Осакаров ауданында әлеуметтік жобаларға 865 млн теңге бағытталады
Осакаров ауданындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға 865 млн теңге бағыттайды. Бұл бағытта аграрлық кәсіпорындармен 16 ынтымақтастық және әлеуметтік әріптестік туралы меморандум жасалған.

Қаражат мектептер мен мәдениет үйлерін жөндеуге, жолдарды ретке келтіруге, балалар және спорт алаңдарын салуға, қоғамдық орындарды абаттандыруға және көшелерді жарықтандыруға жұмсалады.

Қарағайлы және Садовое ауылдарындағы жолдарды жөндеу, саябақ пен аллеяларды абаттандыру, бірқатар елді мекенде спорт және балалар алаңдарын салу жоспарланған.

Жобалардың бір бөлігі білім беру саласына бағытталады. Мектептер заманауи пән кабинеттерімен жабдықталып, шағын орталықтарға қажетті жиһаз бен құралдар алынады.

Бірқатар жұмыс қазірдің өзінде орындалған. Осакаров кентінде «Рассвет» ЖШС өз қаражатына 640 метр жолға асфальт төседі. Ал Есіл ауылында «Жатва ВВ» ЖШС мәдениет үйінің шатырын жөндеді.

Жалпы, жобалар ауылдардағы әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсартып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



