Бас тақырыпЖаңалықтар

Омыртқаға эндоскопиялық ота жасалды

ПРОФЕССОР Х.МАҚАЖАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАРАҒАНДЫ ТРАВМАТОЛОГИЯ ЖӘНЕ ОРТОПЕДИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДӘРІГЕРЛЕРІ ОМЫРТҚАҒА ЭНДОСКОПИЯЛЫҚ ӘДІСПЕН ОТА ЖАСАУДЫ БАСТАДЫ. ТРАНСФОРАМИНАЛЬДІ ЭНДОСКОПИЯ ӘДІСІ – ОМЫРТҚААРАЛЫҚ ДИСКІСІ БИІК БОЛЫП КЕЛЕТІН ЕМДЕЛУШІЛЕР ҮШІН ӨТЕ ҚОЛАЙЛЫ.

Қарағандылық дәрігерлерге омыртқаға эндоскопиялық әдіспен ота жасауды Новосібір қаласының жоғары санатты нейрохирург дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Сергей Мишинов пен Қытай халықазаттық армиясының Әскериәуе әскери медициналық университеті жанындағы Tangdu ауруханасының профессоры Ванг Пенг үйретуде.

Екі күн өткен шеберлік сабақтарында клиникада трансфораминальды эндоскопия арқылы екі ота жасалды. Операция барысында емделушінің ішіне шағын тілік жасалу арқылы омыртқааралық дискіге өтіп, ондағы жарықты жояды. Сондай-ақ, бұл операция экструзия және омыртқааралық диск протрузия, стеноз және арқадағы ауырсыну синдромын емдеу үшін қолайлы.

 Бұрын мұндай оталар ашық немесе эндоскопиялық түрде, арқада тілік жасау арқылы жүзеге асырылатын. Міндетті түрде арқадағы бұлшық ет тілініп, жарадағы тігістер аса ауыр бітіп, емделуші айтарлықтай ұзақ уақыт емделетін.

– Әдетте операция ашық әдіс немесе тесу арқылы өтсе,қалпына келтіру үшін бір аптадан артық уақыт кетеді. Пациенттің бүйірінен тескен кезде, науқас екі күннен кейін шығарылады. Бірнеше сағаттан кейін де ота жасаған адамды үйіне жіберген тәжірибе бар. Жаңа әдіс бойынша адамдар процедурадан соң жеңіл қалыпқа келеді, – деді Х.Мақажанов атындағы клиниканың нейрохирургия орталығының меңгерушісі Ғабит Махамбаев.

Айта кеткен жөн, Х.Мақажанов атындағы клиникада омыртқааралық дискідегі жарықтарды жою бойынша жылына 300 ота жасалады. Келесі жылы олардың 50-ге жуығы жаңа әдіс бойынша жүзеге асырылмақ.

2020 жылдан бастап хирургиялық ем-шараның бұл түрі міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде қызметтер пакетіне енгізілмек. Сондай-ақ, ол қорға үнемі жарналар жасайтындар үшін тегін болады. Қазіргі таңда аталған оталар Нұр-Сұлтан, Алматы және Павлодар клиникаларында сәтті өткізілуде.

 Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button