Бас тақырыпЖаңалықтар

Қарағандыда Брайль қарпінде жарық көрген “Айналайын 2” кітабының тұсаукесері өтті

№1 арнайы мектеп-интернатының қабырғасында қабілеті бұзылған балаларға арналған бедерлі-нүктелі Брайль қаріпінде жарық көрген «Айналайын 2» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараны Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасы Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен халықаралық «Ақ таяқ» күніне орай ұйымдастырды.

Бұл кітапқа Қарағанды облысының тарихы, мәдениеті мен мұрасын танытатын танымдық және көркем шығармалар енген. 46 беттен тұрады. Көзі көрмейтін және нашар көретін оқырмандарға арналған. Кітаптың соңғы бетіндегі QR код арқылы шығармалардың аудио нұсқасын да тыңдауға болады. Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тапсырысымен Түркияның баспаханасында жарыққа шыққан. Кітапты жасаған – Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Білте» қоғамдық қорының президенті Мақпал Мыса.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов тұсаукесер рәсімінде сөйлеген сөзінде кітаптың мәні мен маңызына тоқталды.

– Бұл іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың зерделі ұлт қалыптастыру, кітап оқу мәдениетін дамыту және өскелең ұрпақтың білімге деген қызығушылығын арттыру жөніндегі бастамаларын өңірде жүзеге асыруға бағытталған. Көру қабілеті бұзылған балалардың көркем әдебиетке қолжетімділігін арттырып, олардың кітап оқуы мен зияткерлік әлеуетін дамытуға жол ашатын «Айналайын» кітабы балалардың рухани дүниесін байытып, әдебиет әлеміне қызығушылығын арттыруға ықпал етеді, – деді Нұрлан Бикенов.

 

Ерік НАРЫН
 «Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button