Руханият

Қоңыр үн

Кездессем ұрлана қараймын,
Асаудай тулайды жас жүрек.
Мен сені жаныма балаймын,
Сен үшін менде бар бір тілек…
«Жас қалам»

Алыста қалған сағым жылдарымыз көз алдымызға елес­тесе болды, құлағымызға Қорабайдың қоңыр үні келеді. «Гитараның мұңды үні, Құрбы қыздың күлкісінің сыңғыры, Ештеңе әсер етпейді, Менен жырақ кет мейлі…», – деп біздің қатарласымыз, ақын Гүлбаһрам Жебесінова жырлағандай, оның әсері бөлек-ті. Теңіз жағасындағы ауылға тұтқасын кемпірауызбен бұрап, төбесінен тоқпақтап ұрып көретін томпақ телевизор әлі келе қоймаған кез. Сондықтан ертелі-кеш Қорабай ағам қазақ радиосынан бар дауысымен аңыратады да жатады. Қорабай «Жас қаламға» басқанда мәужіреген әжелеріміздің жанары жасаурайды. Қабағы қатты әкелеріміздің жүрегі жібиді. Екі-үш үйдің арасында тәпішкісін сүйретіп, бұраңдап билеп жүретін әпкелеріміздің жүзіне қан жүгіреді. Әншейінде бір шаруаға кіріскен құрлы бәлсініп бітетін жеңгелеріміздің де жүрісі ширап, қимылы жылдамдаңқырап кетеді. Соған қарап бала болсам да, Қорабайдың қоңыр дауысы біздің Қаратереңнің қозғалысы баяу жұртына генератор секілді өзгеше күш беретінін байқап қаламын.

Қорабай барша көрерменнің алдында бақырып-шақырып бірер жыл жүріп, сахнадан жылыстай жөнелетін бүгінгі кейбір әншілер секілді қара үзіп кеткен жоқ. Оның әсем дауысы, әсерлі сазы біздің ауылды талай жыл баурап тұрды. Қорабайдың қоңыр үнімен ағаларымыз ер жетті. Әпкелеріміз бой жетті. Қоңыр үнмен біз де есейдік. Жасыратыны жоқ, кейде үйдегі үлкендердің «Әй, көксоққан, Қорабайды тыңдай бергенше, қораны тазаласаңшы», – дегенін де естіп өстік. Қораны да тазалап, Қорабайды да тыңдап жүріп, мұртымыз тебіндеген бозбалаға айналдық. Бозбалаға айналған соң, бойжеткеннің қорасына көз салдық. Сол кезде Қорабайдың әдемі әуені бұрынғыдан да сазды, бұрынғыдан да сиқырлы бола түсті.

Жыр алыбы Жамбыл көкем «Менің пі­рім – Сүйінбай» деп толғаса, сол тұстағы біз­дің піріміз де, іріміз де Қорабай еді. Жатып-ақ «Жас қаламды» жаттадық. Жаппай гитара үйрендік. Қорабайға еліктеп ән салдық. Бірақ жақсы әнші де, жөнді гитаршы да шықпады бізден. Гитаршы болғаннан гөрі итаршы болған оңайлау секілді көрінді. Өйткені, бойымызда таланттан басқаның бәрі бар еді…

«Жас қаламның» сөзін Қорабай Есеновтің өзі жазды ма, әлде кейін айтылып жүргендей, Алтайдың арғы жағынан келген мәтін бе, онда біздің шаруамыз шамалы-тын. «Дүние де өзі, мал да өзі…» деп Абай атам айтқандай, бағана басындағы радионың қара шанағынан саз саулатып тұратын Қорабайдан басқа ешкімді көзіміз көрмейтін еді. «Мәтін де өзі, мән де өзі, Әуен де өзі, ән де өзі, Сәулет те өзі, сән де өзі…» еді менің Қорабай ағам… Оның қоңыр дауысы алыс-жақында жүргеннің бәрін кешкі клубтың алдына жіпсіз байлайтын. Кеудесіне желік кірген қыз-жігіт Қорабайдың әуезді әуеніне ілесіп, «алаулап күн батса, қырды асып» кететін. «Айтатұғын аузынан сөзі қашып, Бозбала тұр өзі аңқау, өзі ғашық. Қақпа алдында қонаққа еті үйренген, Қара төбет қарайды көзін ашып» деп жырлаған Қадыр ақынның кейіпкері көрші үйдің ауласына өзін жетектеп әкелетін батылдықты Қорабайдың әнінен алар еді. Ұлылардың рухы кешірсін, біз «Майраның әні», «Әміренің әні» дегенді дәл өз заманымыздағы «Қорабайдың әні» дегендей, жүрекпен сезініп айта алмаған сияқтымыз.

Х-о-о-ош, сол Қорабайды өмірімізде көрмеппіз. Көргіміз келген адамның бірі сол еді, әрине. Кездесетінімізге шүбәміз болған жоқ. Несі бар, ертең мектеп бітіріп, алып-ұшып Алматыға жетіп бармаймыз ба? Сонда ол Қорабайың Алатаудың етегінде гитарасын арқалап жүрмей ме? Біріншіден, Қорабайды күндіз-түні сахнадан шықпайтын, гитарасын жастанып, микрофонын қолтығына қысып ұйықтайтын кәсіби әнші деп ойлаппыз. Екіншіден, әнші атаулының бәрі Алматыда тұрады ғой деп қапысыз сеніппіз. Жоқ олай емес екен. Алатаудың етегінде алғашқы қыстайтын жылы «Ау, Қорабайларыңды көрсетсеңдерші», – десек, Жезқазған жақтың жаны жайсаң жігіттері жымың-жымың етеді. Сөйтсек, Қорабай Есенов өнерге бір бүйірден қосылған, бірақ ешкімге есесін жібермеген өзге саланың маманы екен. Ол тіпті ару Алматының да тұрғыны емес көрінеді. Оның үстіне Қарағанды өңіріндегі үлкен бір мекеменің бастығы дейді. «Е-е-е…» – дедік. Жастық пен бастық ұғымдары онша қабыспайтын заман… Содан қайтып Қорабайды іздемедік. Тек сыртынан амандығына тілеулес болдық та жүрдік. Есесіне «Жас қаламнан» ажырамадық. Әлі күнге дейін ыңылдап айтып жүреміз. Себебі, жылдарды жалғаған «Жас қалам» біздің жалаулы жастығымыздың берекелі бойтұмары-тұғын… Ал әдемі әуенімен бала көңілімізді алақұйын еткен Қорабай ағаммен күні бүгінге дейін кездесудің сәті түскен жоқ. Түсер бір күні… Ештен кеш жақсы…

* * *
Бүгін қазақтың аса дарынды перзенті, дара дауысты теңдессіз әнші Қорабай Есенов 75 жасқа толды! Туған күніңіз құтты болсын, аға!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button