Оқырман отбасы анықталды
Қоғамда кітап оқу дәстүрін қайта жаңғыртып, отбасылық құндылыққа айналдыру мақсатында қолға алынған «Бір отбасы – бір кітап» облыстық акциясы дәстүрге айналды. Шара аясында «Оқырман отбасы» байқауының ақтық кезеңі өтті. 500-ге жуық көрермен тамашалаған байқауда үлгілі отбасылар анықталды.
Байқау отбасындағы кітап оқу дәстүрін қайта жаңғыртты. Оқырман отбасылардың жан-дүниесіне рухани ізгілік қалыптастырып, оқу мәдениетін дамытты. Кітап оқуға құштар отбасылар анықталып, көптің қошеметіне бөленді. Жастардың кітапқа оқуға деген ықыласы байқалды.
«Оқырман отбасы» байқауының ақтық кезеңіне 15 отбасы өтті. Олар «Сахналық қойылым» және «Фотогалерея» бағыты бойынша бақ сынады. «Сахналық қойылымда» отбасылар 5 минут ішінде таңдаған шығармалары бойынша сахналық қойылым көрсетті. Бейне және музыкалық сүйемелдеу алдын ала дайындалып, костюмдер мен реквизиттер шығарманың мазмұнына сәйкес келді. Қойылым соңында міндетті түрде тәрбиелік мағына беретін қорытынды көрініс шығару керек болғандықтан әр отбасы бұл аталымға барын салды. Шығармашылық тапсырмадан тұратын «Фотогалерея» бағытында әр отбасы кітап оқумен байланысты галерея дайындады.
– Біз – кітап оқып өскен буынның өкіліміз. Бала кезімізде кітап оқу замандастарымыз үшін шынымен де, отбасылық дәстүр болатын. Кітап атты сиқырлы әлем баурап алып, ата-анамызбен қоса тәрбиеледі. Қиялдадық, армандадық. Кітап кейіпкеріне ұқсағымыз келді. Кітап арқылы сөз төркінін таныдық. Біздің буын керегін кітаптан іздейді. Кітапты жанына жақын көреді. Кітаппен сырласады.
«Оқырман отбасы» байқауы арқылы жастардың кітапқа оқуға деген ықыласын байқадым. Жұмыстан қолы тимей, қолы тисе де, ұялы телефонын қимай, қонақжай қазақтың той-томалағынан қолы босамайтын ата-ананың кітап оқуға бет бұрғанын байқадым. Отбасында кітап оқылса, тәрбие түзеліп, мейірімге шөлдеген бала ата-анамен қауышады, – деді облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы тіл орталығының бөлім меңгерушісі Жұпар Жақан.
Фотосуреттердің саны мен форматын, сондай-ақ, отбасылық фотогалереяның жалпы формасы мен идеясын қатысушылар өздері анықтапты. Байқаудың ақтық кезеңіне ең жоғары ұпай жинаған аудан, қала және мамандандырылған мектеп-лицей-интернаттарынан 14 отбасы қатысты. Бас жүлдені Н.Нұрмақов атындағы мектеп атынан шыққан Тәжібаевтар отбасы иеленді. Ал, жүлделі І орынды Шет ауданының Бекжановтар отбасы жеңіп алды.
Балқаш қаласынан келген Қадырғалиевтар әулеті «Көңілді отбасы» атанса, Бұқар жырау ауданынан келген Қазар отбасы «Шығармашыл отбасы» атанды. Қарқаралы, Абай ауданының отбасылары белгілі аталымдармен марапатталды.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz