Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді, елдімекендердің тыныс-тіршілігіне қажетті жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді Үкімет пен әкімдіктердің негізгі міндеті ретінде айқындаған болатын. Әсіресе, жылыту маусымы кезінде жыл сайын қайталанатын мәселелерден сабақ алып, энергия көздері мен инженерлік желілердің сенімділігін арттыру – бүгінгі күннің басты талабы. Осы міндет аясында Қарағанды облысында 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүйелі жүргізілуде.

Маусымға дайындық жоспарға сай
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаевтың айтуынша, өткен 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы өңірде штаттық режимде өткізілген. Энергия көздерінің, жергілікті жылу көздерінің және инженерлік желілердің жұмысында ірі ақаулар тіркелмеген. Маусым барысында туындаған мәселелер белгіленген тәртіппен шешіліп, апаттық жағдайлар мен олардың салдарын жою бойынша жедел шаралар қабылданған.
– Алдағы жылыту маусымына дайындық жоспарға сай жүргізілуде. Тұрғын үй қоры, әлеуметтік-мәдени нысандар мен инженерлік желілерді сапалы әрі уақытылы әзірлеу мақсатында өңір әкімдіктері мен кәсіпорындар тиісті іс-шаралар жоспарын бекітті. Биыл жөндеу науқанына барлық қаржыландыру көздері есебінен 179,7 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 31,6 пайызға көп. Қазіргі таңда облыс бойынша дайындық жұмыстарының орындалуы 35,5 пайызды құрайды. Бүгінге дейін 217 жергілікті жылу көзі, 469 шақырымнан астам инженерлік желі, 420 әлеуметтік-мәдени нысан және 2 120 көпқабатты тұрғын үй дайындықтан өтті, – деді Тілектес Темірбекұлы.
Өңірдегі жылыту маусымының тұрақты өтуі, ең алдымен, энергия көздерінің дайындығына байланысты. Облыстағы 7 энергия көзінде биыл 37 қазандық пен 27 турбинаны жөндеу жоспарланған. Оның ішінде, 15 қазандық пен 6 турбина күрделі жөндеуден, 3 қазандық пен 3 турбина кеңейтілген орташа жөндеуден, 19 қазандық пен 18 турбина негізгі жөндеуден өтеді.
Қазіргі таңда бекітілген кестеге сәйкес 10 қазандық пен 7 турбинаның жөндеуі аяқталған. Тағы 12 қазандық пен 7 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, негізгі жабдықтардың уақытылы жөнделуі қысқы жүктеме кезінде энергия көздерінің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Жылудың сапасы – желінің сенімділігінде
Жылыту маусымына дайындықта жылу желілерінің жай-күйі де маңызды. Өйткені, энергия көзінде өндірілген жылудың тұтынушыға сапалы әрі үздіксіз жетуі желілердің техникалық жағдайына тікелей байланысты. Биыл бюджеттік қаржыландыру есебінен 8 жобаны іске асыру аясында 16,9 млрд теңгеге 31 шақырым жылу желілерін қайта жаңарту көзделді.
Бұл бағытта Теміртауда жылу желілеріне ерекше назар аударылуда. Құрыш қалада 2026-2028 жылдарға арналған жылу желілерін жөндеу бағдарламасы әзірленген.
Бағдарлама аясында жалпы ұзындығы 108,3 шақырым жылу желісін жаңғырту жоспарланды. Соның ішінде, биыл 27,1 шақырымнан астам жылу желісін қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.
Жалпы, облыста жылу желілерінің тозу деңгейі әлі де өзекті мәселе қатарында. Бұған дейін басқарма өкілдері ұсынған деректерге сүйенсек, өңірдегі жылу желілерінің жалпы ұзындығы 1 183,4 шақырымды құрайды. Ал, жылумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейі 60,3 пайызға жеткен. Әсіресе, Теміртау, Қарағанды, Приозерск қалалары мен Абай ауданында бұл көрсеткіш жоғары. Сондықтан, жылу желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту алдағы маусымның ғана емес, жалпы коммуналдық жүйенің сенімділігі үшін маңызды.
