Руханият

Нығметтің туған жерге сапары

1926 жылғы еңбек демалысын туған жерінде өткізудің орайы келіп, Қазақстан Үкіметінің төрағасы Нығмет Нұрмақов Қарқаралы оязы Меңдешев болысы аталған Қу өңіріне Қызылордадан Семейге, одан пошта арбасымен лаулап Егіндібұлаққа шілденің он бесінде жетті. Қасындағы жұбайы Зүфнүн, үш жастағы Ноян мен емшектегі Тамарадан басқа, үшінші жолаушы музыка зерттеушісі, Қазақстанның тұңғыш Халық артисі Александр Викторович Затаевич еді.

Нығмет қадірлі қонақты Ғаббас Айтбаевпен таныстырып, Өзденбай-Қангелді өлкесіне киіз үй тіктіріп, бір шеті Баянаула, бір шеті Қарқаралы, Абыралы-Көкшетау төңірегіндегі әнші-күйшілерді Затаевичтің алдына алдыртты.

Осы сапарда А.Затаевич 270 ән мен күй жазып алды. Олар кейін «Қазақтың 500 әні мен күйі» деген жинақ түрінде дүние жүзіне тарады.

Нығымет
Суреттер автордан

«АРДАҚ»

… «Александр Викторовичтің алдына әншілерден алдымен Ғаббасты келтіру керек», – деп ойлады Нығмет. Осыған дейін жүздеген әншіні тыңдап келген музыка білгіріне өзінің ең қымбат сыйлығын тосын ұсынғысы, мақтанғысы келді.

Әміренің шырқау биігіне шығып алып, жерге қонбай қалықтайтын қыран әнін талай тамсана тыңдаған сырбаз сыншыны разы ету оңай болмас. Затаевич түсінігінде әзірге қазақ арасында Әміремен қатар тұратын әнші жоқ. Мүмкін болмас та. Тынысы мол, әдемі тенор иесі Әміре Қашаубаев қандай әнді де еркін айтады. Сол кемеңгер талант оны Парижде әлем жұлдыздары арасынан суырып алып шықты ғой. Затаевич өзінің қазақ музыкасын жинау жолындағы бүкіл еңбегінің ең биік шынары Әміре екендігіне сенеді. Еркін шырқалып, қуатты екпінмен шалқи серпілетін арқа әндерінің бар қасиетін Әміре ашып болған еді. Ал, Ғаббас ше? Осыдан төрт жыл бұрын Қарқаралыда өткен автономия тойында өнер сынамаққа бас бәйгеге талассыз иемденіп, Мұхтар Әуезовтің қолынан торы төбел сәйгүлік мінген Ғаббасты Нығмет бұл дүниедегі ең үздік әнші деп біледі. Бірақ, Ғаббас – ел арасының әншісі. Сахнаға шығып, орындау мәнерін игерген емес. Артистігі жағынан келетін болса, әрине, Ғаббастың бағасы Затаевичке олқы көрінуі мүмкін.

Осындай әнші бар екенін тәптіштеп айтпаса да, Нығмет:

– Ертеңнен бастап Сіздің құзырыңызға әншілер мен күйшілер келе бастайды. Ал, бүгін Ғаббас Айтбаев деген талапкерді тыңдап көріңіз. Ән айтуды кәсіп қылмаған ауыл жігіті, беделді азамат, осы жұртты аузына қаратқан ардагерлердің бірі, – деген. Тіпті, Ғаббастың атақты Айтбай әншінің баласы екенін де білдірген жоқ. «Өнер танитын адам бағасын өзі берсін». Алдын ала хабарламай келтіруді дұрыс санаған.

«Нығмет шақыртып жатыр» дегенге Ғаббас тез жетті. Ізет сақтап, алдымен орысша сәлемдесіп, Затаевичке қол ұсынды. Содан соң, бірнеше жыл көрмеген туысын құшағына алып, арқасынан қаға берді. Денелі болмаса да, сұңғақ Ғаббастың жанында Нығмет кішірейіп, тіпті нәзік көрінген.

Нығмет мына қарт адамның жайын Ғаббасқа тәптіштеп таныстырды. Қазір Мәскеуден бергі беделді музыканттар арасында сыйлы адам. Жиырмасыншы жылдардан бері қазақтың халық музыкасын жинап жүр. Бір үлкен кітабын бастырды. Әміренің Парижге баруына бірден-бір себепкер – осы кісі. Тек музыкант ғана емес, ой-өрісі кең, білімді, сыншыл зерттеуші. Кішіпейіл, әңгімешіл.

