«Ortalyq Qazaqstan» газетіне – 90 жылБас тақырып

Арқа баспасөзінің Абызы

Арқадағы қазақ журналистикасының абызы атанған облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газеті – алып аймақтың айнасы. Қойынын кен кернеген, даласын рух тербеген Орталық Қазақстанның әр тарихи сәті газет бетіне қатталуда. Саттар Ерубаев, Бейімбет Майлин, Ғабиден Мұстафин, Ақселеу Сейдімбек, Рамазан Сағымбеков, Нұрмахан Оразбеков, Мағауия Сембай сынды сөз зергерлерінің ізі қалған қасиетті қарашаңырақ «Ortalyq Qazaqstan» және орыс тілінде жарық көретін «Индустриальная Караганда» газеті биыл торқалы 90 жасқа толып отыр. Іргелі екі басылымның ұжымы 90 жылдық мерейтойын облыстық С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ қатысуымен салтанатты түрде атап өтті. Жиында ақпарат саласының ардагерлері мен жас журналистер марапатталды. Бүгінде қос басылым – «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің қос қанатындай, заман ағымына сай, жаңа форматта түрленіп, аймаққа сапалы ақпарат тарату мен рухани-мәдени, экономикалық-өндірістік бағытта толымды сараптамалар ұсынып, ел дамуына сүбелі үлес қосып келеді.

Алдымен облыс әкімі Жеңіс Қасымбек бастаған кеш қонақтары театрдың бірінші қабатында қос газеттің тарихынан сыр шертетін тағылымды көрмемен танысты. Басылымдар 90 жыл бойы бұқара мен билік арасындағы алтын көпірге айналып, халықтың мұң-мұқтажын, қордаланған мәселесін көтерді. Дер кезінде оңтайлы шешілуіне себепкер болды. Ал, Тәуелсіздік алғанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бастамаларын насихаттап, Тәуелсіздіктің жаршысына айналды. Одан беріде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың егемен елімізді одан әрі жаңғырту жолындағы маңызды қадамдарына ақпараттық қолдау көрсетіп келеді. Мерейлі күнге орай қос газеттің ұжымына Президент Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошановтың, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның тарихы бай, дәстүрі берік, беделді басылымдардың мерейлі мерекесімен құттықтау хаты оқылды. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қаламгерлер қауымына шығармашылық табыс тіледі.

– Биыл Арқа төсіндегі байырғы басылымдар «Орталық Қазақстан» мен «Индустриальная Караганда» газеттеріне 90 жыл толып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Қос басылым ел мүддесіне қызмет етуде зор еңбек етті. Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы да мықты» деген сөзі бар. Отандық массмедианың беделі ел дамуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан да, ақпарат құралдарына жан-жақты қолдау көрсету – уақыт талабы. Облысымызда бұл бағытта атқарылып жатқан бірқатар істер бар. Оған өздеріңіз де куәсіздер. Жыл сайын сала үздіктеріне облыс әкімінің атынан арнайы сыйлығы беріліп келеді. Алдағы уақытта ашылатын «Қасым үйі» де руханияттың орталығына айналып, ол жерден Журналистер одағының филиалы өзінің орнын табады. Қалың оқырманы қалыптасқан екі газет бүгінде «Saryarqa аqparat» медиахолдингі құрамында жемісті қызмет етуде. Заманауи өзгер стерге ілескен газеттер жаңа форматқа ауысып, дизайн және мазмұндық тұрғыдан жаңарды. Интернетте де оқырмандарды сенімді ақпаратпен қамтып отыр. Ал, биылғы жылы қос газеттің «Алтын сұңқар» сыйлығын иеленуі – осынау еңбекке берілген шынайы баға, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, облыс әкімі қарағандылық журналистерге баспана алуға арнайы квота бөлінетінін мәлімдеді. «Облысымызда түрлі сала қызметкерлерін пәтермен қамту бойынша арнайы жобалар жүзеге асырылып жатыр. Алдағы 2022 жылдың басынан «Отбасы» банкімен бірге жастарды баспанамен қамту жобасы іске асыруды көздеп отырмыз», – деді облыс әкімі.

