Қорым аумағы тазартылды

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні, мемлекет және қоғам қайраткері Әлімхан Ермековтің туған күніне орай ДСК қорымында сенбілік өтті. Айтулы шара басы сүйіншілеген хабармен басталды. Қорымдағы ескі қоршаулар алынып, Әлімхан Ермеков мазарына келетін жол абаттандырылмақ. Алаш қайраткерлерінің рухына тағзымның тағы бір парасы – осы.

Сауапты шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Төкенқызы, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Ілияш және қоғам белсенділері, депутаттар, саяси партия мүшелері, Қазақстан халық Ассамблеясының өкілдері, еріктілер мен студенттер, БАҚ өкілдері қатысты.

Сенбілік қорымда жатқан марқұмдарға, Алаш қайраткерлерінің рухына Құран бағыштаудан басталды. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Қарағандыдағы өкіл имамы Естай Айтуғанұлы ел мен жердің амандығына дұға етті.

Одан кейін ақын, бард, қазақтың сары тентегі атанған Қуаныш Мақсұтов Ұлт зиялысының қайраткерлігін, шекараны шегендеудегі табандылығын әсермен жеткізді. Аймақтық «Ақсақалдар алқасының» төрағасы Жексен Әбдірахман да қазақтан шыққан тұңғыш математиктің ғылымға енгізген жаңалығы турасында әңгімелеп берді.

– Алаш арыстары тағдырына алаң жандар ДСК деп аталып кеткен Әлімхан Ермеков ағамыз және басқа да тұлғаларға топырақ бұйырған зираттар алаңында жөндеу жүретінін біледі. Қоғам белсенділері қала әкімінің орынбасары Ләззат Төкенқызымен сол төңіректі аралап, ой алмасты. Маған мынадай ой келді. Әлімхан ағамыздың қасында асыл жары Рахила жатыр. Ол кісілердің де өмір тарихын зерттеп, зерделесек қой. Олар да Алаш зиялыларынан кем тартпады ғой тауқыметті. Осы шараны ұйымдастырушыларға ерекше алғыс айтқым келеді, – деді қоғам белсендісі Майра Әбдірахманова.

Осы қорымда жатқан белгілі ғалым Ебіней Бөкетовтің рухына да Құран бағышталды. Қорым аумағы тегіс тазартылып, Ә.Ермеков мазары сырланды.

Қала әкімінің орынбасары Ләззат Төкенқызы сенбілікке атсалысқандардың барлығына алғысын жаудырды. Алдағы уақытта да осындай ізгі шараларға белсене қатысуға шақырды

Қасымхан ҒАЛЫМ,
Ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.