Байқау

Өнер жас талғамайды

Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай аға буын өкілдеріне, яғни ата-әжелерге арналған «Өнерім – өмірім» облыстық шығармашылық байқауы өтті. Оған облыс аумағындағы қалалар мен аудандардан 180 еңбек ардагері қатысып, бақ сынасты.

Іс-шараның басты мақсаты – облысымыздағы өнерлі ата-әжелерге рухани қолдау көрсетіп, ән салу, қолөнер сынды өнерлерін халыққа жеткізу. Қарияларымыздың өнердегі, өмірдегі үлгі болар жолдарын жас ұрпаққа насихаттау. Ата-әжелерімізді байқауға қатыстыру арқылы көнеден келе жатқан ұлтымыздың мәдениет, өнер саласындағы жетістіктерін насихаттап, ұмыт болған қолөнер бұйымдары мен әндерді қайта жандандыру.

Байқауда Ұлытау, Бұқар жырау, Шет, Жаңаарқа, Ақтоғай аудандары, Сәтбаев, Саран, Шахтинск, Жезқазған, Теміртау, Қарағанды қалалары үміткерлерінің «Жеке ән салу», «Хор және ансамбльмен ән салу», «Қолөнер бұйымдары» жанрлары бойынша өнерлері сынға түсті.

Тартысты өткен байқауда қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдені Сәтбаев қаласынан келген «Ақ әжелер» хоры жеңіп алып, арнайы диплом мен 50 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

«Хор және ансамбльмен ән салу» номинациясы бойынша І орында Қарағанды қаласының «Шахтерский» халықтық хоры жеңіп алса, ІІ орынға – облыс орталығының «Русские самоцветы» халықтық орыс әндер хоры жайғасты. ІІІ орын жүлдесін – Жаңаарқа ауданының Секер Рахметова, Бақытгүл Жаркенова дуэті қанжығалады. Ал, «Жеке ән салу» аталымында І орын биігінен – теміртаулық Роза Хамидулина көрінсе, ІІ орынды – қарағандылық Бахытжан Берікбаев жеңіп алды. Ал, ІІІ орын жүлдесі Шет ауданының тұрғыны Амантай Рашидовке бұйырды. «Қолөнер бұйымдары» номинациясы бойынша І орын жүлдесі Ұлытау ауданынан келген Күнсұлу Серікбаеваға табысталса, ІІ орынға Қарағанды қаласынан Ирина Буянова жайғасты. ІІІ орын Шет ауданының намысын қорғаған Марат Баймухановта. І орын иегерлеріне диплом және 40 мың теңге, ІІ орын иегерлеріне диплом және 30 мың теңге, ІІІ орын иегерлеріне диплом және 20 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға Алғыс хат берілді.

– Біз үшінші жыл қатарынан қарттарға арналған «Өнерім – өмірім» байқауын өткізіп келеміз. Бұл дәстүрге айналды. Оның негізгі мақсаты біздің аймақтың талантты ата-әжелерін рухани қолдау, олардың өнерін, соның ішінде ән мен қолөнерді насихаттау, ұмытылған қолөнер мен әндерді жандандыру. Жыл сайын өңірлер мен қатысушылар саны артып келеді, – деп атап өтті Кеншілер мәдениет сарайының мәдени ойын-сауық бөлімінің басшысы Самал Истаева. Тартымды әрі жинақы өткен байқау өнер жасқа қарамайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button