«Ortalyq Qazaqstan» газетіне – 90 жыл

“Орталықтың” тойы – менің тойым!

Алдымен, торқалы 90 жасқа толған газет ұжымын мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыс тілеймін. «Орталықтың» тойы – менің тойым. Осынау газет бетінде менің де қаламымның ізі қалды. Түрлі тақырыпты арқау еткен мыңдаған мақала жаздым. «Орталық Қазақстаным» атты өлең арнадым. Бұл өлеңге белгілі композитор Құралай ШАЙМЕРДЕНОВА ән шығарды. Осы «Орталық Қазақстан» газеті тарихында 26 жыл, яғни, ұзақ жыл қызмет еткен тұңғыш журналист қызбын деп сенімді айта аламын. Аллаға шүкір, осы қарашаңыраққа желбіреген жас күнімде кіріп, ақ жаулықты әже болып шықтым.

Осыдан отыз бір жыл бұрын «Орталық Қазақстанның» табалдырығын аттағанда, қызметтес болған әріптестерім қылшылдаған қырықтың ішінде еді. 1990 жылы Алматы шаһарындағы бұрынғы С.Киров атындағы ҚазМУ-дің журналистика факультетін тәмамдағанда алдымда екі таңдау тұрды. «Қыздардың қолынан журналистика келмейді» деген пікірді жоққа шығару үшін өз бастамаммен «Қазақ журналистикасындағы әйел журналистердің ролі. Соның ішінде журналист, редактор Мағира Қожахметова» деген тақырыпта диплом қорғадым. Сол кездегі «Қазақстан әйелдері» журналының редакторының орынбасары болған Мағира апайдың шығармашылығын терең көрсетуде көп іздендім. Дипломды қазақ журналистикасының аса ірі өкілі, қоғам қайраткері, марқұм Камал Смайылов аға беске бағалады. Диплом алған соң Мағира апай өзіне жұмысқа шақырды. Тіпті, өз пәтеріне тіркеуге алып, пәтер тауып беруге ықыласты екенін білдірді. Екіншісі – Қарағандыдағы облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне арнайы шақырған жолдама қағазы еді. Алдында аталмыш газетте қарымды қаламгер Қайыркен Сұлтанов ағаның алдынан іс-тәжірибеден өткен едім. Сол кездегі газет редакторы Нұрмахан аға Оразбеков «Газетке қаламының желі бар сен сияқты жастар керек. Оқуыңды бітірген соң «Орталыққа» кел» деген болатын. Өзге де құрбыларым сияқты менің де Алматыда қалып, қызмет істеу – арманым. Көп толғандым. «Орталық Қазақстанның» Бас редакторы Нұрмахан ағаның сөзінде тұрып, шақырту қағазын жібергеніне де риза болдым. Астананың тұңғиыққа толы жұмбақ әлемі еліктіргенімен, елге барғанды жөн деп санадым. «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы Нұрмахан аға туған әкемдей алдымнан шығып, құшақ жая қарсы алды. Сөз арасында «Жас мамансың, әрі отбасылы көрінесің. Екі бөлмелі пәтер бергелі отырмыз» деп көңілімді бір марқайтып тастады. Осындай адамгершілігі, азаматтығы мықты редактор басқарған ұжымға келгеніме қуанышты едім. Редактордың кабинетінен шыға бергенімде алдымнан «Құлыншақ, қызметің құтты болсын!» деп қалбаң қағып бір ағатай шықты. Сәлден кейін «Өй, айналып кетейін, өзі бөтен емес, менің балам болып шықты!» деп маңдайымнан еміреніп иіскеді. Жөн сұраса білсем, хат бөлімінің меңгерушісі Тоқан Әбуғалиев аға екен. Жасыратыны жоқ, сол күннен бастап, марқұм Тоқан аға және Күлзия жеңгеммен туғанымдай қоян-қолтық араласып кеттім. Менің үйім – Майқұдықта. Сонда «Балам, біздің үй жақын, бізбен бірге түстене сал» деп баладай бәйек болып жүретін. Уақыт келіп зейнеткерлікке шыққанда екі томдық орысша-қазақша сөздігін сыйлап кетті. Кейін Тоқан ағамдай бауырмал адамды кездестірген жоқпын. Мені әлеуметтік сала және ішкі саясат бне жіберді. Бұл бөлімге Сүйіндік Жанысбай аға жетекшілік етеді екен. Көп сөзі жоқ, біртоға, өз жұмысына ұқыпты Сүйіндік аға маған «Мектеп мәселесін қаузасаң қайтеді?» деген ұсынысын айтты. Мен қуана келістім.

