Тұлға

ӨНЕГЕЛІ ӨМІР

   Азамат ісімен, әрекетімен көрікті дейміз. Демек, кез келген кісі туралы сөз бастағанда ең әуелі ол не бітірді, не тындырды деген сауалды өзімізге-өзіміз қоюымыз заңдылық. Белгілі бір саланы меңгеріп, сол арқылы ел мақтанына айналып, халық құрметіне бөленіп жүрген азаматтар баршылық. Сондай азаматтың бірі, асты кенге, қойнауы малға толған, өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған Шет ауданында ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы саласында абыройлы еңбек етіп, аудан экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосқан Хайролла Медетбекұлы Сәрсенбеков.

Мен Хайрекеңді (Хайролла Медетбекұлы) 1972 жылдан бері білемін. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында дала шаруашылығын басқарып жүргенімде, Хайрекең осы мекемеде мал шаруашылығын басқарған-тын. Екеуміз ұзақ жылдар сыйластықпен қатар қызмет атқардық. Жетпіс жасқа толар қарсаңында, осы досымның өмір жолы жайында әңгіме өрбітпекпін.

Хайрекең 1947 жылы мамыр айының 15 жұлдызында Шет ауданының Ақсу-Аюлы селосында туған. Әкесі Медекең аудан мекемелерінде әртүрлі қызметтер атқарған, еңбекқор, өз ортасына сыйлы адам болған. Анасы Кален бала тәрбиесімен айналысқан, отбасындағы әйел.

Кейіпкеріміз жасынан әкесінің ағасы Сәрсембектің (өз баласы болмаған) тәрбиесінде болған. Сәрсекең Қарқаралы қаласында оқып, округтік сот мүшесі, ауылдық Кеңес төрағасы қызметтерін атқарған. Кейінде ол кісі Алматы қаласындағы зоотехник-мал дәрігерлік техникумын (ол жылдарда жоғары оқу орны іспеттес) тәмамдап, ұзақ жылдар аудандық мал дәрігерлік мекемесін басқарған, сол кезеңде өңірдегі білімді адамның бірі болған.

Хайрекең жасынан шаруаға бейім, еңбекқор болып өседі. Орта мектепті бітірісімен аудан орталығымен қатар орналасқан Орджоникидзе атындағы кеңшарда әуелі темір жонушы (токар), артынан арнайы курста оқып келіп, автокөлік жүргізуші болып еңбек етеді. Автогараж меңгерушісі Шәкір Қасымұлы мен автомеханик Төкен Сейілбекұлының қамқорлықтарын көреді. Жастығына қарамастан алдыңғы қатарлы майталман көлік жүргізушілерінен қалмай еңбек етеді.

Кеңшар өндірісінде еңбек етіп жүргенінде, жігерлі жастың ойында қайткенде жоғары оқу орнына түсіп, білім алу болады. Оның өзінде ауыл шаруашылығы мамандығын таңдауы кездейсоқтық та емес еді. Бұл жылдары мемлекет тарапынан ауылға үлкен бетбұрыс жасалып, елімізде ауыл шаруашылығы қарқынды дами бастаған кез еді. Шет ауданында мал шаруашылығы өркендеген өңірдің бірі саналып, мал мамандарының беделі артып, жастар ауылға жаппай бет бұра бастаған-тын. Әрі бұл салада еңбек ету абыройлы да болатын.

Сөйтіп, Хайрекең 1968 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтына түсіп оқиды. 1972 жылы аталмыш оқу орнын «оқымысты зоотехник» мамандығы бойынша ойдағыдай бітіріп, институт жолдамасымен туған ауылына оралады. Жас маманды аудандық ауыл шаруашылық басқармасы, ауданның іргелі шаруашылығының бірі Шет кеңшарының «Тұмсық» бөлімшесіне зоотехник қызметін атқаруға жібереді. Ол бөлімшеге ауданның сүт өндірумен айналысатын бөлімшелерінен бұқашықтар әкелініп, сол жерде семіртіліп етке өткізілетін. Бөлімшеде 2,0 мыңға тарта бұқашықтар болып, ол үрдістер жалғаса беретін. Кеңшар директоры Б.Қапасов пен бөлімше меңгерушісі К.Масабаев тәжірибелі, іскер адамдар болатын. Бұл жерде кеңшар өндірісіндегі жұмыстармен тікелей айналысып, біршама тәжірибе жинақтайды.