– Сонда мен бұл кісіге қандай ән айтуым керек? Қазақтың «әләулайын» түсіне қойса жақсы, – деп қалды Ғаббас. – Онысы қазақтың әні тек қазаққа тән, деп түсінген еді. – Біз орысша айта алмаймыз. Татарша да айта алмаймыз.

Ғаббас ағынан жарылды. Халық тұрмысын, оның хал-қарекетін баяндайтын ел ішінің әндері ғылымға, мәдениетке сонша керек екен деп ойламаған. Бірақ, Нығмет оның сөзін бөліп:

– Олай емес, Ғаббас. Өзіңнің ең жақсы көретін әндеріңді айта бер. Александр Викторович нотаға түсіреді. Сол үшін сонау қияннан келіп отыр ғой.

Нығметтің ескертпесіне қонақ берген Ғаббас, әлі де өз күдігінен арыла алмай: «қазақ әнін түсіну үшін қазақ болып туу керек-ау», дегендей Затаевичке сынай қарады.

Нығмет төрде отырған Затаевичтің жанынан ығысып, Ғаббасқа орын берді. Бірақ, Ғаббас төрге шықпады:

– Осы жерде отырып айта берейін, – деді. Композиторға да таянбады. Өз дауысының күшін білетін және тыңдаушы жағдайын да қатты ескеретін сарабдал әнші дәл құлақ түбінен айғайлап, мазасын аламын, деген ойда.

Әлгіндей болған жоқ, Ғаббас әнін тыңдауға жиналғандар қарасы көбейген.

«Әй, Ардақ, сен – ақ қоян, секеңдеген, Қолымда бір тағзым бар жетектеген, Көңілімде үш ұйықтасам бар ма менің, Айырылып сен қалқадан кетем деген…» – деп баяулатып келіп, қайырмасын шерте тербеп, тебірене қайырды. Затаевич отырған көрпесінен түсіп, жылжи-жылжи Ғаббасқа таяп қалған. Көгілдір көздерінде таңданудан гөрі елжіреген мейірімі басым. Мұндай ықылас тұңғышының алғаш рет қаз тұрып, талпына басып бара жатқанын көрген ананың жанарынан ғана табылар еді.

«Не деген керемет!» Затаевич есін жиып алғанша Ғаббас, домбыраны қайта күйлеп алды да, қос ішекті жеңіл қағып, әкесі Айтбайдың «Перизатын» айта жөнелді. Құлаққа жағымды, жеңіл серпіліп отыратын сал-сері «Перизатты» айтқанда Ғаббас басын шалқайтып алды. Желбегей жамылған шапанының мақпал жағасынан күреңіте көрінген сымбатты мойнынан баппен бұрып, отырғандарға қара көздерін төңкере қарап қояды. Бүлк-бүлк еткен көмейінен қысылмай төгілген ән бұлбұл үніндей ырғала құлпырады.

Босағаға таяу бөркі мен қамшысын өңгерген кішірек тақиялы қарт: «Па, шіркін, уа, дариға!» деп қалды. Жақсы әнге құлақ құрышы қанған қазақтың мұндай қошеметін Затаевич бұрыннан білетін. Ентелей тыңдап отырған Нығметке сәл жымиып, басын изеген Ғаббас домбыраның құлақ күйін тез өзгертті де, «Бозжорғаны» тарта жөнелді. Жаңағыдай шырқау әндерден кейін өзіне де, өзгеге де тыным алдырайын дегендей. Жал-құйрығы таралған бозжорға кекіліндегі үкісі бұлғаңдай сәнденіп, тайпала жөнелді. Бетегелі бозды жайлы басып, бірқалыпты екпінмен зулайды. Үстіндегі бозбаланы арман құсына тезірек жеткізейін дегендей, ұмтыла түседі. Әне, кейде-кейде қоңырау үні естіліп қалып отыр. Ол – жас жігіттің сезім пернелері. Сиқырлы, нәзік сырлы әуен үзіле берді. Домбыра күйіне келіп-ақ тұр екен, төре қағысқа салғанда, күй[1]дің күмбірі түрленіп сала берді. Бозжорға қырдан асып, шөптесінге түскендей, күйі ентікпей, тоқырап барып, сыбырлай тоқтады. Затаевич күйдің аяқталғанына сенбей қалды. Ғаббас домбыраның шанағына мейірлене көз салып, былай алып, тізесіне тік қойып ұстап отыр. Қол тимесе де, екпіні басылмаған қос ішекте күй ырғағы әлі тұр еді.