Аймақ журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосып, қаншама жас журналистің шыңдалуына себепкер болған «Ortalyq Qazaqstan» газетінің ардагер журналисі Аман Жанғожин, газет тілшісі Әлібек Әбдірашев, «Индустриальная Караганда» газетінің ардагері Андрей Пухальский «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағын иеленді.

– Қарағанды мен үшін қашан да ыстық. Үш ұлым осында өсті. Еңбек етіп, үлкен өмірге жолдама алдым. Алғаш рет шетелге Қарағандыда жүрген кезімде шыққан едім. Арқадағы қос басылым аймақтың ғана емес, республиканың журналистикасын дамытуда үлкен орын алады, – деді Қазақстан Журналистер одағының басқарма төрағасы Сейітқазы Матаев.

Одан соң Сейітқазы Бейсенғазыұлы аймақ журналистикасын өркендетудегі еңбегі үшін «Ortalyq Qazaqstan» газетінің Бас редакторы Ерсін Мұсабекті Қазақстан Журналистер одағының Алтын медалімен марапаттады. Сондай-ақ, дәл осындай медальға белгілі фототілші Валерий Петухов лайық деп танылды. Газеттің дамуына үлес қосып, ақпарат саласында еңбек етіп жүрген тілшілер қауымы да марапаттан құр алақан емес. Президент Әкімшілігі Басшысының Алғыс хатымен «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі Жансая Омарбек, «Индустриальная Караганда» басылымының тілшісі Светлана Свич марапатталса, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің ардагері Сүйіндік Жанысбайға, «Индустриальная Караганда» газетінің Бас редакторы Оксана Мягких пен «Ortalyq Qazaqstan» газеті Бас редакторының орынбасары Ілияс Мұқайға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Алғыс хатын «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бет қаттаушысы Шынар Адамбекова және «Индустриальная Караганда» басылымының тілшісі Самал Шиль иеленді.

Қарағанды облысының қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны және әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі мен мінсіз еңбегі үшін Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасы «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі, аға дизайнер-бет қаттаушы Марал Әйнековаға, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің ардагер журналисі Аман Жанғожинге, «Индустриальная Караганда» басылымының аға дизайнер-бет қаттаушысы Юрий Билушенкоға, «Индустриальная Караганда» басылымының тілшісі Әсел Жетпісбаева мен корректоры Бағдат Нұрмағамбетоваға табысталды.

Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушілері Жәлел Шалқар, Аяулым Совет және газет тілшісі Нұрдос Кәрім, «Индустриальная Караганда» басылымының дизайнер-бет қаттаушысы Дмитрий Мехаев марапатталды.

Жиында тұсауы кесілген «Орталықтың» мерейтойлық «Тоқсан жыл топта толғаған» кітабында газет ашылған сәттен бастап, бүгінге дейін танымал тұлғалардың жазған мақалалары топтастырылған. Тұсау кесу мәртебесі Алаштың айтулы ақыны Абзал Бөкен мен «Орталықтың» ардагері Серік Сексенұлына бұйырды.

Ал, «С юбилеем, Индустриалка!» жинағының лентасын басылымның ардагерлері Петр Жуковский мен Баян Ермағамбетова қиды. Осыдан соң Абзал Бөкен ағамыз «Орталыққа» арналған өлең оқыды.

Сондай-ақ, шарада осымен екінші рет бар ғұмырын «Орталыққа» арнаған Арқа баспасөзінің қаранары «Мағауия Сембай» атындағы журналистерді қолдау қоры ұйымдастырған «Мағауия Сембай» атындағы облыстық байқаудың жеңімпаздары анықталды.

«Орталықтың» ардагері, белгілі қаламгер Төлеубай Ермекбаев пен газеттің жауапты хатшысы, қаламы қарымды журналист Қызғалдақ Айтжанова жүлдені өзара бөлісті.

Байқау жеңімпаздарына қор атынан 300 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталды. Мағауия Сембайдың асыл жары, шырақшысы Мейраш тәтемізге ықылас гүлі тарту етілді.

Сондай-ақ, «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахмет қос газеттің жұмысы, жеткен жетістігін тілге тиек етіп, болашақтағы жоспарымен бөлісті.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button