Жаңалықтар

ОФИЦЕР ЖҰМАШЕВ (очерк)

1945 жылдың 25 наурызы. Кескілескен ұрыста Кеңес жасақтары басымдық алды. №141 Киев Қызылту орденді Богдан Хмельницкий атқыштар дивизиясы барын салды. Батыс Левиданың Грон өзеніндегі неміс қорғанын бұзу оңайға соқпағаны анық. Командир Темірғали Жұмашев шешуші сәтті пайдаға асыруды байыппен ойланды. Айқастан көздеріне қан толған взвод солдаттарына сынай қарады да әнтек қабағын керді. Блиндажда отырған серіктеріне:
– Бізде уақыт аз. Жаудың траншеяларын қалайда басып алсақ, күш біздікі, – деді картаға қарындашының ұшын тигізіп.
— Жолдас командир, солдаттар шаршады, көмек әлі келмеді. Ас-ауқат та тапшы. Жауынгерлердің көңілі сынық. Біз оларға рух беру үшін нендей шара қолданатынымызды ойластыруымыз керек. Психологиялық дағдарысқа түскен сарбаздарды оята аламыз ба, — деген сержанттың сөзін Жұмашев келтесінен қиды.
— Халық маған оларды тапсырғанда «еті сенікі, сүйегі менікі» демеп пе еді? Отставить! Не деп тұрсыңдар. Қысқасы бір жұмада жаудың қамалын бұзамыз. Әскери операция «Бес күн» деп аталады. Сарбаздарды үш топқа бөліңдер. Біз дәп ортада боламыз, – деп үстел үстіндегі күрең шайдан бір ұрттап қойды.
Ұрыс. Көздеген траншеяларды басып алу мүмкіндігі туды. Бұл – сол жылы сәуірдің бірінші жұлдызы еді. Шепте тұрған бес неміс пулеметшісі көздеп атқан оқтан қалпақтай ұшты. Қалған 14-15 шақтысының ыңырсыған дауыстары аспан астын азан-қазан қылғандай. Осы картинаны көрген қалғандары жан сауғалап, әлгі жаралылар мен қолдарындағы үш пулеметті де тастай қашты. Көп ұзамай жау өзенге қарай ауысып шабуылды бастап еді, командир Жұмашев сол қапталдағы бөлікке команда берді. Бұғып жатып тынығып алған Кеңес солдаттары оқты қарша боратты. «Енді естерін жиғызбау керек» деген ой. Енді естерін жиса, сытылып кететінін сезген ол дереу төбе көрсетіп «Отан үшін! Алға!» деген қысқа ұран тастады да өзі алғы шептен жүгіре жөнелді. Басшысынан мұндай шалт қимылды күтпеген өзгелері жапа тармағай «Урра! Отан үшін!» деген ұрандармен лап қойды.

♦ ♦ ♦

Темірғали әскерін сапқа қайта тұрғызды.
«Жолдастар, тойтарыс тегеуірінді болды. Дұшпанның ротасы күйреп тынды. 22 гитлершінің жаны жаһаннамға кеткен екен. 7-і қолда. 3 станок және 1 қол пулеметі жарамды күйде тәркіленді. Қазір біздер Ваг өзенінің батыс жағалауындағы неміс қорғанысына иелік еттік. Бұл соғыс стратегиясында өте маңызды. Осы арқылы біз ендігі жаяу сарбаздардың қатерлі өткелден мүдірмей өтіп, жау шебіне атой салуына көмек қылдық! Енді аз-кем аялдаудан соң біздің нысанамыз Малацки шаһары болмақ! Ел сенімін ақтағандарыңыз үшін, бәріңізге алғыс жариялаймын. Ура!», – деп сөзін тыя қойды.
Командир ендігі әрекеттерді блиндаждағы картасына тесіліп, ұзақ ойланды. «Біз мылтық ұстап, соңына овчарка ерткендерді сабасына қалай түсірсек екен. Осы жолы тактиканы ауыстыру керек. Біз осы жолы гранатаның күшін пайдаланамыз» деп ішкі ойын бір түйіп қойды.
Қырық бестің бесінші сәуірі. Взвод граната жаудырып жау адымын алдыға бастырмай қойды. Қорғаныста отырған фрицтер қайтерін білмей дағдарды. Алағай шақты пайдаланған қызыл әскер 9 немістің көзін құртып 15-ін қолға түсірді. Командир Жұмашев аңысын аңдып өзі 3 фрицті тірідей олжалады.

♦ ♦ ♦

– Жолдас Жуков, біздің батыстағы әскеріміз қанжығасын қанды қылды. Малацки қаласы бізде! Осыны жеткізуге рұқсат етіңіз, – деді майор Кузнецов телефон тұтқасына.
– Жолдас Кузнецов, құттықтаймын. Біз әрі қарай өте алуымызға сенімдісіз бе, – деген маршал даусы естілді ар жақтан.
– Командир Жұмашевтің взводы сенімді ақтады. Бірақ, адам шығыны да жоқ емес. Меніңше, олар ептеп ес жиып алуы керек. Жұмашевтің тактикасы Рокоссовский командасынан өзгерек. Олар қолдағы бар мүмкіндіктерді сараптап алып, солдат жанын үнемдеп қана қоймай дала мен кеңістікті шебер қолданады. Қанша айтқанмен азиаттардың ұрыс өнеріне тамсануға болады.
— Поздравляю! Бұл жерде командиріңіз кәнігі секілді. Естуімше тірідей тұтқын олжалаудың шебері екен. Командир Жұмашевті не істейміз, жолдас майор?
— Жуков жолдас, Жұмашевті өзге фронтқа жіберуге қарсымын. Үйренген жерінде жалғастыра берсін. Оны Мәскеуге алдырып, ІІ дәрежелі «Отан» наградасына ұсыныс хат жазамын.
– Сіздің сөзіңізбен келіспеуге болмас, мен ұсынысыңызды қабылдаған бетте Калинин мен Сталин жолдасқа хабарлаймын, – деп соғыс маршалы телефон тұтқасын қоя салды.

♦ ♦ ♦

Арада біраз уақыт өтіп, Берлин алынған соң Темірғали Жұмашев елге офицер шенімен оралды. «Ерлігі үшін» медалінің иегері атанды. Бұған қоса ІІ дәрежелі «Отан» орденін де еншіге қосыңыз. Сонымен, соғыс бітті. Туған жеріне оралған офицер 1951 жылы Семейдегі Н.Крупская атындағы «Әдебиет-Литература» факультетін тәмәмдап ұстаздық жолын жалғастырды. Әу баста орыс тілінен сабақ берген ол кейінірек завуч, одан соң Егіндібұлақ ауданы, Арқалық совхозы, Шөптікөл бөлімшесінде мектеп директоры болып қызмет атқарды. Өмірлік жары Қазиза Мұздыбаева да соноу бір зобалаң жылдарда тыл майдангері болған. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың соғыстың 55 жылдығына орай ардагер марапат қағазымен марапатталды. «Ветеран войны» естелік значогінің иегері. Жарымен бірлесе жүріп ұрпақ сүйді. Шәкірт тәрбиеледі. Мағыналы ғұмыр кешті. Десек те, соғыс майданында жеті рет жараланған сарбаздың денсаулығы сыр берді. Елдің қамын ойлаған асыл ер 1967 жылы 47 жасында дүниеден озды.
Бұл азамат Алашқа әйгілі ақын Тұрсын Жұмаштың әкесі еді…

Қанағат ЖҰМАШЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button