Баған

Немқұрайлылық жарға жығып жүрмесін

Бүгінгі қоғамдағы көңіл алаңдатарлық мәселе – немқұрайлылық. Заман ағымы ма, жоқ әлде, адамдардың тасбауырлығы ма, әйтеуір, белең алып тұр. Төңірегімізде орын алып жатқан жайттарға зейін қоюға пейілсіз болып барамыз. Бір мезет бір-бірімізге көңіл бөлу жоқ. Ештеңе әсер етпейтін бейқамдық жайлап алған…

«…Адамның баласы – бауырың. Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», – деген данышпан Абайдың 37 қара сөзінде айтылатын осы бір ой бүгінгі өмірді нақты бейнелеп тұр. Бір ғасыр бұрын айтылған һакім сөзінің әлі де өзектілігін жоймағанына еріксіз таңдай қағасың.

Кейде «хал-жағдай сұрамады» деп достан көңіл қалып жатады. Уақыт өткен сайын оған да көндігеді екенсің. Мәңгі бірге жүретіндей көрінген достардың бәрінде – бала-шаға, несие, жұмыс. Мойын бұруға уақыт жоқ.

Олардың жайы түсінікті. Туған-туыс, ағайын-жекжатпен де той-мерекеде кездесетін халге жеттік. Жүрегің сыздаған сәтте жетіп барып, ағайыныңмен арқа-жарқа болатын күндерді сағынасың іштей. Ешкімді кінәлай алмайсың…

Көшеде бір кісі қиналып жатса, көрмегендей өте шығамыз. Етіміз үйреніп кеткен. «Бәлесінен аулақ» деген сақтану сол баяғы.

Тіпті, осы елдің азаматы бола тұра Отанымызда болып жатқан өзгерістерге, орын алған елеулі оқиғаларға да елең етпейміз. Естімеген сыңай танытамыз. Ғаламторда күні бойы не үшін отыратынымызды өзіміз де білмеймізау, шамасы…

Ағайынға, дос-жаранға, айналаға немқұрайлы адам елінің де ертеңіне алаңдап жаратпас сірә.

Бірде зайыбыммен бірге жұмыстан қайтып келе жаттық. Жаяу жүргінші өтетін жерде қатты жылдамдықпен келе жатқан көлік тежегішін басып үлгерсе де, жылдамдықтың әсеріненен жаяу жүргіншіні соғып, әлгі әйелді 5-6 метр жерге дейін ұшырып жіберді. Көпшілік ештеңе болмағандай үнсіз өтіп жатыр. Жүгіре басып жанына барсам, аман екен, «шүкір» дедік. Еш жері сынбаған, бірақ, қатты қорқып қалғаны көрініп тұр.

Жылдам жедел жәрдем шақырттық. Қолдан келген көмегімізді аямадық.

Сонда сол жерден өтіп бара жатқан бір кісі маған «жолама, бәлесіне қаласың, милицияға, анда-мында сүйрелеп мазаңды алады» – дегенде жағамды ұстадым… Түйсігінен түңілдім, қалпына күйіндім. Телефонға түсіріп жатқандар да болды… Бұған да көз үйренген…

Осылардың бәрі түнде ұйқымды ұрлап, күндіз күлкімді қашырады. Немқұрайлылық дерті елімді жарға жыға ма деп қорқамын. Бір мезгіл жан-жағымызға мейірімді болайықшы адамдар! Одан мерейіміз өспесе, кем болмаймыз ғой. «Жақсылық – жақсылықты шақырады» демеуші ме еді?..

Ең болмаса жақын адамдарымызға жылылық сыйлап, жағдайын сұрап тұрайық. Кейде «жолым болмай жүр, жұмысым алға баспай қойды» дейміз. Бір сәт өз жүрегімізге үңіліп көрейікші. Мүмкін осының бәрі айналамызға немқұрайлылықтан болар…

Ерғанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Қарағанды облысы
ақпараттық талдамалық
орталығының директоры

Басқа материалдар

Back to top button