– Енді жаза бастаңыз, – деп Нығмет композиторға рұқсат бергендей, үнсіздікті бөліп жіберді. Затаевич басын изеді. Бірақ қаламына қол созған жоқ. «Жаза бастау деген айтуға ғана оңай. Алдымен мұндай әншіні тыңдап алу керек. Жүз рет, мың рет тыңдамай, тұшынбай тұрып жаза алмаймын. Осалдығымның өзі осы шығар. Апыр-ау, өзі не деген бақытты жан. Жаңағы әндер, мына күй… Жарық дүниеден енді тілейтіні бар ма екен бұл азаматтың», – деп ойлады Затаевич.

Нығымет

Затаевич Ғаббасты сыртқа ертіп шықты. Қолтығынан демей жетелеп, аулаққа апара жатыр. Жаңағы көп жұрттан, әнге табынған ауыл адамдарынан Ғаббасты, оның дауысын қызғанғандай. Осы жасында қолы жетпей жүрген жоғын жаңа тапқан. Ғаббас сынды әншіні ешкіммен бөліспей, тұтас жеке дара өзі иемденгісі бар.

Әсершіл ғұлама қарт музыканттың мына оқыс мінезін түсінген Нығмет екеуін көзімен ұзатып салды да, басқаларға: «Бөгет болмаңыздар. Ғаббасты таныды. Бәсе, біліп едім. Жасымнан тыңдап өскен Ғаббас әні енді жерде қалмайтын болды», деп өзіне-өзі разы екенін де айтып қалды. Шын сырын жасыра алмады. Өнерпаз елінің алдындағы бір үлкен парызы орындалғанын біліп, көңілін тоқ сезінді.

Кішкене ғана төбенің арғы бетіне түскенде Ғаббас артына қарап еді, ауыл көрінбейді екен. «Осы жерде отырайық», – деп Затаевичке ишара жасады да, шапанын шешіп, шөпке төседі. Затаевич боқшасынан қағаз, қалам алды. Қалай отырарын білмей, сәл ойланды да, жұқа, қатырғы сумканы кеуде тұсына төсеп, етбетінен жатты. Алдында қағаз.

– Әуелі «Ардақты» айтшы», деген тілегін Ғаббас үнсіз қабылдап, малдас құра отырған бойы әндете бастады. Жарты парақ қағазға «Ардақтың» нотасы түскенше Ғаббас 4-5 рет айтуға тиіс болды. Әншінің сабырлы, сырбаз кейпіне қаймыға қараған Затаевич тез сөйлеп, кешірім сұрап қояды. «Мүмкін мынадай тәкаппар әншіні ренжітіп аламын ба», деген ой болса керек. Бірақ, сырт пішіні салмақты, сүйекті болғанымен, Ғаббастың өнерге жаралған мінезі қыздай биязы екенін әуелде білмеген. Мұны, кейін Ғаббас туралы ұмытылмас әсерлерін қағазға түсіргенде есіне алады.

Иә, сол бір ақшаңқан сәскеде шырқалған ән қандай еді? Затаевичтің берген бағасы қандай еді? Осыдан бірнеше жыл өткен соң да, тағы талай өлкені аралап, қазақтың небір жезтаңдай әншілерін тыңдағаннан кейін де, қайта-қайта іңкәрлікпен есіне алған қарт музыканттың сол сәттегі күйін жеткізуге қара сөздің қуаты осалдық еткен ғой. Әйтсе де… сол бақытты шақтың Затаевичтің қарт жүрегіне молынан құйылған шарапатын, құрметті оқырман, өзің де түсініп отырсың.

«Құлақтан кіріп бойды алған» әсем ән арқылы Ғаббас өзін тарихта қалдыратынын білген жоқ, әрине. Бар болғаны, әдеттегідей, жиын-тойдағыдай қаз-қалпында ән салып, мына алыстан келген шоқша сақалы ағарған азамат ағасының бұйымтайын орындап отыр. «Қалап келсе – қалыңсыз бер», деген ата сөзі тәрбиелі жанға үлкен парыз жүктеген.

