Жаңалықтар

Қоғамның күші – білімде

Елбасының қазақ қоғамына ерекше серпіліс әкеліп, рухани сілкініс тудырған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынады деп айтылды. Соның дәлелі – әлемдегі атақты ірі жоғары оқу орындарында оқылатын оқулықтардың 18-і қазақ тіліне аударылуы.

Кез келген қоғамның күші – білімде, сол білімді жеткізетін тілдің мазмұндылығында. Осыған орай, «100 оқулық» жобасы аясында кәсіби мамандардан құралған арнайы жұмыс тобы осы оқулықтарды құндылығына қарай іріктеп аударды. Солардың ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Швейцария сияқты алдыңғы қатарлы елдердің философия, әлеуметтану, психология, тіл білімі, антропология, дінтану, экономика мен кәсіпкерлік салаларын қамтитын оқулықтары қазақ тілінде оқитын жастарға теориялық білім алуға зор мүмкіндік береді. Бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электрондық онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта жастарға ұсынылды.
1995 жылы Президенттің Жарлығымен «Қазақстан Республикасында Тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы» қабылданғаннан бері тарихи сананы ояту жолында көптеген жұмыстар атқарылды. Оның жалғасы іспетті «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында атқарылған істер бар. Атап айтар болсақ, ұлттық мүдденің басты құндылықтары қазақ тілінің дамуына үлкен серпіліс берді. Өйткені оқулықтар түпнұсқадан қазақ тіліне аударылды. Үш тілде оқудың өзектілігін дәлелдеді. Соның ішінде қазақ тілін және ағылшын тілін терең білудің қажеттілігін көрсетті. Аударма жұмысының жандануына жол ашып, ұлттық аударма бюросының құрылуы мемлекеттік маңызды іс болды. XX ғасырдың басында Алаш зиялыларының ұлттың санасын ояту үшін Европаның озық шығармаларын қазақ тіліне аудару жұмыстарын атқарғандығының сабақтастығының көрінісі болды (Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев, Исмаилбек Гаспринскийдің «Тәжіриман» журналы).
Аудармадағы 3000-нан астам терминдердің қазақша оқулыққа енуі тіліміздің мәдени коммуникациялық мүмкіншілігін арттырады. Аударылған «Философияның қысқаша тарихы», «Антикалық философия», «Әлеуметтік философияға кіріспе», «Қазіргі психология тарихы», «Батыс философиясының тарихы» сияқты оқулықтар Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарының оқу бағдарламаларына енгізіледі. Карен Армстронгтың «Иудаизм, Христандық пен Исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны», Алан Барнардтің «Антропология тарихы мен теориясы», Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция», Тер Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» деп аталатын оқулықтардың қазақ тіліне аударылуы ғалымдар мен ұстаздарға үлкен міндет жүктейді. Мысалы, «Антикалық философияны» оқытқанда оны қазақ халқының дүниетанымы ұғымымен салыстырмалы түрде оқыту керек. Ал, ол үшін «Ұлы Дала елінің философиясы» деген оқулық жазып, ағылшын тіліне аудару керек (Мысалы, Асан Қайғы, Қорқыт ата, Әл-Фараби Баласағұн, Абай, т.б.). «Қазіргі психология тарихын» оқытқанда «Тәуелсіз Қазақстан жастарының психологиясы» деген ұғыммен байланыстыра оқыту үшін осы тақырыпта оқулық жазу керек.

Нұрсахан БЕЙСЕНБЕКОВА,
Е.Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік
университеті
«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,
тарих ғылымдарының
кандидаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button