Бас тақырып

ONAY! шынымен оңай ма?

Қарағанды қаласында осы айдың басынан жолаушылар қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын ONAY! карталарының көмегімен төлей бастады. Әрине, жаңашылдық келгенде түрлі сұрақтар туындайтыны орынды. Біздің редакцияға да оқырмандардан бірнеше сауал түскен болатын…

Бұған дейін халықты үш жыл тосқызған SMART СARD енгізіле сала, «шетінеп» кеткен еді. Енді бұл кеңістікті ONAY! басты. Бұл жүйе халыққа шынымен оңай бола ма?

– Қарағандының автобус парктері ONAY! Алматы компаниясымен қызмет көрсету туралы шарт жасасты. Бұл компанияны таңдауға Алматыда жол ақысын электронды түрде төлеу жүйесі табысты енгізілуі түрткі болды. Біз жүйені енгізу мерзімдерін, төлеудің баламалы тәсілдерінің болуын, көлік карталарының теңгерімін бірден толықтыру мәселелерін зерделедік, – деген болатын жүйені таныстырған жиында қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Электронды жолақы төлеу жүйесі осы жылдың желтоқсан айында іске қосылды. Бұл ретте Қарағандыда сараланған тариф ақпан айынан бастап қолданыла бастайды. Егер ONAY! картасын пайдаланған кезде жол жүру құны 80 теңге болса, қолма-қол ақшамен төлеген кезде жолаушыларға 150 теңге төлеуге тура келеді.

Бұл жүйенің тағы да бір жаңалығы егер Алматы қаласына барсаңыз, қолыңыздағы ONAY! картасымен төлем жасай аласыз, немесе Алматыдан келген қонақтар да осы картаны Қарағанды автобустарында пайдалана береді.

Ал, ONAY! компаниясы көлік карталарының төрт түрін жүзеге асырады.

– Бұл – «Бірыңғай» барлық азаматтар үшін. «Әлеуметтік», оны 20-ға жуық жеңілдік санаттарға ие азаматтар пайдалана алады. Ол тегін беріледі. Және «Зейнеткер» картасы. Бұл картаны пайдаланушылар алатын зейнетақы мөлшері 21 АЕК-тен асатын зей- неткерлер болып табылады. Сондай-ақ, «7-15 жастағы балалар» картасы бар. Ол оқу орнында жауапты тұлғамен рәсімделеді және беріледі, – дейді Алматы қаласы Көлік холдингінің директоры Садир Хамраев.

Сонымен, бірыңғай картаның жол жүру ақысы – 80 теңге, зейнеткер картасы барларға – 50 теңге, ал, 7-15 жастағы балалар картасы барларға жол жүру құны 40 теңге болып бекітілді.

Пайдаланушылар ONAY! карталарын интернет-банкинг, өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары, сондай-ақ ONAY! мобильді қосымшасы арқылы да толықтыра алады. Автобустарда жол жүру ақысын бірнеше жолмен төлеуге болады. Карталарды пайдалану және толықтыру ережелері туралы толық ақпаратты ONAY.KZ сайтынан немесе компанияның байланыс орталығынан (8-7212) 50-60-50 нөмірі бойынша білуге болады.

– Бөгде компанияның көлік карталары бар (Smart Card) Қарағанды тұрғындары оларды біздің қызмет көрсету орталықтарымызда тегін айырбастай алады. Ол үшін өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз болуы және қайта шығару туралы өтініш толтыруыңыз қажет, – деп толықтырды Садир Хамраев.

Қарағанды қаласында жеңілдік карталарын ресімдеу және беру пункттері: Дүйсенбі-жұма күндері 9:00-ден 18:00-ге дейін: Коммунальная к-сі, 3, Назарбаев к-сі, 39, Магнитогорская к-сі, 19, «Молодежный» Мәдениет үйі, Кеншілер үйі, 24/2б, Халық банкі: Мануильский к-сі, 17а және осы күндері сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін «Таир» сауда үйі, Бұқар жырау к-сі, 88/2 ғим. «Раха» сауда үйі, С.Мұқанов к-сі, 9, «Ұмай» сауда үйі, Карл Маркс к-сі, 9 үйде жұмыс істейді.

ONAY! компаниясының баспасөз қызметінің айтуынша, 8 желтоқсаннан бастап «Горняктағы» пункт жұмысын тоқтатты. Осы жерде карталарды ресімдеген жолаушыларға дайын карталарды алу үшін Коммунальная көшесі, 3 мекенжайы бойынша ONAY! қызмет көрсету орталығына хабарласуы қажет. Сонымен қатар, 13 желтоқсаннан бастап Шахтерлер көшесі, 64 мекенжайы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйіндегі пункті жолаушыларды қабылдамайды. Дайын карталарды «Раха» сауда үйінен алуға болады.

Жеңілдігі бар жекелеген картаны алу үшін қарағандылықтар белгілі бір құжаттар топтамасын ұсынуы қажет. Әлеуметтік кар- та үшін Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөліміндегі реестрге тіркелуі керек немесе солардан әлеуметтік карта алуға жолдама болуы шарт. Зейнеткер картасы үшін – атаулы жекелеген жол жүру билеті немесе соңғы бірнеше айдағы зейнетақы мөлшері көрсетілген анықтама болуы қажет.

Негізі қалада сатылып жатқан карталардың құны – 500 теңге. Теңгерімде бір сапар ақысы болады.

Қарағандыда автобустар көбіне лық толы болады. Сол уақытта жолақысын қалай төлейміз деген жолаушылар өз қынжылысын білдіруде. «Автобус үнемі толып жүреді, тіпті таңертең және кешкі уақыттарда көлікке әзер мінеміз. Енді осындай жағдайда картамен ақша төлеу қиын ғой. Бұрынғыдай кондукторға ақша төлей алмайсың, ал өзіңнің картаңды біреуге ұстата салуға тағы қорқасың. Сондықтан автобусқа сыймай жүргенде, карта қиындау болар», – дейді қала тұрғыны Болат Базарбайұлы.

– Бұл, әрине уақытша нәрсе, ONAY! картасы Алматы қаласында іске қосылғанда да мұндай сұрақтар жиі қойылды. Бүгінгі күні онда бұл жүйе жақсы жұмыс істеп тұр, – дейді компания мамандары.

ONAY! картасын осы күнге дейін 100 мыңдай қала тұрғыны сатып алған. Тағы да бір айта кетерлігі бір картаны екі адам қолдана алмайды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button