Шынында да, 90 жылдардың басында Қарағанды қаласындағы №7 және №2 мектеп-интернаттан басқа қазақ мектептері жоқтын. Қазақ мектебі түгілі сыныбын ашу оңай емес-тін. Қалалық оқу бөлімінде жауапты қызмет атқарған Райса Сейітқалиева, өз ұлтының болашағына жанашыр Бағдат Қыстафина, Жанділ Ахуанұлы сияқты ұлағатты ұстаздармен танысып, қазақ мектептерін ашудағы жанкешті әр істерін қадағалап, газет бетінде насихаттап отырдым. Уақыт өте бұл тіл жанашырларының еңбегі жанып, бір-бір қазақ мектептеріне басшылық жасап, мыңдаған қазақ балаларын өз тілінде оқытып шығарды. Қазақ мектептері ашыла бастағанда мен өзімнің қаламымның да осынау игілікті іске қосқан үлесі мол болғандығына іштей шүкіршілік еттім. Газетте 20 жыл қызмет еткен жылдарымның ішінде қаншама қаламгер ағаларымыз фәниден бақиға кетті. Әр ағаның «Орталықтан» ойып алған өз орны әрі өзіне жарасымды мінездері бар еді…

Бүгінде ортамызда жоқ Базарбай Мұстафиннің кісілік қасиетін, Қайыркен Сұлтановтың байсалды, паң бейнесін, Матай Айнабековтің сезімге толы жыр жазғыштығын, Ғаббас Смағұловтың ағалық жылы жүрегін, Ескендір Тиышмағанбетовтің газетте кетіп бара жатқан қатені тез байқағыштығын, Зейнолла Ыдырысовтың тиіндей зыр қағып жүгіріп жүретін мазасыздығын, Самат Жүнісовтің елгезектігін, қыздай сыпайылығын, Дәулетбек Мақашовтың баладай ақ көйлек аңқылдақ мінезін, Еркін Лұқпановтың бетің бар, жүзің бар демей тура және әділін айтатын бірбеткейлігін, Тілеуғабыл Байтұрсыновтың байсалды, ақ жарқын пейілін сағындым. Марқұм әріптес ағаларымның жатқан жері жайлы болып, жандары пейіште шалқысын деймін. Мақтадай жұмсақ мінезді Аман Жанғожин ағамның бір қатты ашуланғанын көрген емеспін. Айналасына шуағын шашып, езуге күлкі үйіртетін Серік Сексенов ағаның қазақы қалжыңы қандай керемет. Ержан Имаштың толғау, балладасы оқырманның жүрегінен жол тапты. Есеп бөлімін басқарған Фатима Аралова, Назгүл Құсайынова да кейде әзіл-қалжыңға араласып, журналист болып кеткендей. Газет жұмысының ең қайнаған ортасы компьютер мен корректорлар орталығы дер едім. Газеттің айшықты безендіріліп, сауатты шығуы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осы салада  быроймен қызмет еткен Күлзия, Қабира, Мәрия, Алтынгүл, Бақыт, Дәмкен, Ғалия, Күлилә, Марал сияқты әпкелерімнің еңбегі телегей теңіз десем, қателеспегенім. Кейін әпкелерінің орнын Ботагөз, Шынар, Жазира, Әйгерім сияқты жастар басты. Соңымнан ерген Болатбек Қауысов, Дәулетқали Асауов, Серік Сағынтай, Қамбар Ахметов, Ерсін Мұсабеков, Жанат Жаңқашұлы, Мирас Асан, Жәнібек Әлиман, Рауан Қабидолдин сияқты бауырларым мен Қызғалдақ Айтжанова, Ақмарал Баязитова, Жансая