Отандық өнім кәсіпкер мүмкіндігін айқындайды
Облыстағы өнім өндіруші кәсіпкерлер саны жыл санап арта түсуде. Бәсекелестік басты мәселеге айналған нарық заманында жергілікті тауар өндірушілердің ынтасы – көз қуантарлық. Соның айқын дәлелі ретінде, өткен сенбіде Қарағандыдағы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында ұйымдастырылған дәстүрлі «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің аймақтық кезеңін айтуға болады.
Сөреде тұрған тауарға деген талғам тұтынушыларда әлдеқашан қалыптасып үлгерді. Сондықтан, импорттың орнын экспорт алмастырса, қазақстандық өнімге деген сұраныс шет мемлекеттерде де пайда болса дейміз. Ол күн де алыс емес. Бүгінгі күннің өзінде отандық ет, сүт өнімдері шекара аумағынан тыс саудалануда. Бұл ретте, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан да көрсетіліп жатқан қолдау аз емес. Қай салада болсын, отандық, жергілікті өнімге басымдық беріледі.
Мәселен, аталған дәстүрлі байқаукөрмесінің аймақтық кезеңіне қатысуға жергілікті 80 тауар өндіруші ұсыныс беріпті. Бұған қарап, жыл санап, тауардың жаңа түрлері де сұранысқа ие бола бастады деп топшылауға да болады. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының директоры Ернар Күлпейісов те тілге тиек етті.
- Кәсіпкерлер палатасы отандық тауар өндірушілерге инвесторлармен және серіктестермен байланысты реттеуге көмектесіп, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғайды. Отандық өндірушілерге үнемі қолдау білдіріп отырады. Ал, бұл байқау-көрме – аймақ тұрғындарының өндірушілермен және жергілікті өніммен таныса алатын негізгі алаң. Біз «Қарағандыда жасалған» маркасымен тауарларды кеңінен жарнамалау және жылжыту мақсатын көздейміз. Жыл санап тауарлар мен қызметтерге деген тұтынушылар талабы артуда, – деді Ернар Күлпейісов.
Сөйтіп, аймақтық байқау-көрме «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары», «Халыққа арналған үздік тауарлар» сынды үш аталым бойынша ұйымдастырылды. Оған жоғарыда айтып өткеніміздей жергілікті 80 тауар өндірушілер қатысып, арасында ірі компаниялар мен «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқытылған бастаушы кәсіпкерлер де болды.
Көрмеге алғаш қатысқандар қатарында отқа төзімді материалдарды өндірумен айналысатын «Seven refractories» ЖШС зауыты бар. Бұл зауыт «Қазақмыс», «АрселорМиталл Теміртау», «Казцинк» сынды ірі компаниялар тұтынатын шойын, болат, цемент, алюминий, қыздыру пештері секілді жоғары сапалы өнім өндіреді. Аталған отқа төзімді материалдар бұған дейін шетелден сатып алынса, қазіргі таңда қарағандылық компания жеткізуде.
- «Natige» компаниясы балмұздақ өндіруді өткен жылы қазанда қолға ала бастады. Бір жылға жетер-жетпес мерзімде өнім Қарағанды, Жезқазған, Нұр-Сұлтан қалаларындағы дүкен сөрелерінен орын алып үлгерді. Сондайақ, Қарағандыдағы «Абзал», «Норма» сауда үйлерінің аулаларында, Мұқанов көшесінің бойында, Теміртау шаһарында балмұздақ сату террассалары ашылды. Қажетті шикізатты Италиядан жеткіземіз. Ешқандай зиянды қоспаны қолданбаймыз. Барлығы табиғи өнім, – деді «Natige» компаниясының маркетологы Әлішер Әшім.
Сөйтіп, байқау-көрме қорытындысы бойынша облыс әкімінің сыйлығы катодты мыс өндіретін «Sary-Arka Copper Processing» ЖШС зауытына берілді. Ал, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымына 21 кәсіпорын қатысып, жеңімпаз ретінде «Холдинг-Алтын арна» ЖШС танылды. 24 кәсіпорын бақ сынаған «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымында шаруашылықтұрмыстық және санитариялық-гигиеналық мақсаттағы қағаз бұйымдарын өндіретін сарандық «SUNPAPER» ЖШС жеңіс тұғырынан көрінді.
Сондай-ақ, «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында да 15 компания сынға түсіп, «Малу» ЖШС жеңіске жетті. Айта кетейік, бұл жеңімпаздар байқаудың республикалық кезеңінде аймақ намысын қорғайтын болады.
Бұдан бөлек, бизнес қауымдастықтар мен мемлекеттік органдар да жеке аталымдар бойынша марапатталды. Мәселен, «BUSINESS – Әлеумет» Үздік әлеуметтік-бағдарлы кәсіпорын» алатымында «ALEMGAZ» ЖШС сый-құрметке бөленсе, «Инновациялық жоба» аталымында марапатқа лайық деп «PROTOM» ЖШС танылды. Кәсіпкерлікке арналған үздік БАҚ ретінде «Жаңа телевидение» арнасы, «Шағын-орта бизнесті дамытуда жеке үлесі үшін» аталымында Надежда Перегон құрметке ие болды. «Үлгілі салық төлеуші» аталымында «Сарыарқа Нан Қарағанды» ЖШС, «Қарағандының үздік экспорттықбағыттық кәсіпорындары» аталымында «Беммер Арматура» ЖШС жеңіске жетті.
Рауан ҚАБИДОЛДА.