Қазақстан экономикасы әртараптанып келеді – шетелдік сарапшылар
Қазақстан экономикасы шикізатқа тәуелділіктен біртіндеп арылып, инвестициялар мен өнеркәсіпке негізделген тұрақты даму моделіне көшіп келеді. Мұндай баға World Impact Media Organization ұйымының Reuters платформасында жарияланған сараптамалық есебінде берілді. Бұл жайлы https://www.reuters.com хабарлады.

Шетелдік сарапшылардың мәліметінше, әлемдік экономиканың баяулауы мен инвестициялар үшін бәсекелестіктің күшеюіне қарамастан, Қазақстан тұрақты экономикалық өсімді сақтап отыр. Бұған құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету саласы және инвестициялар ықпал еткен.
Есепте Қазақстан экономикасының мұнай секторына тәуелділігі азайып, өңдеу өнеркәсібі, логистика, энергетикалық инфрақұрылым және заманауи қызмет көрсету салаларының үлесі артып келе жатқаны атап өтіледі.
2025 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өссе, 2026 жылдың алғашқы бес айында өсім 3,7 пайызды құрады. Осы кезеңде құрылыс саласы 13,4 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 9 пайызға, көлік және қоймалау 8,4 пайызға, сауда 5,6 пайызға өскен.
Сарапшылар инвестициялардың артуына да ерекше назар аударған. 2025 жылы Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 20,5 млрд АҚШ долларына жетіп, бір жыл ішінде 14,4 пайызға көбейді. Сондай-ақ ел Орталық Азиядағы greenfield инвестицияларының шамамен 89 пайызын өзіне тартып, өңірдегі жетекші инвестициялық бағыт ретіндегі орнын нығайтты.
Шолуда инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған реформалар да оң бағаланған. Атап айтқанда, 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасының жаңартылуы, Инвестициялық штабтың жұмысы, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаның іске қосылуы және ірі жобаларға арналған инвестициялық келісімдер шетелдік инвесторлардың сенімін арттырып отырғаны айтылған.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан бүгінде инвестиция, өндіріс, логистика, агроөнеркәсіп, энергетика және заманауи қызмет көрсету салаларына сүйенетін, теңгерімді әрі тұрақты экономикалық даму бағытын қалыптастырып келеді.



