«О, менің аққанат құс – махаббатым»

Өзінің ұланғайыр өлең өлкесінде Мұқағали ақын махаббатқа көп көңіл бөлген екен. Мұқағали Мақатаевтың махаббаты басқа ақындарға қарағанда бөлектеу. Бір өлеңнен бір өлең өріліп, түгелін оқуға тура келеді. Оқи бергің келеді. Шаршамайсың. Ақын өзінің күнделігінде: «Менің қымбатты оқырмандарым! Мені түсіну үшін өлеңдерімді басынан бастап аяғына дейін тегіс оқыңыздар» деп жазған екен.

Мұқағали мұрасын зерттеушілердің көбісі «оның поэзиясында мұң басым» дейді. Мұң мен сағыныштың өзі – лирикаға тән дүние емес пе?! Сондай сарыала сағыныштан, мөлдір мұңнан құралған Мұқағали ақынның махаббат лирикасына тоқталып көрейік:

«Жамылып сағыныштың сал шекпенін,

Сарғайып сенің үшін зар шеккемін.

Зарықтыр, о, тәңірім, жалықтырма?

Мәңгілік ғашықпын мен, ант еткемін!

… Білем саған жете алман, ғарыштасың,

Белгілі мәңгілікке табыспасым.

Дерт те емес, күйік те емес, жар да емессің,

Сен маған сағыныш боп жабысқасың.

Қайтсем екен сені ұстап қалу үшін?!

Сен маған шексіз дала сағымысың.

Мен өтермін, өтермін, өтермін мен,

Мәңгілік сен қаласың, сағынышым!!!»

Мұнда махаббат та, сағыныш пен мұң да бар. Қол жетпейтін, тек қана ой мен сөз бара алатын алып кеңістік бар. Ақынның аппақ арманы, қыран қиялы Көк жүзінде, тым биікте қалықтайды. Ғашықтық ғаламаты мәңгілік ағысқа ұласқан. Мәңгіліктің ғұмыры да – мәңгілік! Мұхаң соған барды.

Қазақ қызының ғажап портретін өткен замандардан бері қаншама ақындар жырлап келеді. Бірақ, Мақатаев жыры ерекше маздап тұр. Ден қояйық:

«Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған,

Сонда жатыр менде жүрген орындалмас бар арман.

Сенің жүзің көкте күннен, жерде гүлден нәр алған,

Шашың сенің – жан баспаған жапандағы қара орман…»

Бұл жерде тағы да қол жетпейтін, көз көрмейтін, құлақ естімейтін ерекше сұлулық тұр. Тек сезім ғана жететін осынау сырды ақын айтып отыр. Қиялындағы құралайды қызғыштай қорғайды. Лирикалық өлеңге әдемі ән кейіннен жазылды. Дегенмен, ақын осы өлеңнің мәтінін жазған кезде күйсандықтың ырғағымен нотасын қоса түсірген сияқты. Себебі, өлеңнің өзінен әуен есіп тұр.

«Иек артқан теңізге мүйістейін,

Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін.

Иіскейін, тек қана, тиіспейін,

Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін!»

От-жалынды ыстық сезімнен гөрі салқын қанды, сабырлы мінез басым. Бірақ, махаббат анық бар. Сағыныш пен қамқорлық, қазақ қызына деген үлкен құрметті көріп тұрмыз.

«Мен сені сағынғанда,

Қарамай жауындарға, дауылдарға,

Қарсы қарап жүземін ағындарға,

Кеудемде қимылдаған жаным барда,

Мен сені сағынғанда,

Бір минут та қақым жоқ дамылдарға…»

Сұрапыл сағыныш, сұмдық тәуекел, қайтпас қайсарлық бар өлеңнің өн бойында. Бұл өлең – сүйген жары Лашынға арналған. «Сен – мендік, мен – сендікпін, ана қыран, Қыранбыз, қырандардан жаратылған!», – деп толғайды ақиық ақын.

Ақынның махаббат жырлары – сарыала сағыныш пен мөлдір мұңға оранып тұрады дедік әу баста. Енді соған қайта оралайық.

«Раушан гүліне сен серік едің,

Раушан арасынан көріп едім.

О, менің аққанат құс – махаббатым,

Қайдасың, қайтсем саған көрінемін?..» – деп шарқ ұрып, махаббатын іздеп жүрген ақын мұңайған бір сәтінде:

«…Сен менің көтерілген еңсем бе едің?

Армандадым, өзіңді көрсем дедім

Бақыт іздеп жүр едім, сол сен бе едің?!

… Арманым жоқ, алдыңда өлсем сенің», – дегенді айтады. Шағала көңіл шарқ ұрады. Тым алыстағы, тым биіктегі махаббат құсы анда-санда бір көрініп, әрі қарай жоқ болады… Бірде алыстап, бірде жақындайтын ақын музасы кей кезде жерге түсіп, дәл қасынан табылады:

«Сүйгісі келе берер сүйген ерін,

Сүй, жаным! Сүйкімді бір күйге енемін.

Жүрегіміз жақыннан бірге соқсын,

Ағытшы бешпетіңнің түймелерін»

Ақынның махаббат жырлары – жүректі тербер сағыныш сырларымен, тылсым құпиясымен, нәзік мұңымен бірден баурап алады. Бір ғажабы, Мұқағали махаббаты – тазалық пен пәктікті ұстанатын періште түрінде, идеал ретінде көрінеді. «Аққанат құс – махаббатын» өте биіктен, бұлттардың ар жағынан көргісі келеді. Бір өлеңінде: «Сен биікте жүрсің деп, төмендегем…», – депті. Шәміл құрдасына жазған хатында: «Шәміл-ау! Білесің бе, шын махаббат – Осылай қарамаудан жаралады!», – деп түйіндейді. «Шын ғашықтар қосылмайды», «Нағыз махаббат түбі – трагедия» дейтін халық ұғымын ұстанған ақын махаббатқа ойлы көзбен қарап, оны үнемі жоғары ұстап, барынша адалдық танытқан. Мақатаевтың махаббат лирикасының қайнар көзі шығыс поэзиясында жатқан сияқты. Иә, бастау бұлақ – сонау Хаям мен Хафиз жырларынан тамыр тартқан. Шығыс бұлбұлдарының рубаи, ғазалдарымен жасынан таныс болған ақын өсе келе өзіндік ұлттық өрнек тапқан. Ерекше сағыну, мейлінше мұңға орану, ғашығын шексіз ғарыштан іздеу – шығыстың ойшыл ақындарынан келе жатқан әдемі де нәзік дәстүр.

«Дәстүр жалғастығы», «ұрпақтар сабақтастығы» деген сөздерді жиі айтамыз. Ендеше, Мұқағали ақын мен шығыс шайырларының арасында көзге көрінбес бір жібек желі әрдайым сақталып келген. Оны кезінде Кеңестер одағы да үзе алмаған. Қай дәуір, қандай кезеңдерде болмасын, махаббат – мәңгілік тақырып. Оның соңы, шешімі болуы мүмкін емес те шығар. Біз айтып отырған Мұқағали ақынның махаббаты да осындай.

Тосын, құпия hәм мәңгілік!

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,

Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дің журналистика кафедрасының аға оқытушысы.