Затаевичтің дәл сол сәттегі әлемтапырық сезімінің көлеңкесіндей ғана сұрқай жазбалардың өзі осыны айтады. Оның үстіне едәуір уақыт өткізіп, Мәскеуге барған соң, қағазға түскен сезімдердің бояуы солғын тарта бергенін де түсінейік. Қалай дегенде де Ғаббастың алғашқы әні-ақ халық музыкасының білгірі Затаевичтің қазақ арасындағы әншілік өнер деген ұғымын мүлде өзгертіп жіберген. «Ардақты» басқа әншілерден бұрын да сан мәрте тыңдаған Затаевичтің Ғаббастан естігендегі толғанысы мүлде бөлек еді.

«Ғаббас бұл әнді басқаша айтты. Нәзік басталып, толқи көтерілген ән ырғағы тыңдаушысын ерекше шабыт күйіне бөлеп, басқа дүниеге әкетеді. Домбыраның бірде жоғары көтеріліп, бірде төмендеп, ойнақы шығып отыратын мінсіз күмбірі көз алдындағы таулардың ойы мен қырын сипай суреттеп отырғандай. Ғаббастың «Ардағы» мөлдір жан сезімінің поэзиясы, сүттей жарық жаз түнінің арман қанатына ілескен жарқын поэзиясы, тылсым түн тыныштығының ләззатына тоя алмай, үзіле аласұрған жүрек дүрсілі». Бұл дегеніңіз Затаевичтің ең қастерлі түсінігінше – тек қазақ әнінің ғана емес, халық поэзиясының ғана емес, егер бұл дүниеде музыка атты құдірет болса – сол нағыз асыл текті қазынаның ең қымбат інжу-маржаны, аса зор жетістігі.

Ғаббас қасындағы жолдасын да, бұл жалғанның қызығы мен қысталаңын да ұмытып, шырқап отыр. Шуағын мол төккен тіршілік анасы – алтын күн де өз перзентінің өнеріне таңданып, ән тыңдағысы келе, тас төбеге төне, тоқтап қалған. Бөгде дыбыспен шырқын бұзбайын дегендей, арқаның саумал самалы да сабыр тапқан. Қырдың ерке гүлдері әнші дауысына мойынын бұрып, мөлдірей қарайды. Ән сымбатымен сұлулық таластырғысы келгендей, Қу бауырындағы қарағайлы-шыршалы қыземшек төбелер бар жасауын көлденең тартып көсіледі.

Затаевичтің жазбай отырғанын байқап қалған Ғаббас, ән тізгінін кербез тартып, домбыра пернесінен қолын алды. Оң қолы еркін қалған екі шектің бірін байқамай ғана шертіп қалғанда, жаңа ғана сырнайлатып, сайрап отырған бір бұлбұл «пырр» етіп шанақтан ұша жөнелгендей болды.

– Жаза алмай отырсыз ғой, Александр Викторович. Айып етпеңіз. Қайта айтып берейін, – деп Ғаббас музыканттың бабын таба алмай отырғанын байқағандай. –

Қымбаттым, бұл әнді мен дәл қазір қағазға түсіре алмаспын. Басқа бір ән айтшы, – деді.

Қиыла сұраған Затаевич өңінің манағыдай емес, жүдеу тартқанын Ғаббас байқады. Әлде далада айтқан әннің өлшемі шашырап, анық естілмей ме екен? Онда тұздығы қанық, ырғағы айқын «Қанапияны» айтып көрейін.

– Жаза беріңіз, – деді де Ғаббас ән айтуға дайындалды. Ғаббас жаңа мақамға ыңғайланып, тынысын бейімдеп, домбыраның күйін іздегендей, біраз ойлана шертіп отырды да, жоғын жаңа тауып, домбыраның кіші сағағынан сыға ұстап, қос ішекті қағып-қағып жіберді. Домбыра жаңылып тұрғандай көрінді. Қолын тиекке апара берді де, қайта тартып алды. Баяу қағып, көңілі орнына түскен соң, тынысын сәл кеңейтіп, шырқай жөнелді.

Затаевич бұл әнді бұрын естімеген еді десек, ақиқатқа қиянат болар. Екі-үш адамнан жазып та алған. Сондықтан таныс әуен. «Бұл қалай өзгертіп айтар екен?» дегендей, сынай бағып отырған композитор, ел арасында көп айтылатын мына әннен жаңалық күткені де рас. Әйткенмен, қазақ арасында халық әндерінің егіз қозыдай түрлері бола беретінін, бір әннің әлденеше түрде айтыла беретіні сезген Затаевич, алдымен тыңдап алмақ болды. Жазуға асықпады.

(Жалғасы бар)

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Ortalyq.кz

Басқа материалдар

Back to top button