Жұмыста тиянақтылығы мен сауаттылығы аңғарылып, 1973 жылы Хайрекең аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының аға зоотехнигі қызметіне тағайындалады. Бірер жылда білікті маман ретінде танылып, әуелі басқарманың бас зоотехнигі, кейінде басқарма бастығының орынбасары қызметіне жоғарылатылады. Осы қызметінде жүргенінде басқарманың партия ұйымының хатшысы және аудандық кәсіподақ, халықтық бақылау комитеттерінің мүшесі болып, қоғамдық жұмыстарды да қоса атқарады. Бойындағы ата қанымен, ана сүтімен дарыған асыл қасиет, есейе келе намысшыл, ылғи да алдыңғы саптан көруге құштар аршыл азамат болып қалыптасады.

Осы кезең Кеңес заманының, социализмнің жоғары деңгейде дамыған шағы еді. Жезқазған облысындағы біздің Шет ауданы құрамында он екі шаруашылық болды. Осы шаруашылықтарының ішінде Республикаға, Одаққа танымал Батық, Просторный, Красная Поляна асыл тұқымды мал зауыттары болып, олар ірі қара малының басын көбейтумен шұғылданды. Бұл шаруашылықтарда 12,0 мың бас қазақтың «ақбас» және «даланың қызыл» асыл тұқымды ірі қара малдың генефоны шоғырланып, олардан сапалы мал өнімдері өндіріліп тұрды.

Сол тұста аудан бойынша 55,0 мыңдай ірі қара, 50,0 мыңдай қой және 20,0 мыңның үстінде жылқы малдары болды. Мемлекетке жылына 5,0-6,0 мың тонна ет, 60,0 мың тонна сүт, 10,0 мың тонна картофель, 8,0 мың тонна көкөніс және 20,0-25,0 мың тонна астық тапсырылып отырылды. Жекелеген жылдары аудан бойынша мемлекетке 64,0 мың тоннадай астық өткізіліп, жоспар үш есеге артық орындалып тұрған шақтар да болды. Осындай қыруар қиыншылықпен атқарылатын, ауыл шаруашылығы саласы бойынша міндеттемелерді орындау ауыртпашылығы, аудан деңгейінде, әрине, осы саланы басқарып отырған басқарма бастығы мен салалық бас мамандарға түсетіні белгілі.

Ал ауданымыз облыс бойынша экономикасы дамыған, ауыл шаруашылығы алдыңғы қатардағы аудандардың бірі болды. Облыста астықтың 30-35 пайызын, картоп пен көкөністің 50 пайызын, сүт өндіріп оны мемлекетке өткізудің 40 пайызы көлемінде жыл сайын тұрақты қамтамасыз етілетін.

Бұл қарсаңда ауданда егін мен мал шаруашылығы қатар қарқынды дамуда болды. Ауданның Нұраталды, Бұрма, Шет, Красная Поляна, С.Орджоникидзе атындағы және Путь к коммунизму кеңшарларында 6,0 мыңнан астам ірі қара малға сүт, ет өнімдерін өндіруге арналған толықтай механикаландырылған ірі-ірі типті кешендер салынып, пайдалануға беріліп жатты.

Онымен қатар кеңшарлар өндірісіне ғылым жаңалықтары, озық тәжірибелер батыл енгізіліп тұрды. Атап айтқанда, Украинаның Львов облысындағы сүт өндіру ісінде қолданылған «Львовтік әдіс-тәсіл», ауданның Нұраталды кеңшарындағы «Ақсу» және Шет кеңшарындағы «Қармыс» бөлімшелеріне енгізілді. Нәтижесінде сүт өндіруде еңбек өнімділігі артып, аудан көрсеткіші көтеріле түсті.

Сол сияқты ауданның Бұрма кеңшарындағы «Мұхтар» бөлімшесінде ірі қараның жас төлдерін суық жерде бағып, өсіру тәсілі алғаш рет жүзеге асырылған еді. Бұл әдіс-тәсілді басқа да өңірлерде кеңінен қолданылды.

