Әншіні дәріптеген кеш

Теңдессіз әнші Жүсіпбек Елебековтің 115 жылдық мерейтойына орай, Гоголь атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада «Арқа әнінің алтын бәйтерегі» атты шығармашылық кеш өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараға Жүсекеңнің көзін көрген жерлесі, зейнеткер Астаби Бұлқанұлы арнайы қатысып, тың деректерімен бөлісті.

Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі, Жүсіпбек Елебеков атындағы әншілер байқауының лауреаты Медет Осатаев Жүсекең жеткізген әндерді шырқады.

Көпшілік қауым Қазақ радиосының Алтын қорында қалған әншінің қоңыр үнін тыңдады. Өнегелі өмірі, өнері жайлы түсірілген құнды бейнежазбалар көрсетілді. «Жыр-Жауһар» поэзия клубының мүшесі, жас ақын Еркебұлан Елеусізұлы әнші рухына арнаған өлеңін оқыды.

«Бір анадан тумасақ та, бірге туғандай болып едік. Артында тек жақсы әндері мен әңгімелері қалды. Мұхтар Әуезов бұл кісіні жақсы көретінін айтып отыратын-ды. Есіме бір оқиға түсіп тұр. Министрлер Алматыда Мұхтар Әуезовті қонаққа шақырыпты. Сонда Мұқаң есіктен кіре бере «бұл үйде Жүсіпбек бар ма екен?!» – деп сұраса керек. Сол күннен бастап Мұқаңды шақырған жерге Жүсіпбекті де қоса шақыратын болған деседі. Оған Мұқаң «Ән мен жырдың қадірін түсінетін дара тұлға» деп баға берген екен» – дейді Астаби Бұлқанұлы әңгіме арасында.

Кеш барысында жұртшылық назарына «Арқа әнінің алтын бәйтерегі» атты кітап көрмесі ұсынылды. Әнші көзі тірісінде өзінің шығармашылық жолы туралы жаза бастаған. Бірақ, ол аяқсыз қалып еді. Алайда, 1989 жылы әншінің жары, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Хабиба Қарақбайқызы осы кітапты «Үні кетпес құлақтан» деген атпен «Өнер» баспасынан шығарды. Көрмеде «Ән – аманат» деректі повесі, «Замана бұлбұлдары» кітаптарымен қатар, түрлі естеліктер жиынтығы да назардан тыс қалмапты.

Ербол ЕРБОЛАТ