«Қолда бар алтынның қадірі жоқ…»

   Шығыстағы көршіміз күнде бір «жаңалығымен» таң қалдырады. Қазіргіні «жұмыртқадан жүн қырыққан заман» десеңіз, олар сол жұмыртқаның өзін қолдан жасайды. Желіге таратқан бейнежазбаларынан білеміз.

Біздің елде де сондай «супер» туындыларымен танылып жатқандар бар. Қазыға түліктің ішмайын қосып айналдыратын.

Негізі, сапасыз өнімді «еееее, Қытайдың тауары болды ғой» деп айтуға тіліміз жаттығып алған. Дүкендегі немесе, базардағы әлдебір заттың бағасы арзан болса да, «қытайдыкі шығар» деп, мұрын тыжырайтамыз кейде. Әйтеуір, қытайлық өнім жайында әңгіме көп. Анекдоттың өзінде қара сымды қытайдың тістеуігімен бұрай саламыз.

Парадокс. Әлгіндей деп айтсақ та, Қытайда жасалған өнімнен қол үзбек емеспіз. Бас тарта да алмаймыз. Қажеттілік пен сұраныс бар, себебі. Тіпті, қалтасындағы тиын-тебеннің басын құраса, дәл сол елдің қара базарына асығатындарды жақсы білеміз. Бірі біздегі нарыққа өнім тасып, саудасын қыздырса, біреулер өзіне, өз отбасына ғана қажетті дүниелерін шақтап әкеледі. Олар тауар сапасына шағымданбайды.

Өзіміздегі сауда орындарына оралайық. Мысалы, әредікте автокөліктердің саймандарын сататын орындарға барамыз. Сатушылар «Сізге сайманның қымбаты керек пе, әлде қытайлық өнімді таңдайсыз ба?» деген сауалды көлденең тартады. Біреуі – бір-екі жыл көлемінде іске жараса, екіншісінің жарамдылығы жұмбақ. Аптаға жетпей, морт сынуы немесе істен шығып қалуы да әбден мүмкін. Өткенде Қарағандыдағы «Орбита» базарынан «Ниссан Максиманың» стартерін сұрастырдық. «Малайзияда, Жапонияда жасалғаны – 45000 теңге, қытайлығы – 20000 теңгенің көлемінде», – дейді сатушылар.

«Арзанның жілігі татыған ба?». Кәдімгі ұялы телефондар мен тұрмысқа қажетті техникалардың төңірегінде де – осы әңгіме. Қыз-келіншектердің түсіне кіретін тондардың да «қытайлығы» саудаға шыққан.

Бұрындары қытайдың етігі, қытайдың шамдары сияқты брендті тауарлардың болғанын үлкендерден естиміз. Майын тамызып, мақтауын асырып айтады.

Деректерге сүйенсек, Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы жыл санап артып келеді. 2013-2016 жылдары Қазақстан мен Қытай елдерінің арасындағы теміржол арқылы тасымалданған экспорт пен импорттың көлемі 1,35 миллион тоннаға жеткен. Өткен жылдың алғашқы жартысындағы бұл көрсеткіш 672 мың тоннаға тең.

Осындайда Ұлы Жібек жолы да ойға оралады. Шығыс пен Батыстың сауда-саттығын тоғыз жолдың торабындағы Қазақ даласы жалғаған. Мұның сыртында тарихи-мәдени байланыстың мол мұралары және бар.

«Отқа май құюдан» аулақпыз, күнделікті көріп жүргенімізді қағазға түсірдік. Екі ел арасындағы сауда-саттықты сынамақ емеспіз.

Тек, бар гәп өнімнің көшірмесін жасап тарататындарда сияқты. Олар тауардың сапасын қайтсін?! Қалтасына қаражат құйылса болғаны да…

Әлгінде қазыға ішмай қосып айналдыратын «қасқаларды» әңгімеге қостық. Бұл жайтты ғаламтор желісінен көрдік. «Тойдың дастарқанына қоямыз деп Балқаш қаласындағы жәрмеңкеден сатып алған қазымыздың түрі – мынау. Сиырдың ішмайын қосып айналдырыпты», – делінген бейнежазбада.

Қай бетімізді шымшимыз? Қазының қадірін қашырып, қаражат тапқанша, далада шіріп жатқан жүн мен теріні ұқсатсақ еді. Өзіңе де, елге де пайда. Іс ашамын дегенге Үкіметтің көмегі әне, қолбайлау болар кедергі жоқ.

Мысалы, 2015 жылы Ақтөбе облысында тері  өңдейтін  цех іске қосылды. Жоба құны – 150 миллион теңге болатын. Мемлекет тарапынан 14  миллион теңге көлемінде  жеңілдетілген несие алды құрылтайшылар. Әуел бастан 30-35 адамды жұмыспен қамтыған кәсіпорын қондырғылары айына 180 тонна теріні өңдеуге қауқарлы екен. Қандай игі бастама?!

Біз біреуге «Америка аш» деп отырған жоқпыз ғой. Әңгіме – қарапайым, қазақтың түптамыры – ауылмен, ауылдың өнімімен төркіндес. «Қолда бар алтынның қадірін білмей» қашанғы біреуге жалтақтаймыз? Тері демекші, түркиялық аяқ киім фирмалары бір ірі қараның терісін төрт-беске тіліп, жұқартады екен. Сонда, орта есеппен, бір сиырдың терісінен ондаған аяқ киім тігеді. Сол етіктің әр жұбы біздің нарықта кемі 20-25 мың теңгеден саудалануда. Біз бір теріні 1-2 мың теңгеге өткізе алсақ жақсы.

«Қайран жұрты…» Абайдың.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.