Орақ ойдағыдай
Биыл егілген дәнді дақылдар алқабы 993,2 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылғы деңгейден 73,3 мың гектарға артық (2022 жылы 919,9). Оның ішінде, бидай – 813 мың гектарға, арпа – 160 мың гектарға, сұлы – 13 мың гектар және жарма арпа – 6,4 мың гектарды құрайды. Ал, майлы дақылдар жалпы – 29,6 мың гектарға жетті. Ондағы 11 636 гектарға жуығы картоп болса, 1 321 гектары – көкөністер. Бұл туралы орақ маусымына дайындыққа қатысты өткен брифингте ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Сырым Бошпанов баяндады.
Биылғы қуаңшылық аймақты айналып өтпеді. Соған байланысты орақ науқанына да күдік әлі сейілген жоқ еді. Десек те, ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Сырым Бейсебайұлының мәліметінше, егін ойдағыдай және алаңдайтын негіз жоқ.
– Көкөністерден биыл картоп 1 909 гектар алқаптан жиналды. Бұл былтырға қарағанда әлдеқайда артық. Жалпы, 37,0 мың тонна картоп жиналды. Сондай-ақ, 248 гектар алқаптан 7,2 мың тонна көкөніс жиналды. Егін жинау науқанына 2 095 астық жинау және 76 бірлік картоп жинау комбайндары, сондай-ақ, 90 бірлік картоп қазғыш техника жұмылдырылды. Алдын ала болжам бойынша, барлық комбайндардың тәуліктік өнімділігі 43 мың гектар болғанда, егін жинау 24 күнтізбелік күнде іске асады, – деп атап өтті Сырым Бейсебайұлы.
Қолайлы ауа райы жағдайында егін және майлы дақылдарды жинауды қоса алғанда егін науқанын 30 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған көрінеді. Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін 21,2 мың тонна жанармай литрі 250 теңгеден сатып алынды. Бұл кәсіпкерлерге едәуір пайдасын тигізді.
Сырым Бошпановтың сөзіне сүйенсек, болашақта ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарының жыл сайынғы ұлғаюымен қатар минералды тыңайтқышты енгізу алқаптары және жоғары өнімді тұқымдар егілген алқаптардың аумағы едәуір көбеймек.
Осы жылы минералды тыңайтқыштарды қолдану алаңы 405 мың гектарға дейін ұлғайды. Оның жалпы ауданының үлес салмағы – 42 пайыз. Бүгінгі таңда минералды тыңайтқыштар алу үшін 33,2 мың тоннаға жаңа шарттар жасалған.
Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»