Құрылтай

Қоғамның ортақ мүддесі

Мен алдағы Құрылтай депутаттарының бірінші сайлауына ерекше мән беремін. Бұл – қоғамдағы әр азаматтың үні естіліп, түрлі көзқарас пен өмірлік тәжірибе ескерілетін маңызды саяси қадам.

Бүгінде қолжетімді орта қалыптастыру, инклюзивті білім беру, жұмыспен қамту, сапалы медициналық қызмет, әлеуметтік қорғау және қоғамдық өмірге кедергісіз қатысу мәселелері тек белгілі бір топтың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ мүддесіне айналуы тиіс. Сондықтан, бұл бағыттар мемлекеттік саясаттың басым бөлігі ретінде қарастырылғаны маңызды.

Жаңа құрамдағы Құрылтай мемлекет пен қоғам арасындағы ашық әрі сындарлы диалогтың тиімді алаңына айналып, қабылданатын шешімдер инклюзивті Қазақстанды дамытуға нақты серпін береді деп сенемін. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне қатысты мәселелер талқыланғанда, БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясында бекітілген «Біз туралы – бізсіз ештеңе емес» қағидаты басшылыққа алынуы қажет.

Құрылтай құрамына белсенді, білікті әрі қоғам мүддесін жоғары қоятын азаматтардың келуі барлық қазақстандықтың мүддесіне сай әділ әрі салмақты шешімдердің қабылдануына ықпал етеді.

Нияз СҮНДЕТАЛИЕВ
Қарағанды облысы әкімінің мүгедектік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі,
«Qamqor plus» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button