«Орталыққа» құрмет – оқырманына құрмет

Советтік Қарағанды» газетімен сауат аштық. Қалай «Орталық Қазақстан» болғанын көзімізбен көрдік. Никита Хрущевтің есімін жақсы атамайтындар көп шығар. Бірақ, дәл осы біздің «Орталықтың» «Орталық Қазақстан» атануына сол патшаның себеп болғанын да айтайын. Бұрын дұп-дұрыс аттары бар «Советтік Қарағанды» және орысша «Социалистическая Караганда» болған екі облыстық газеттің де аты өзгеріп шыға келгенін қазіргі ұрпақ біле қоймас. Оларға қоса «Комсомолец Караганды» деген жастар газеті, «Теміртау жұмысшысы», «Балқаш жұмысшысы» деген қалалық газеттер болған.

Елдің патшасы бақилық болса, тақ таласы болатыны мәлім. Сталиннің қазасынан кейінгі таласта Никита Сергейұлы Хрущев патша болды. Дүниені астан-кестен қылды. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы ойран-топыр. Құрылу-тарату дегендер басталды. Хрущевтің ойлап тапқан жаңалығы – Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп біріне-бірі бөгет жасамасын. Бөлек басқарылсын!» болды. Бір облыс екіге жарылды. Ауыл шаруашылық обкомы, өнеркәсіп обкомы дегендер құрылды. Әр обкомның өз газеті болады. Өнеркәсіп обкомының «Индустриальная Караганда» және «Советтік Қарағанды» деген екі газеті, селолық обкомның «Центральный Казахстан» және «Орталық Қазақстан» деген газеттері болды. Тіпті, Шет ауданында орталығы Ақсу-Аюлы – селолық ауданы, орталығы Ақшатау кенті – өнеркәсіп ауданы дегендер болған.

Бұл жаңалықтар көпке бармады, «Хрущевтің жасағаны – волюнтариз, партияны екіге бөлуге болмайды» деп, 1963 жылғы 13 қарашада, патшамызды орнынан алып тастадық. Бәрі бұрынғы орнына келді. «Индустриальная Караганда» және «Орталық Қазақстан» қалды. Басқалары жабылды. «Советтігі» қайда кетті? «Орталығы» несі? деп сұраған жан болмады. Құлаққа жағымды, нағыз киіз туырлықты қазақтың газеті болып шыға келді. Партия айтты – бітті. Содан бері басқа облыстардың газеттері «Коммунизм…», «Ленин…», «Ильич…», «Социалистік…» болып жатқанда республикада «Орталық Қазақстан» деген қарапайым да қасиетті және ерекше аты бар газет пайда болды. Тіпті, газеттің шын мәніндегі заңды аталары (биологиялық әке-шешесі десе жарасады.-З.Т.) «Кедей сөзі», «Бостандық туы» ұмытылып қалды. Өйткені, «Советтік Қарағандының» өзі кезінде «Қарағанды пролетариаты» аталған, шахтерлердің шағын ғана газеті еді ғой. «Шахтерлер жер астынан көтеріліп келе жатқанда, шығар есікте күтіп тұрып, газетімізді жылыдай ұстата қоятынбыз», – деуші еді Қали Садықов деген ардагеріміз.

«Орталық Қазақстанға» көрсетілген құрмет – тек партияға, советке емес, Арқадағы хат-шот білетін қалың оқырман қазаққа көрсетілген құрмет. Тоқсан жылдың ішінде көз майын тауысып, ой қуатын да, бой қуатын да берген, қазіргіше айтқанда «жүйкесін тоздырған» қаламгерлердің бірнеше ұрпағына көрсетілген құрмет. Солардың ортасында өзіміз де бар екеніміз – бір тарих.

«Аузымен құс тістеген» деп айтуға тұрарлық, нелер дарынды жігіттер мен қыздардың қызықты өмірі «Орталықтың» шаңырағының астында өтті. Шығармашылық жағдайында, әрбір сөз үшін, әрбір үтір үшін қызыл кеңір[1]дек болып, көрместей керісетін азаматтар, былай шыға бере әзіліне әрекеті жарасып, жадырай жайнап жүре беретін. Бірін-бірі дауға берсе де жауға бермейтін журналист деген халықтың мінез-құлқы бөлек болады. Олар шетінен білімді, көреген келеді, сыншыл да міншіл келеді. Өйткені, көп оқиды, көп жазады, көп көреді, көп естиді. Өмір атты аласапыран дарияның ортасында, желмен жарысып, толқынмен алысып жүреді. Журналистің нашары болмайды. Орта қол-ау деген журналистің он жыл, жиырма жыл бұрын жазғанын қазір көрсең, таңдай қағасың. Ырза боласың. Қызыға қарайсың. Фактісіне, мазмұнына.

«Журналистика деген ғылым жоқ!» деді осыдан отыз жыл бұрын аусарлау бір інім. Жауап бермедім, «Неге?» деп сұрамадым. Бетіне қарадым да қойдым. «Хат танымайтын сорлы ғой. Аядым. Айтыңдаршы, осыдан 50-100-1000 жыл бұрын осы жерде қай оқиғаның қалай болғанын, болмағанын кейінгі ұрпаққа қай тарих, қай философия мен геометрия айтады? Қаратабан, жанкешті, кедей журналистің қаламына іліккені қалады. Басқасы ұмытылады. Журналист отырған жерде мен білемге салмаңыз, естелік айтпаңыз, сөзге таласпаңыз. Өйткені, ол бәрін біледі, не болғанын біледі, не боларын біледі. Оның білім алған жері – «Орталық Қазақстан». Мұндай газетте жұмыс істемек түгілі, оқырманы болудың өзі – бақыт!

Зарқын ТАЙШЫБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, редакцияның 1973-1988 жылдардағы екі бөлімнің меңгерушісі.