Облыстағы үздік жасақ
Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бастамасымен қоршаған ортаны қорғау және оны көгалдандыру әрі жастарды жұмыспен қамту мақсатында 2005 жылдан бастап қолға алынған «Жасыл ел» бағдарламасы бұл күнде қарқынмен жүзеге асуда. Қарқаралы ауданындағы «Жасыл ел» еңбек жасағы туған жер табиғатын түлетуде, оны қорғап, сақтауда зор еңбек сіңіруде.
Ауқымды еңбек нәтижесінде жасақ сарбаздары облыстағы «Үздік Жасыл Ел штабы» атағын жеңіп алды.
Аталмыш жұмыстарды аудандық жастар ресурстық орталығы мен Қарқаралы ұлттық табиғи паркі бірлесе отырып, жүйелі түрде қолға алған.
Бірлескен жұмыстың нәтижесінде, Жартас және Қаратоқа аумағындағы көктем мезгілінде отырғызылған қарағай көшеттерін күтіп, баптау жұмыстары жүргізілді. Бағдарламаға 35 сарбаз қатысты.
«Бұл – жай ғана экологиялық шара емес, терең өмірлік мәні бар, аса маңызды шаруа. Жасыл ел дегеніміз – Мәңгілік ел. Біз елімізді жапырағы қуармайтын, тамыры суалмайтын, көрген жан тамсанбай тұра алмайтын мәңгілік жасыл елге айналдыруымыз керек. Кейінгі ұрпаққа желде ық, суықта пана, ыстықта сая болатын мәңгілік бәйтерек тұрпатты «Жасыл елді» табыстауымыз керек», – деп Елбасы айтқандай, аудан жастары әсем табиғатымызды сақтауда ерекше сүйіспеншілікпен еңбек сіңіруде. Жалпы, бағдарлама аясында жұмысты өз деңгейінде дұрыс ұйымдастырып отырған ұлттық парк директоры Ерлан Құтпанбаев пен жастар орталығының басшысы Асылан Рахымбергеновтердің еңбегі өз алдына бір төбе.
«Таза болса маңымыз, сау болады тәніміз» дегендей, аудандағы «Жасыл ел» штабының жасақшылары қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза тұруына, өз септіктерін тигізіп, тазалық барысында игілікті істердің үлгісі болуда.
Сағыныш ӘБІЛОВА
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.