Шаруашылықтың табысты жұмыс істеуі, бірінші кезекте кеңшар директорына байланысты екені сөзсіз. Сол қарсаңда аудан кеңшарларын тәжірибелі, ұйымдастыру қабілеті жоғары, білікті директорлар басқарды. Сонымен қатар, кеңшардың әр саласын білікті бас мамандар басқарып, олар шаруашылық өндірісін ғылыммен ұштастыра отырып, жұмысты тиімді жүргізбейінше, тындырымды оң нәтижеге жете алмайтыны аян. Аудан кеңшарларында сүт, ет өндіру мен жас төлдерден қосымша салмақ алу, мал бастарын күтіп-бағу жолында зоотехникалық-мал дәрігерлік іс-шараларды жақсарту барысында, Хайрекең сол жылдардағы басқарманың білікті бас мал дәрігері Т.Туғанбаев екеуі, аудан кеңшарларындағы бас мал мамандары Б.Ғабдуллин, Ө.Қоңқасов, Ә.Көшіков, И.И.Аксенов, Б.М.Химяк, Е.К.Онуфриенко, О.Омаров, С.Табенов және тағы басқаларымен бірлесе, қоян-қолтық араласып, тың жобаларды өндіріске енгізе отырып, еңбек өнімділігін көтеруде, өзіндік үлесін қосып жүрді.

Ауданның ауыл шаруашылығы өндірісіндегі кіргізілген жаңалықтар мен жаңа озық технологияларды нәсихаттау мақсатында аудан кеңшарларында облыстық семинар-кеңестер жиі өткізіліп тұратын.

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдар, өте ауыр кезең болғаны аян. Осы қарсаңда аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандары, ауыл шаруашылығын реформалау, яғни «Мемлекет иелігінен алу, жекешелендіру» заңына сәйкес, кеңшарларды таратып, орнына жаңадан жеке шаруашылық құрылымдарын құра отырып, олардың нарықтық қатынаспен жұмыс істеп кетулеріне жанды көмек көрсетіп, жан-жақты қолдау жасап отырды. Аудан шаруашылықтарында жекешелендіру жұмысы тек 1998 жылы ғана аяқталып, барлығы бір мыңнан аса шаруашылық құрылымдары жұмыстарын жүргізіп жатты.

2004-2005 жылдары аудан басшылары Хайрекеңе сенім білдіріп, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-кадр және құқықтық жұмыс бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалғанды. Ол қызметте де жақсы қырымен таныла білді.

Ауыл шаруашылығы саласында мол тәжірибесі мен іскерлігі ескеріліп, 2005 жылы Хайрекең «Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бастығы қызметіне тағайындалған еді. Бұл қызметінде де ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған біршама жұмыстарға ұйытқы болды. Мәселен, мал шаруашылығын ғылыми негізде дамыту мақсатында, Қазақ Ұлттық аграрлық институтының белді ғалымдарымен келісім бойынша тұрақты жұмыстар жүргізе отырып, шаруа қожалықтары иелігіндегі мал бастарын асылдандыру, генетикалық қорын жақсарту жолында, 12-ден астам шаруашылық құрылымдары асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық мәртебесін иеленулеріне, өз үлесін қоса білді. Олардың бірқатарын атап айтсақ Т.Әреновтің «Әлішер» ш.қ, Б.Мұсатаевтің «Игілік» ш.қ, Е.Кенжеғұловтың «Еңбек» ш.қ, Е.Сматылұлының «Ақжол» ш.қ, А.Дәрімбаевтің «Түлкілі» ш.қ, А.Қалимолдаевтың «Дарн-Н» ш.қ. және тағы басқалары. Нәтижесінде шаруа қожалықтарының әлеуеті көтеріліп, өнім сапасы жақсарып, пайда көру қабілеті артты. Уақыт талабына сай басқа да жұмыстар атқарылып жатты.

Кейіпкеріміз бұл қызметін зейнеткерлікке шыққанша, 2013 жылға дейін абыроймен атқарды.

