«Өнегеңнен айналдым, әз Наурыз!»
– Алыстағы туысыңды, жақыныңды біраз уақыт көрмей кетсең, кеудеңді сағыныш кернейді, – деп бастады әңгімесін Ақжал кенті ақсақалдар алқасы кеңесінің төрағасы Серік Қамбарұлы. «Сол секілді ғасырға жуық уақыттан бері көз жазып қалған аяулы Наурыз мейрамын асыға күткеніміз шындық еді. Жас кезімізде ауыл-ауылды аралап, таза киімін киіп, маңайын шуаққа бөлеген жастарды, үлкендерді көретінбіз. Соғыстан кейінгі кезең ғой. Мен оңтүстік жақта өстім. Аумалы-төкпелі заманда бабаларымыз Арқадан үдере көшті емес пе?! Көп кешікпей елге оралдық, біраз ағайындар сонда қалып қойды. Қазір ойлап қарасам, Наурыз тойын өз араларында жасырын атап өтеді екен ғой. Бүкіл халықтық мерекеге айналған Наурыз 1988-1989 жылдары біржола ортамызға келіп, арқа-жарқа күй кештік. Осыған тәубе дедік, бірақ, наурызды өткізудің белгілі ережесі жоқ. Үлкендерден естігеніміз, кітаптан оқығанымыз бар, атап өтуге ұйғардық.
– Еске алып көріңізші, неден бастадыңыздар?
– Ұмытпасам, 1990 жылдың көктемі болса керек. Ақжал кентінің сыртына он шақты киіз үй тіктік. Әрине, қыс ызғары әлі кете қоймаған. «Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз». Қатқан қарды сырып тастап, үй тігетін жерді тазалап, алдын ала дайындық жұмыстарын жүргіздік. Шіркін, даланың сәні ақ шаңқан киіз үй ғой. Доғаға ұқсатып дөңгелене тігілген киіз үй бой көтерісімен, ауылдың сән-салтанаты кірді де кетті. Салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың біразынан көз жазып қалған екенбіз, көбісі көкіректе сайрап тұр. Ең бірінші киіз үйдің ішін бабалар аманатына сай жабдықтауға кірістік. Сол кезде зерделі әжелер, ауыл ақсақалдары болды. Киіз үй жабдықтары табылды. Ауыл ішінен көш керуен жүргізуді де ұмытқан жоқпыз. Ат үстіндегі бес қаруын асынған батырлардың сыртқы көрінісі қандай тартымды еді. Ошақта от маздады, наурыз көжені бұрқыратып, таңынан бастап қайнаттық. Қыстан қалған сүрдің иісі, жарықтық, бүкіл далаға жайылды. Бабаларымыз қандай данышпан, көреген еді. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын», – деген игі тілек жан дүниеңді жадыратады. Өзіміздің жаңа жыл басы. Алладан тіледік, аузымызды ақтан айырмасын дедік. Келе жатқан жаз берекелі, ырысты болсын дедік. Сөйтіп, күн мен түн теңеліп, наурыз мерекесі қазақ даласын шарлап кете барды. Шындығында, жер-дүние мен адамзаттың бір сілкінетін кезі болады. Қыс бойғы ауыртпашылық артта қалып, жеңілдеп, алдағы күнге ізгі үмітпен қарау қандай ғанибет. Тұрмыс-салттың ертеден қалыптасқаны, сөйтіп, оны шаруашылық мейрамына айналдыру бабалардан қалған базарлық. Осы Наурыздың өн бойында ұлтымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы таңғы шықтай тұнып тұр емес пе? Бойжеткендер сәукеле киіп, ұлттық киімді жарқырата көрсетсе, жігіттеріміз ұлттық спорт түрін бағдарламаға енгізіп, оны жұртшылыққа өздері насихаттады. Арқан тартыс, асық ойнау, қазақ күресі, көкпар, бәйге – барлығы осы мейрамда көрініс табуы керек сияқты. Біз бар мүмкіндікті Наурыз тойында көрсетуге ұмтылдық. Үлкенді сыйлау, құрметтеу, домбыра, қобыздың үнін шығарып, ауылды әнге бөлеу, алтыбақан аясында жастар шоғырланып, жиналып көңілді кеш өткізу, сырласу – шындығында бір әдемі дүние. Бара-бара Наурыз мерекесін өткізуге машықтандық. Кенттегі өндірістің әр цехы, ауыл ішіндегі әр мекеме киіз үй тігуді қолға алды. Мектеп, аурухана, балабақша ұжымы жылма-жыл наурыз мейрамын жоғары деңгейде өткізуге белсене араласады. Қыдыр атаның батасы әр жүрекке жетеді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді ғой атам қазақ.
– Ақжал кенті көп ұлтты емес пе?
– Иә, мұнда 4 мыңға тарта халық тұрады, орыс, неміс, корей ұлтының өкілдері бар. Олар қазақтың әдет-ғұрпын бойына сіңірді ғой. Тіпті, мына өндіріске сонау Ресейден келген жұмысшы мамандар да бізбен бірге наурыз тойын тойлап, шат-шадыман күй кешеді. Ауылдағы «Шұғыла» мәдениет үйінің өнерлі жастары да әр кез наурыз мерекесінің халықтық тұрғыда өтуіне ұйытқы болып жүр.
– Менің ойымша, – деп түйіндеді әңгімесін Серік Қамбарұлы, – Наурыз мерекесі – әр адамның жан дүниесінің жаңаруынан бастау алады. Әр үйдің ауласы тазаланады. Үйдегі тұрмыстық заттар жуып-шайып, ретке келтіріледі. Бір-бірімен ренжіскен адамдар табысып, кешірім өтінеді. Тал егіп, елді мекенді көркейту керек. Наурыз көженің иісін бұрқыратып, әр дастарқанның сәнін келтіру, барша адамзатқа жақсылық тілеу, арқа-жарқа мерекелік күй кешу – ғажап дүние.
Иә, ұзақ жылдар бойы Ақжал кентінде байланыс бөлімшесінің бастығы болған ақсақал Серік Қамбарұлын біраздан бері білеміз. «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 25 жыл», қазақтың ұлы сардары «Баян батыр» медальдарының иегері. Әр жылдары Ақадыр аудандық жергілікті байланыс бөлімшесінің бастығы, халықтық бақылау комитетінің төрағасы, ауылдық, селолық кеңестің төрағасы секілді қызметтерді абыроймен атқарған. Ұлы Отан соғысынан оралмаған жерлес жауынгерлер құрметіне ескерткіш-тақта орнату туралы бастама көтеріп жүр. Айтпақшы, биыл Серік Қамбарұлы 70 жасқа толып отыр. Сонымен қатар, өмірлік жары Светлана Әнуарбекқызымен отау құрғанына елу жыл екен. Аһарлы-шаһарлы әулет. Бақытты, берекелі ғұмыр кешіп келеді, немере, шөберелер өсіп жатыр.
Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ
ШЕТ ауданы.
Суретте: еңбек ардагері Серік Қамбарұлы мен өмірлік жары Светлана Әнуарбекқызы екеуі бала шағасының ортасында.