Бас тақырып

«Қоғамдық белсенділік – даму кепілі»

Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді. Іссапар барысында Мәулен Сағатханұлы аймақ мәслихаттарының депутаттарымен кездесті.

Сонымен қатар, Сенат Төрағасы «Ашаршылық. Голод. 1928-1934» тарихи құжаттар жинағының жаңа томдарының тұсаукесеріне қатысты. Деректі шежірелер жинағының авторлары отандық ғалымдар мен тарихшылар екенін айта кеткен жөн. Еңбектің едәуір бөлігі бұрын Қазақстанда жарияланбаған және жұрт назарына ұсынылмаған. Ал, анықтамалардың, бұйрықтар мен қарарлардың бір бөлігі құпияландырылған.

Аталған тарихи жинақтың алтыншы және жетінші томдарының тұсаукесері Долинка кентіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайында өтті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жарық көрген серияның бес томы 2021 жылы Сенатта көпшілік назарына ұсынылған еді.

– Ашаршылық тақырыбын зерттеу жұмысы соңғы жылдары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жанданды. Мемлекет басшысы сондай-ақ, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы бастаманы көтерді. Осы тұрғыда мемлекеттік комиссия құрылып, бүгінде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде, бұрын жіктелген көптеген мұрағат материалдары зерттеліп, көп томдық жинақ жарық көрді. Дегенмен, тарихтың әлі зерттелмеген беттері бар. Сондықтан зерттеу процесі жалғасуда, – деп атап өтті Мәулен Сағатханұлы.

Кітаптың тұсаукесер рәсімін Парламент Сенатының депутаты, қазақтың белгілі қаламгері Нұртөре Жүсіп тізгіндеп, кездесуді тарихи дәлелдерге толы тұшымды әңгімесімен әрлеп отырды. Жиынға аймақтың зиялы қауым өкілдері және оқырман қауым қатысты.

Бұдан бөлек, кенді аймаққа сапар барысында Сенат Төрағасы мәслихат депутаттарымен кездесті. Ол өңірлерді дамытудың өзекті мәселелерін шешудің жаңа жолдары жөніндегі өз көзқарасын ұсына отырып, әріптестеріне заң шығару процесіне белсенді қатысу керектігін баса айтты.

Депутаттар да Сенат спикеріне көкейлерінде жүрген сұрағын қойып, ашық әңгіме өрбітті. Аймақтағы түрлі саладағы кезек күттірмейтін мәселелер хақында өз ойларын ортаға салды. Қазіргі таңда атқарып жатқан жұмыстарының нәтижесімен бөлісті.

Сондай-ақ, сенаторлар Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесті. Оқытушылар мен студенттер де Арқадағы көшбасшы оқу ордасы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде атқарылып жатқан игі істерін тілге тиек етіп, болашақтағы жоспарларымен бөлісті.

– Шынында, қазір Қарағанды университетінде сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Жатақхана, асхана, заманауи технологиялармен жабдықталған оқу кабинеттері, дәрісханалар, бәрі қолайлы. Сонымен қатар, сабақтан соң спортпен айналысуға, тегін интернет желісін пайдаланып, білімін шыңдауға, өнер орталықтарына қатысуға мүмкіндік мол, – дейді студенттер.

Ал, Мәулен Сағатханұлының С.Сапиев атындағы бокс орталығына барып, онда ерекше қажеттіліктері бар спортшылардың бочча бойынша ашық жаттығуларына қатысуы оның патриоттығын, азаматтығын аңғартқандай.

Мәулен Әшімбаев спорт сарайының жаңа мүмкіндіктерімен таныса келе, спортшылар рухының биіктігін тілге тиек етіп, инклюзивті ортаны одан әрі қалыптастырудың маңыздылығына баса назар аудару қажеттігін арнайы атап көрсетті.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button