс қызы Люся Костантиновнамен қол ұстасып, сыйласып ғұмыр кешкендеріне 41 жыл болған. Кәрімнің әкесі – қазақ, шешесі – неміс екен. Ал, байыту фабрикасында жұмыс істейтін Александр Тимофеевтің жары — қазақ Әсия Сиярқызы екеуі үш баланы тәрбиелеп өсіріп отыр. Тоғыз отбасы да сахна төріне шақырылып, қошемет-құрмет көрсетілді. Салтанатты кешті қала әкімінің орынбасары З.Ақылбекова құттықтау сөзімен ашты. Табысқан қос жүректің қилы да қызықты тағдырлары туралы көпшілік назарына бейнесюжет ұсынылды. Іс-шара қонақтарынан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, «Алтын жүрек» сыйлығының иегері, білім меценаты Б.Алтынбеков, Жезқазған бизнес және көлік колледжінің директоры, қалалық мәслихат депутаты С.Жұмкина сөз алып, отбасы құндылықтарын арқау еткен жобаға ризашылықтарын білдірді. «Импульс» үлгілі эстрадалық-би ансамблі «Шаңырақ» биін тарту етіп, салтанатты кеш өнерпаздар концертіне ұласты. Сондай-ақ, жұртшылық «Отбасылық бақыттың сыры» көрмесін тамашалады.
Амандық РАХҰЛЫ
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.