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары электр желілері бойынша да жүргізілуде. Жазғы дайындық науқаны аясында «Қарағанды Жарық», «КРЭК» және «ЖРЭК» өңірлік электр желілік компанияларының қызмет көрсету аймақтарында 3,7 мың шақырым электр беру желісін, 70 қосалқы станция мен орталық тарату пунктін, сондай-ақ, 760 трансформаторлық және тарату пунктін жөндеу жоспарланған. Бұл жұмыстарға 659,4 млн теңге қарастырылған.
– Бұдан бөлек, инвестициялық бағдарламалар аясында 91,44 шақырымнан астам электр желісін реконструкциялау, жаңғырту және күрделі құрылыс жұмыстары да жоспарда. Бұл мақсатқа 13 млрд теңгеден астам қаражат бағытталмақ. Электр желілерінің сенімділігі де жылыту маусымында маңызды рөл атқарады. Себебі, қазандықтар, сорғы станциялары мен өзге де инженерлік жабдықтардың үздіксіз жұмысы электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығына тәуелді. «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында да бірқатар жұмыс қолға алынды. Былтырдан бастап, Теміртау және Қарағанды қалаларында облигациялық қарыздар есебінен жалпы сомасы 12,8 млрд теңгеге 4 пилоттық жоба іске асырыла бастаған. Соның ішінде, 1 жоба аяқталып, қаражат толық игерілген. Нәтижесінде 12,8 шақырым жылу желісі реконструкцияланды, – деді басқарма басшысы.
Биыл жылумен жабдықтау саласында тағы 3 жаңа жобаны іске асыру басталды. Жобалардың жалпы құны – 24,8 млрд теңге. Бұл жұмыстар аясында 7 шақырым жылу желісін жаңарту көзделді. Қазіргі таңда барлық 3 жоба бойынша конкурстар өткізіліп, мердігерлер анықталған және шарттар жасалған.
Дайындық һәм жауапкершілік
Жылу жүйесінің сенімділігін арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі – Қарағанды ЖЭО-3-ті кеңейту. Жаңа қуат көздерін енгізу облыс орталығында жылу тапшылығын болдырмау және алдағы жылдары өсетін тұтыну көлемін қамтамасыз ету үшін қажет. Жоба іске асқан жағдайда станцияның электр қуаты – 140 МВт-қа, жылу қуаты 180 Гкал/сағатқа артады. Бұл – Қарағанды қаласының жылумен жабдықтау жүйесіне қосымша резерв қалыптастырып, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, өңірде газдандыру жұмыстары да жалғасуда. Бұл бағыт орталықтандырылған жылу жүйесін алмастыруды емес, ең алдымен, жеке сектордағы көмір тұтынуды азайтуды, тұрмыстық қолайлылықты арттыруды және экологиялық жүктемені төмендетуді көздейді. Ресми дерек бойынша, Қарағанды мен Теміртау қалаларында газ тарату желілері 16 мыңнан астам жеке тұрғын үйге жеткізілген. Қазіргі таңда газға қосылған абоненттер саны да кезең-кезеңімен артып келеді.
Қарағанды қаласында газдандырудың бірінші кезеңін аяқтау жоспарланған. Одан кейінгі кезеңде Пришахтинск, Майқұдық және Сұрыптау бекетін қамту ойда бар. Бұл жұмыстар жеке сектор тұрғындары үшін көмірге тәуелділікті азайтып, жылыту маусымындағы тұрмыстық жүктемені жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Жалпы, 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық бірнеше бағытта қатар жүргізілуде. Бір жағынан, энергия көздеріндегі негізгі жабдықтар жөнделсе, екінші жағынан, жылу және электр желілері жаңғыртылуда. Сонымен бірге, ұлттық жоба аясындағы инфрақұрылымдық жобалар мен газдандыру жұмыстары коммуналдық жүйенің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қысқа дайындықтың нақты нәтижесі жылыту маусымы басталғанда белгілі болады. Дегенмен, бүгінгі басты міндет айқын. Жоспарланған жөндеу және жаңғырту жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы аяқтап, энергия көздерінен өндірілген жылудың әр үйге іркіліссіз жетуін қамтамасыз ету.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



