ҚарқаралыАймақБас тақырып

Айнабұлақ және Айрық ауылдарында жаңа өрт сөндіру бекеттері ашылды

Қарқаралы ауданының Айнабұлақ және Айрық ауылдарында жаңа өрт сөндіру бекеттері ашылды. Өңірдің әкімшілік орталығынан шалғайда орналасқан бұл ауылдық округтерді тілсіз жаудан қорғау үшін өрт сөндіру бекеттері аса қажет еді. Жаңа нысандардың іске қосылуы жырақта жатқан елді мекендерде өрт қауіпсіздігін күшейтіп, төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Енді ғана пайдалануға берілген нысандар диспетчерлік бөлмемен, жатын орынмен, ас үймен, қоймамен және гаражбен жабдықталған. Жаңа бекеттер ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өрт оқиғалары орын алған жағдайда жедел әрекет етуге, шағын өрт ошағын ауыздықтауға қабілетті болады.

Өрт сөндіру бекеттерінің салтанатты ашылу рәсімінде облыстағы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев пен аудан әкімі Саят Мусин қатысты.

Олар ауыл тұрғындарын жаңа нысандардың іске қосылуымен құттықтап, елді мекен тұрғындарының қауіпсіздігі үшін бекет қызметінің маңыздылығын атап өтті

– Бұл – ең алдымен, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған игі бастама. Жаңа бекеттің іске қосылуы төтенше жағдай орын алған кезде, өртке қарсы дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді, – деді аудан әкімі.

Қос ауылдың ақсақалдары: Абай аулының тұрғыны Айтқазы Ахметов пен Айрық аулының тұрғыны Айтқали Фазылов  жаңадан бой көтерген және өздері үшін қажетті нысандардың ашылуына жерлестері атынан ризашылық білдіріп, игілікті іске бастамашы болған азаматтарға ақ батасын жаудырды.

Өрт сөндіру бекеттерінің ашылу салтанаты кезінде облыстың төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев Қарқаралы  ауданында жаңа өрт сөндіру бекеттерін салуға қолдау көрсеткен және қызметтік міндеттерін адал атқарған аудан әкімі Саят Мусинге «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыс етті.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Сондай-ақ, нысандар орналасқан Абай және Мәди ауылдық округтердің әкімдері Рүстем Тақтанов пен Бек-Арыс Райым Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button