Бас тақырып

Ойын алаңының сапасы ойлантады

Бейқамдық сәтсіздікке бастайды. Әдетте біреудің немқұрайлылығы екіншісіне таяқ болып тиіп жатады. Мәселен, қатты желдің салдарынан Қарағандының ойын алаңында ойнап жүрген балалар жасанды көгалмен бірге ұшып кетіп, зардап шекті. Бұл оқыс оқиға біраз жайттың басын ашты. Оның негізгілері – жауапсыз басшы, балалар ойын алаңының сапасы, бала қауіпсіздігі мәселелері, т.б. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев аудан әкімі орынбасарын қызметінен босатып, тиісті мекемеге ойын алаңының қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды тапсырды.

Сурет автордан

Оқыс оқиға «Көгілдір тоғандар» шағын ауданында 19 маусым күні болды. Ойын алаңында жасанды көгал бекітілмегеннен, онда ойнап жүрген балаларды көгалмен қоса жел ұшырып әкетіп, сегіз жастағы бала бас жарақатын, тоғыз жастағы бала орташа ауыр жарақат алды. Қала әкімі Мейрам Қожухов бұл көгалдың әлі пайдалануға берілмегенін желідегі парақшасында жазды.

«Бұл жасанды көгалды жаюмен мердігер ұйым өткен аптадан бастап айналыса бастаған еді. Ол периметрі бойынша ғана бекітілген, бірақ пайдалануға берілмеген, себебі ойын элементтерін орнату керек болатын. Ата-аналардан осындай ауа райында балаларды қараусыз қалдырмауын сұраймын», – деді қала әкімі.

Көп ұзамай аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев осы оқиғаға қатысты Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің аулаларды абаттандыруға жауапты орынбасарын жұмыстан шығаруды талап етті. Сондай-ақ, тиісті мекемеге қалада қауіпсіздікті күшейту үшін абаттандыру ережелерін қайта қарау керектігі жөнінде тапсырма берді.

– Өткен аптада төтенше жағдай орын алды. Ересектердің немқұрайлылығынан екі бала зардап шекті. Мен бірнеше рет ескерттім және тағы да қайталаймын: ойын алаңдарында ең алдымен қауіпсіздікке мән беріңіздер! Футбол қақпалары мен сәулет нысандарын тексеріп, нығайтыңыздар, ештеңе құлап жатпауы керек. Мердігерлер асығыстық танытып, тезірек ақша алғысы келеді, ал кейбір әріптестеріміз бұған көз жұмады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев аппараттық кеңесте.

Ол қала әкіміне Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасарын жұмыстан шығаруды тапсырып, құқық қорғау органдарына мердігердің жауапкершілігіне құқықтық баға беруді сұрады.

Қарағанды қаласының тұрғындарымен кездесуде өңір басшысы аудан әкімдеріне ойын алаңдарына ревизия жасауды тапсырды.

– Тәуекелдерді анықтау керек. Балаларға қауіп төнсе, ойын алаңдарына демонтаж жасалу керек. Жақында Майқұдықта болған оқиғадағы нәтижені күтудің қажеті жоқ. Барлық мердігерлер қатаң бақылауға алынсын, – деп баса айтты Ермағанбет Бөлекпаев.

Әр ата-ана бауыр еті баласы үшін алаңдайды. Әсіресе, ойнайтын жері қауіпсіз болғаны маңыздырақ. Өйткені, бала ойынмен өседі.

Жел ұшырып әкетіп, жерге соғылып, ауыр жарақат алған балалар күні кеше ауруханадан емделіп шықты.

– Балалар жаз мезгілінде көбінесе далада ойнайды. Көзден таса қалдыруға қорқамыз. Жазым деген аяқ асты. Күні кеше газонмен бірге ойнап жүрген баланы жел ұшырып әкеткен оқиғаны естіп, ата-аналар алаңдап қалды. Кейін салынған ойын алаңдарының сапасы мәз емес екенін көзіміз көріп жүр. Балаларымыз ойнайтын жер тура жолдың жиегінде. Ойнап жүріп, жолға шығып кете ме деп алаңдаймыз. Ойын алаңы ескілеу, дегенмен, балалар үшін қауіпсіз, – дейді қаладағы Карл Маркс көшесінің тұрғыны Гүлзахан Жылкелдіқызы.

Қала ішінде тозығы жеткен ойын алаңдары көп. Қарағанды қалалық мәслихатының депутаттары өткен аптада қаладағы бірнеше балалар ойнайтын алаңды аралап шықты. Қарағандыдағы Перронная, Вагонная, Защитная көшесіндегі балалар ойын алаңының кемшіліктерін көріп, бұл мәселелерді шешу жолдарын талқылады.

Ал, Қазыбек би ауданындағы аудан әкімдігінің жоспарлау және абаттандыру бөлімінің басшысы Нариман Иткарин ойын алаңдарының сапалы болуына тұрғындар жауапкершілікпен қарауы керек дейді.

– Биыл Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы бойынша 15 аула абаттандырылды. Бұдан басқа, асфальт төселіп, бордюрлер қойылады, екі спорт корты салынады. Алаңдарды бақылауға келер болсақ, мердігерлер жіберген кемшіліктер ескеріледі. Тұрғындар ойын алаңына жауапсыз қарайды. Салдарынан жабдықтар сынады. Тұрғындар осыны ескерсе дейміз, – дейді Нариман Иткарин.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button