Хайрекең кейінде өзінің ұстаздарын есіне алғанда: «мен қызмет істеген жылдары ауданның бірінші басшылары болған К.Дүйсенбеков, М.Абақанов, С.Медеубаев, К.Медиев, К.Сарханов, Р.Оразханов, Р.Әбдікеров, Қ.Тілеубергеновтер мен аудандық а.ш. басқармасының басшылары М.Әдекенов, Е.Сембин, Б.Жұмкин сынды ел ағаларымен бірге еңбек еткенімді мақтан тұтамын. Бұл кісілерден шаруашылықтарда кездесетін қайсыбір күрделі мәселелерді шешу ғана емес, сонымен қатар, адамдармен қарым-қатынас пен басқару өнерін үйрендім. Әсіресе, ұзақ жылдар бірге қызмет істеген, сөзге де, іске де мығым Боранбай Жұмкеұлын ерекше құрметтеймін. Сонымен қатар, аудан халқы құрмет тұтқан аупартком хатшысы, мектеп директоры қызметтерін атқарған, ұстаз, жездем Ж.Күлейменұлы мен ауыл шаруашылығы өндірісінің білікті ұйымдастырушысы, ұзақ жылдар кеңшар директоры болған ағам М.Медетбекұлын өзіме үлгі тұттым, осы кісілерге ұқсап еңбек етуге тырыстым» – дейді.

Хайрекең қоғамдық жұмыстарды да қатар атқарып отырды. Мәселен, 1989-1994 жылдары аудандық Кеңестің депутаттығына сайланып, аграрлық сала бойынша тұрақты комиссияның төрағасы ретінде, отырыстарда қаралған түйткілді мәселелерді, кеңшар басшыларымен келісе отырып, оң шешімі табылуына атсалысып жүрді.

Сол сияқты Хайрекең кейінде зейнет жасында болса да, Жидебай батырдың 300 жылдығын өткізу сияқты шараларға да белсене атсалысып отырды.

Хайрекеңнің еңбегі лайықты бағаланып, 2011 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалімен, 2009 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақ федарациясының арнайы «Еңбек даңқы» белгісімен, бірнеше мәрте облыс, аудан әкімдерінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталған.

Халқымызда «Бақыт дегеніміз еңбек пен баланың қызығын көру» деген тәлімді сөз бар. Хайрекеңнің адами тұлғалық бейнесі, қызығы мен шыжығы қатар жүретін өмір жолында, оған серік бола білген Алмаш Шәкенқызындай жарының бейнесімен бағамдасақ, толыға ашыла түсетіндей. Алмаш Алматы медицина институтын 1973 жылы үздік бітіріп шығады. Мамандығы терапевт (емдеу ісі) Гипократтың антына бұлжымастай адалдық танытып, халықтың денсаулығын жақсартуға өзінің сүбелі үлесін қосқан Алмаш Шәкенқызы, текті жерден шыққан, атақты ақын Қасым Сырымбетұлының немересі.

Хайрекең мен Алмаш жеңгей бес балаларын тәрбиелеп, өсіріп, немере сүйіп отырған қадірлі ата-әже. Ұл балалары – Бекнұр мен Әсет-құқық қорғау саласында еңбек етсе, қыз балалары Лунара, Гүлнұр, Әйгерімдер мамандықтары бойынша әр салада қызмет істеп жүр. Бәрі де жоғары білімді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, әулеттің туын биік ұстап отырған жан. Бүгінгі күнде қызғалдақтай құлпырып өсіп келе жатқан, балдай тәтті Сабина, Батырхан, Исмаил, Айбар, Санжар, Сармат, Асылжан, Ділда, Анела, Аделя есімді немере-жиендерін қызықтап отырған жайы бар.

Ұзақ жылдар етене араласа жүргенде байқағаным, Хайрекең жан сарайы таза, кімге болса да достық, ізеттілік сезіммен қарайтын, сырты да, іші де сұлу, жарасымды жан екен.

Сөз соңында Алла тағаланың бір адамға берген бақыт-сыйы осындай болсын дей отырып, қадірлі Хайролла Медетбекұлының мерейлі 70 жасы құтты болып, отбасына береке-бірлік, зор денсаулық, баянды өмір жалғастығын тілеймін. Алла бойыңызға қуат, жаныңызға шуақ сыйласын!

Ермек САТАЙҰЛЫ,

зейнеткер.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button