Омарбекова, Аяулым Совет атты сіңлілерімнің қоғамда және журналистика саласында алар асуы әлі алда деп білемін. Редакция құрамына кейін келіп қосылған Ахат Құрмансейітов те бірден журналистік біліктілігін танытты. Аудандардағы меншікті тілшілер – Оралбек Жүнісов, Амандық Рахұлы, Мақсым Омарбеков жергілікті жердегі жаңалықтарды жедел жіберіп жатты. Мақсым ағаның Семей полигонының зардаптары жөнінде жазған жанайқайы жақсы жадымда қалды. Оралбек аға қаламмен ғана емес, домбырамен де ән салып, отырыстың сәнін келтіретін. Жиырма жылдан астам Бас редактор болған Мағауия Сембайдан айырылып қалдық. Редакторым Мәкең өте кең адам еді. Жұмыс кабинетінде байланып отырғанды талап етпейтін. Бірден газет бетін ашып қарап, нендей дүние жазып жүргеніңді бақылайтын. Егер, газетте мақалаларың шығып жатса, «Қайда жүрсің?» деп орынсыз мазаламайтын еді. Мұнысы қарамағындағы қызметкерге сенім білдіргені деп ойлаймын. Бірде мынандай бір қызық оқиға болды. Мәдениет бөлімінің меңгерушісімін. Бұл бөлімнің ауқымы кең. Мәдениет, өнер, ғылым, білім, денсаулық, тіл салалары енеді. Бірде облыстық әкімшіліктегі жиналысқа жаңадан келген жас журналисті жұмсадым. Сөйтсе, ондағылар «Бұл – маңызды жиын, редактордың орынбасары немесе бөлім басшысы келсін» деп әлгі тілшімді қайтарып жіберіпті. Әлгі журналист жанталасып мені іздесе, жұмыс бөлмем жабық тұр. Ентігіп Бас редактор Мағауияға барып, мән-жайды баяндап, «Жұлдыз апай орнында жоқ» десе керек. Сөзін әбден тыңдап алып «Сол кемпірді жұмсап не қылайын деп едіңдер. Жассыңдар, шираңдар», – деп өзіне дүрсе қоя беріпті.

Бұл әңгіме құлағыма жеткен соң Мәкеңе барып, «Бар болғаны 45 жастамын, әлі кемпір емеспін», – деп өкпемді айтсам, «Енді сені тауып әкел деп жастардың алдында абыройыңды түсіремін бе? Кемпір болмасаң, боларсың бір күні» деп жауап бергенде, «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деп күліп жіберген едім. «Орталық Қазақстанның» қарашаңырағында 26 жыл қызмет еттім. 2016 жылдың тамыз айында елордаға қызметімді ауыстырып, өз еркіммен жұмыстан шықтым. Әлі күнге дейін редакцияның тыныс-тіршілігімен газет сайты, әлеуметтік желі арқылы танысып отырамын. Кешегі бауырларым – Қамбар Ахмет «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры, Ерсін Мұсабек «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы лауазымын абыроймен атқарып отырғаны мені қуантады. Қазақтың мықты мақасқалары қалам ұстаған, жақсылар мен жайсаңдардың ордасы болған баспасөздің байрағы желбірей берсін!

Жұлдыз ТОЙБЕК, ақын, Халықаралық «Мәдениет майталманы» медалінің иегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button