Қоғам мүддесін көздеген
Астана қаласында Қазақстанның ХІ Азаматтық форумы өтті. «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін – азаматтық қоғам дамуының басты бағыты» атты тақырыпта өткен форумға республиканың барлық өңірлерінен және Орталық Азия елдерінен алты жүзден астам делегат қатысты. Олардың қатарында үкіметтік емес ұйым көшбасшылары, қоғамдық кеңестердің төрағалары, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтардың, өңірлік және ұлттық даму институттарының, «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері бар. Панельдік сессиялар мен кездесуде үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшылары, мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері екі күн қатарынан ел дамуының және жаһандық сын-қатерлерді еңсерудің өзекті мәселелерін талқылады. Стратегиялық шешімдерді әзірлеу және азаматтардың құқықтық мемлекетті қалыптастыруға қатысуы мақсатында мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы диалог пен ынтымақтастыққа арналған форумның биыл ұйымдастырылуы да, мазмұны жағынан да ерекше екенін айту керек. Себебі, ел көлеміндегі ғана емес, әлемдік маңызды проблемалар да айтылды.
Өңірлік форумдардың логикалық финалы
Биылғы форумның көздегені – Қазақстанның стратегиялық мақсаты – әділ мемлекет құру үшін қоғамды шоғырландыруда мемлекеттің толыққанды және өзара тиімді серіктесі ретіндегі азаматтық сектордың рөлін айқындау. Бұған дейін қоғам қайраткерлерінің күшімен биыл облыс әкімдіктері мен «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен еліміздің 17 облысында өңірлік форумдар өткізілген болатын. Шараға алғаш рет өңір басшылары қатысып, әр түрлі тақырыптағы өзекті мәселелер көтерілді. Қазақстанның «Азаматтық Альянсының» президенті Бану Нұрғазиеваның айтуынша, аталған республикалық форум өткен өңірлік форумдардың логикалық финалы.
Азаматтық форумды құттықтау сөзбен ашқан Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров елдегі көптеген оң өзгерістердің бастамашысы азаматтық қоғам екенін атап өтті. «Белсенді азаматтық қоғам еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуына ерекше үлес қосады», – деді ол.
Ал, Бану Нұрғазиева болса, алғашқы мұндай форум 20 жыл бұрын өткенін атады.
– Біз бүгін мықты және жетілген азаматтық қоғамға айналдық. Бұл залда белсенді өмірлік ұстанымы бар адамдар отыр. Елдің дамуына, әр үйдің әл-ауқатына үлес қосатындардың барлығына шын жүректен алғыс айтқым келеді. Бұған дейін өткен өңірлік форумның түйіні – осы форум болмақ. Мен өңірлердегі форумның бәріне қатыстым. Әрқайсысы лайықты деңгейде өтті, – деді Бану Ғаниқызы.
Форум аясындағы алғашқы конференция Орталық Азиядағы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдету үшін азаматтық қоғаммен өңірлік әріптестік құруды талқылауға арналды. Оны ұйымдастыруға атсалысқан Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының Қазақстандағы бөлімшесі.
Жоғарыда биылғы форум мазмұндық жағынан да ерекше болғанын да айтқан болатынбыз. Мәселен, су тапшылығы – соңғы отыз жыл көлемінде Орталық Азия аймағын алаңдатып отырған көкейкесті мәселе. Азаматтық форумда өзекті тақырыпты көтерген сарапшылар трансшекаралық суды пайдалануда көршілес елдермен тиімді ынтымақтастықты үзбеу керектігін айтты.
Форум жұмысындағы панельдік сессия «Қоғамдық кеңестер институтын дамыту» және «Әйел. Бейбітшілік. Қауіпсіздік», «Халықтық дипломатия – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тиімді сыртқы саясатының кепілі», «Орталық Азиядағы тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдету үшін азаматтық қоғаммен өңірлік әріптестік құру» тақырыптарында өтті. Қатысушыларды алаңдататыны – отбасында ғана емес, әуелгі миссиясы – бейбітшілік орнату болған әйелдердің жайы. Бұл тақырыпта да сөз алған қатысушылар сарапшыларға ұсыныстарын білдіріп, мәселені бірлесе талқылады.
Қоғам мен билікті жалғаушы
Қазақстанның ХІ Азаматтық форумына қатысушылар панельдік сессиялар мен кездесулерде өзекті мәселелерді талқыласа, шараның екінші күніндегі пленарлық отырыста жұмыстың қорытындысы шықты.
Еліміздің қалыптасуындағы үкіметтік емес ұйымдардың ерекше маңыздылығын атаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушыларды XI Азаматтық форумның өткізілуімен құттықтады. Президенттің атынан құттықтау хатты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов оқыды.
«20 жыл ішінде диалог алаңы өзінің қажеттілігі мен тиімділігін көрсетті. Форумда ұсынылған жасампаз бастамалар мен сындарлы ұсыныстар азаматтық қоғамның дамуына және жалпыұлттық диалогты нығайтуға зор үлес қосады. Үкіметтік емес және қайырымдылық ұйымдары, азаматтық белсенділер мен еріктілер қоғамның өзекті мәселелерін шешуге белсенді қатыса отырып, Отан тағдырына шынайы бейжай қарамайды. Олар ынтымақ пен белсенді патриотизмнің үлгісін көрсетеді, елдегі бірлік пен келісімді сақтауға жан-жақты жәрдемдеседі. Біз жүргізіп отырған ауқымды өзгерістер жағдайында әділеттілік пен гуманизм идеяларына, өзара сенім мен жауапкершілікке, заң мен тәртіпке, білім мен еңбекке табынуға негізделген жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру ерекше маңызға ие» делінген құттықтау хатта.
– Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде мемлекеттік билік институттарын жетілдіруге және азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған жаһандық саяси реформалар жүзеге асырылуда. Біз олардың жемістерін көріп отырмыз: билік институттары толық трансформациядан өтті, көппартиялы Парламент құрылды. Үкімет, орталық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару жүйелері жаңа жағдайларда жұмысқа бейімделеді. Конституциялық реформа азаматтардың елді басқаруға қатысу мүмкіндігін барынша кеңейтті, билік пен қоғам арасындағы диалогтың жаңа мәдениеті қалыптасуда, – деп атап өтті өз кезегінде Ерлан Жақанұлы.
Сондай-ақ, Ерлан Қошанов бүгінде Мәжілістегі заң шығару жұмыстары барысында қоғамдық пікірге ерекше назар аударылатынын атап өтті. Соның жарқын бір мысалы – азаматтарға мемлекет істерін басқаруға қатысуға жаңа мүмкіндіктер беріп, петициялар институтын енгізген «Қоғамдық бақылау туралы» Заңның қабылдануы.
XI Азаматтық форумның пленарлық сессиясының модераторы – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева. Ол мұндай кездесулердің ел үшін үлкен тәжірибелік маңыздылығына тоқталды.
– Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген азаматтық бастамаларды дамыту саласындағы көптеген маңызды міндеттердің осында шешімін тапқанына бәріміз куә болдық. Соңғы үш жылдың өзінде форум алаңдарында әзірленген ұсынымдар бірқатар стратегиялық құжаттар мен заңдарды қабылдауға негіз болды. Олардың қатарында 2030 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы, «Қоғамдық бақылау туралы» Заң, Қоғамдық кеңестер, бейбіт жиналыстар, қайырымдылық, еріктілер қызметі және Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру туралы заңнамаға өзгерістер енгізу бар, – деді Аида Ғалымқызы.
Форумда БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын іске асыру мәселесіне көп көңіл бөлінді. Бұл – Қазақстан үшін және еліміздің азаматтық қоғамы үшін стратегиялық міндет.
Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа азаматтық қоғам мен мемлекеттің осы жоғары мақсаттарға қол жеткізуге жәрдемдесудегі әріптестігін жоғары бағалады.
Тәжірибе алмасудың маңызы зор
Форумға келген Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі, Ұлттық әлеуетті дамыту қоғамдық қорының басшысы Рүстем Әшетаев бүгінде еліміздегі қоғамдық ұйымдар әбден пісіп-жетілгенін айтады.
– Қазақстанда халқы тығыз орналасқан емес. Әр өңір өз ошағында қайнап жатыр. Сондықтан, бір-бірімен тәжірибе алмасатын, ақылдасатын орта керек. Екі күнге созылған форумда өзге өңірлердің қоғамдық ұйымдарымен таныстық, білістік, тәжірибе алмастық. Болашақта спикерлер ретінде қоғамдық бағытта жұмыс істеп жатқан ұйымдар жекелеген азаматтарды алса деген ұсынысым бар. Сонда талқылау да көбейеді. Байланыс күшейеді, қызығушылық артады, – дейді ол.
Форумда өңірлердегі қоғамдық ұйымдардың жұмыстарын талқылауға көңіл бөлінгенін айту керек. Бүгінде ауылдық аймақтардағы шаруа қожалықтарын дамытуға мемлекеттік саясат басымдық береді. Бұл жұмысқа үкіметтік емес сектор өз үлесін қосуда. Мәселен, елімізде 20 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым болса, оның бес мыңнан астамы ауылдық жерлерде. 16 жылдан бері Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыруда белсенділік танытып жүрген Жергілікті қоғамдастықтар қоры тәжірибелерімен бөлісті. Олар 70-тен астам жобаны іске асырып, ауданның дамуына 1 млрд. теңгеден астам инвестиция салған.
Астана қаласындағы «Орда» аутизмі бар балалардың ата-аналары қоғамдық бірлестігінің төрағасы Салтанат Есмағанбетова да жетістіктерімен бөлісті. Тиімді жұмыс нәтижесінде соңғы 7 жылда әлеуметтік бейімделуге мұқтаж балаларды қолдауда халықаралық әдістемелерді қолданатын үш түзету орталығын ашқан.
Ал, кәсіпкер, қоғам қайраткері, «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Нұркен Асанов, әр азаматтың мемлекет дамуына қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Еңбектің еленгені – ерлегені
Пленарлық отырыстың жұмысын Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева тәмамдады. Ол соңғы жылдардағы саяси реформалар еліміздің азаматтық секторына жұмыстың жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік беріп, қоғамдық бірлестіктердің дамуына серпін бергенін атады.
Форум соңында азаматтық сектор белсенділері қайырымдылық саласындағы құрметті атағымен марапатталды. Олардың қатарында 10 жылдан астам қайырымдылықпен айналысып, жыл сайын жалғызбасты, қарт адамдарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік себетін таратып, тұрақты негізде ауыл балаларына оқу құралдарын, мектеп формасын ұсынып келе жатқан қарағандылық Нұржан Әлімқұлов та бар.
Форум қорытындысы бойынша Қазақстанда азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар қабылданатынын айту керек.
ҚАРАҒАНДЫ-АСТАНА-ҚАРАҒАНДЫ
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz