Басты тақырыпОблыс әкімі
Облыста – жаңа басшы
Қарағанды облысының әкімі лауазымына Ерлан ҚОШАНОВ тағайындалды. Жаңа әкімді облыс активімен өткен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңес барысында ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ таныстырды.
- – Бұған дейін Қарағанды облысының әкімі қызметін атқарған Нұрмұхамбет Әбдібеков Есеп комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Мен мәслихатқа Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсындым. Ол – қарағандылық. Түрлі лауазымдарда қызмет атқарған. Оның тәжірибесі Қарағанды облысындағы проблемалар мен мәселелерді оң шешуге көмектеседі деп үміттенемін. Депутаттар келісімін берді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
- Елбасы кеңес отырысында аймақтың экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіштеріне тоқталды.
- – Егемендік жылдары өңірдің экономикасы 23 есе өсті. Индустрияландыру бағдарламасының 72 нысаны іске қосылды. Облысқа соңғы бес жылда 1,7 триллион теңге инвестиция салынды. Апатты жағдайдағы мектептер проблемасы жойылып, үш ауысыммен білім беру мәселесі шешілуде. Жол картасы аясында 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, – деді Президент өз сөзінде.
- Сонымен қатар, кездесуде Мемлекет басшысы саяси реформаларға ерекше назар аударды. Атқарылуы тиіс бірқатар өзекті міндеттерге тоқталды.
- – Шетелдік инвестиция көлемін арттыру үшін елде қолайлы ахуал қалыптасуы қажет. Дүниежүзілік банк рейтингінің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» критерийі бойынша Қазақстан 35-орында. Мұны жақсы көрсеткіш деп айтуға болады. Десек те, алдымен аймақтардағы жұмыстарды ширата түсу қажет. Осы мақсатта бизнес жүргізу жеңілдігі критерийі бойынша облыстардың арнаулы рейтингі жасақталады. Соған сәйкес, жыл сайын Индустрияландыру күнінде арнайы сыйлық табыс ететін боламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
- Бұдан бөлек, Президент кәсіпкерлікті өркендету, мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту, ауыл шаруашылығын субсидиялау, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру, өндірілетін өнімдегі қазақстандық үлесті арттыру туралы сөз қозғады. Отандық ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесе отырып өнеркәсіп секторын инновациялық тұрғыдан дамыту шараларына назар аударды.
- Кездесу соңында Мемлекет басшысы Нұрмұхамбет Әбдібековке жұмысы үшін ризашылығын білдіріп, жаңа қызметте сәттілік тіледі. Өз кезегінде Ерлан Қошанов өзіне білдірілген зор сенімі үшін Президентке алғысын жеткізіп, Елбасы сенімін ақтауға уәде берді. Сондай-ақ, Елбасы мен халық алдында салтанатты түрде ант қабылдады.
- Ерлан Жақанұлы ҚОШАНОВ 1962 жылы Қарағанды облысында туған.
- 1984 жылы Қарағанды политехникалық институтын тәмамдаған.
- 1999 жылы – Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
- Институттан кейін Жезқазған тау-кен металлургия комбинатының кен байыту фабрикасында слесарь, шебер болып жұмыс істеген.
- 1988-1990 жж. – ҚЛКЖО Жезғазқан облыстық комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі.
- 1990-1995 жж. – Жезқазған облыстық сыртқы-экономикалық байланыс комитетінің жетекшісі, бас маманы, бөлім бастығы, төрағаның орынбасары, төрағасы.
- 1995 ж. – Жезқазған облыстық сыртқы-экономикалық байланыс комитетінің төрағасы.
- 1995-1999 жж. – ҚР Парламенті Сенатының депутаты.
- 1999-2001 жж. – ҚР Парламентіндегі ҚР Үкіметінің өкілі.
- 2001-2003 жж. – ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары – ҚР Парламентіндегі ҚР Үкіметінің өкілі.
- 2003-2006 жж. – ҚР Көлік және коммуникациялар вице-министрі.
- 2006-2007 жж. – ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің азаматтық авиация комитетінің төрағасы.
- 2007-2012 жж. – ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі басшысының орынбасары – ҚР Үкіметінің Парламент Мәжілісіндегі өкілі, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары – ҚР Парламентіндегі ҚР Үкіметінің өкілі.
- 2012 жылдың 2 ақпанында ҚР Үкіметінің қаулысымен ҚР Премьер-министрі кеңсесінің басшысы болып тағайындалды.
- «Парасат» (2013), «Құрмет» (2007) ордендерінің иегері, мерейтойлық медальдармен марапатталған.
- Қазақ, орыс және неміс тілдерін меңгерген.
Өз тілшімізден.
Сурет интернеттен алынды.