Өнеге өрісі кең еді

Бұл жалғанға кім келіп, кім кетпеген?! Ел басқарған көсем де, сөз бастаған шешен де, қол бастаған батыр да тәрк еткен дүние – бұл өмір. Көрер жарығы мен татар дәмі түгесілген күні жұмыр басты пенденің бақиға жөнеп беруі – сол өмірдің ешқашан өзгермейтін заңдылығы.

Әрине, «өмірдің өз заңдылығы» деп өзіңді-өзің сабырға шақырғанмен, етжақының немесе елге ерекше еңбек сіңірген жандар – түсінігі мен түйсігін, қалпы мен қабілетін, өресі мен өнегесін айрықша қастер тұтатын тұлғасы биік адамдар фәниден озғанда көңілің қабаржу тартып, жан-дүниең құлазып қалатыны да ақиқат.

 Мемлекет және қоғам қайраткері, бірнеше буын ұрпақ өкілдерінің бойына ұлттық болмыстағы ұлағат ұғымдарын сіңірген Қасымбек Медиұлы Медиев бақиға көшкенде дәл сондай күйді басымыздан кештік. Біртуар болмысты, ардақты ағаның өнеге өрісі өте кең еді. Әр сөзі мен әр қимылынан мемлекетшіл ниеті, ұлтжандылығы мен өзінен кейінгі буынға, әсіресе, жас буынға жанашырлығы айқын аңғарылып тұратын. Өмірден бай тәжірибе жинақтаған әрі соны күнделікті ісқимылында оңтайлы пайдалана білетін тұлғаның кез келген мәселенің түйінін тарқатуға қатысты ұрымтал шешімдері үнемі ақталып жататын. Басқаға жасаған қамқорлығын міндетсінбейтін қасиеті таңдай қақтырушы еді. Оның осы бір ерекше болмысы – кім-кімге де таптырмас үлгі.

«Жақсының аты өшпейді». Ендеше, Қасымбек Медиұлының жарқын бейнесі оны білетіндердің есінде мәңгі сақталары күмәнсіз.

Бақұл болыңыз, асыл бітімді Аға!

 Рысқали ӘБДІКЕРОВ,

 ҚР Парламент Сенатының депутаты.