Поэзия

«Оқ ұшына жан келіп…»

Люблю хулиганские строки…”

(Юнна Мориц)

Оқ ұшына жан келіп іліккенде,

Әзәзілден періште үріккенде –

Мағжан керек болған-ды біз секілді

Бүйректейін бөлінген түріктерге.

Қара бұлт та қаға алмай

бір қанатын,

Жасындардан жасқанып,

бұлтаратын –

Біз сықылды жасқаншақ,

жуас жұртқа

Қасымдайын керек-ті

Бунтар-Ақын!

Күн шықпаса ғаламда нұр бола ма,

Гүлдер көктеп, бұтақтар бүр

жара ма?

Әр толқыны тасқынның –

бір-бір өлең,

Жылап аққан суларда жыр

бола ма?!.

Қыс болмаса, ғаламды қар ала ма,

Шөлге айналып кетпей ме

бара-бара?

Жасын менен жауыны

соқпай қалса,

Жаһан шаң мен кірінен

жаңара ма?!

Тереңіне ұлтының бойлаттырған,

Ұзақ уақыт қыстығып, бойды

ап – тынған;

Поэзия –

Алланың найзағайы,

Аспанында Алаштың ойнап тұрған!

Тәңірінің тезі ғой – тентек өлең,

Елжіретші еліңді, еркем, ерен;

Қазақ деген халықтың кенже

ұлындай,

Тізесінде әженің еркелеген!

Қырт пен құртқа қайдағы

қол ұсынбай,

Сөйлеші, Ақын, адамның

қорысынбай!

…Тентектері қоғамын тезге салған,

Поэзия –

Азамат Соғысындай!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button