Кей азаматтар әскери қызметтен жалтару үшін әртүрлі амал-айла іздеген уақыт та болған. Қазір жағдай түбегейлі өзгеріп, жалпы әскерге баруға өтініш білдіргендер саны артқан. Олардың арасында жоғары білімділер де баршылық. Бұл туралы Приозерск қаласының жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Әскерге шақырту күні» іс-шарасында әскерилер мәлім етті.
Кездесуге келген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлерінің төрағасы Т.Кенжебеков, 06708 әскери бөлімінің офицері, майор Н.Есмаханбетов, қатардағы жауынгерлер А.Нұрғалиев, Ә.Омаров, М.Бердібеков әскери қызметінің жаңа мүмкіндіктері мен перспективаларын жастарға таныстырды.
– Біз халыққа әскери қызметті өтеудің адам үшін, қоғам үшін, ел үшін маңыздылығын жеткізгіміз келеді. Мерзімді қызметтегі әрбір әскери қызметші – бұл мемлекеттің тірегі, қоғамымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі. Әр ер азамат өз Отанын қорғау жолында қасиетті борышын орындау қажеттігін түсінуі тиіс, – деді Т.Кенжебеков.
Сонымен қатар, «Приозерск қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Н.Сүлейменов және орталықтың әдіскері Е.Абдурахманов кездесудің мақсатының әскери-патриоттық тәрбие беру, жастардың бойында патриоттық сезімін қалыптастыру, Отанды қорғауға дайындық, жас ұрпақтың әскери білімдерін кеңейту екендігін атап өтті.
Сондай-ақ, шараға қатысқан №1 жалпы білім беретін мектептің оқушыларына «Армия – жаңа мүмкіндіктер кепілі!» атты буклеттер таратылды.
Нұрдос КӘРІМ,
ПРИОЗЕРСК