Поэзия

«Не күтемін «Негесі» көп бұл күннен»

Абзал БӨКЕН,

Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

ШАРБАҚ

Бала кезде тай үйреткен жүгендеп

Туған жерге сіңірмедім түк еңбек.

Отыз жылдай Алатауды айналдым.

Алыс жерде аттың терін үгем, – деп.

Онымнан да көре алмадым өнген түк,

Олжамызды жіберердей өңгертіп.

Қара бала орынына

Әкелдім

қажып қалған қара шалды елге ертіп.

Қалды Алатау қайқаңының нұры аппақ,

Көкейінде «неге» деген сұрақ қап.

Күзетулі қызығымнан күстім мен,

Күбі тола бір жұтатын бұлақты ап.

Қыр деміне қаны кебе шөлдеген

Қамаудағы қаңғыбас ем мен деген.

Түсінер ме мұны

Отыз жыл түгіл,

отыз күн де елден ұзап көрмеген?!

Білесің ғой Толстойдай атаның

Бақ мекеннен тұра қашқан шатағын.

Жидебай да байсын еді.

Байсыннан

Тасқораға неге кетті Шәкәрім?!

Қоршау, қоршау…

Қоршаудағы боп кешше

жүргендер көп,

Сен де солай текке өшпе.

Жұмақтың да шарбағы бар, мен білсем,

Шарбағы жоқ тозақ кіріп кетпеске.

Беу, еркіндік!

Болмайтұғын алалау

кеңдігіңді керек екен бағалау.

Қамау көрген қашағыңды қабылда

Шілігі бар,

Шарбағы жоқ, Далам-ау!

ЖАСАНДЫ

Жалықтым-ау жағалай жасандыдан,

Жасанды жұрт, жасанды ел, жасанды маң.

Жасанды бел,

жайылған жасанды көл

Табиғи төл секілді қашанғыдан.

Жасанды дем, жасанды ем, жасанды ауа,

Болмысы бос болған соң қасаңдау, ә?

Жасанды көз, жаныққан жасанды сөз

сап тыйылып,

Табамыз қашан дауа?

Кеусенім де жасанды, кебегім де

көңілімнің өтірік өбегінде.

Жасанды дән, күн сайын жасанды дәм

Ішкенім де,

істіктеп жегенім де.

Жайсыз тисе жаныңа жасанған у,

Жас та болсаң бойыңнан қашар қару.

Жасанды қас, жамылған жасанды шаш,

Жасандыға «аш»

Құшқаным жасанды ару.

Жасанды жал,

Жабысқан жасанды мұрт

шалғысымен қиярдай шашаңды кілт.

Зерттесем қан жағын жасанды қан,

Келіп көрсем жан-жағым жасанды жұрт.

Жасандысыз жарты адым баса алмаған

Жаһандану жалмауға жасар қадам.

Нағыз адам бол, – дейсің,

Қалай болам?

Бол, – деп тұрған өзің де жасанды адам.

ТОРҒАЙ-МИ

Бала кезім,

Байсал табу сондай күш,

Қыр қыдырып қызықтауды қолдайды іш.

Қалбалақтап ұшты торғай кенеттен,

Қалбалақтап қуып бердім мен байғұс.

Іліп түсем деген үміт ырғып-ақ,

Ілекерге айналғаны бұлдырап.

«Жаралы» құс жалп-жалп етіп баратқан

Бір ұшады,

қара жерге бір құлап.

Ұту болып, тұту болып миымда,

Ұмтылдым-ау кем дегенде жиырма.

Қол созымнан ұзамаған «кемтар» құс

Алып кетті қайдағы бір қиырға.

Егесіне бағынбады еп қалай, –

деген оймен қуып жүрсем тоқтамай;

Ұясынан ұзатып ап…

Ұяттан

жұрдай торғай самғай ұшып кеткені-ай.

Назаланған енді мендей мүскінді

назарға алып, кім ұғады ішкі үнді?!

Ұям менің Жер еді ғой.

Сол Жерді

кеше қорғай алмадым ғой құс құрлы.

Шымбайыма батыра бір шымшыған

Шырғалаңнан жаным, кәне, тыншыған.

Содан бері торғай көрсем,

Басымда

Торғайдай ми бар деуге де қымсынам.

ШӨМИТУ

(Рио Олимпиядасының күміс жүлдегері В.Левитке)

Алтын жамбы алып тұрған Левитті

«Әділ қазы» күміс беріп шөмитті.

Сөйтер болса көз алдында әлемнің,

Әлем «жоқта» дей алмассың,– неге өйтті?

Қиянатқа қарсы шыққан аттанның

арты тынды,

Секілденіп батпан мұң;

Әділетті ойлап тапқан қай аусар,

Ар-ұятты және ойлап тапқан кім?

Табылардай туралықтың күрт кені

Шындықты іздеп шатысады жұрт, тегі.

Халқыңыздан нан жеп жүрге АИБА-ңыз

Сол халықпен танауын да сүртпеді.

Қанша жерден айтқаныңмен лағынет,

Олимпіңде жүрген солар жағып от.

Құлагердей қастық көрген

Осылай

Опат болды орға құлап әділет.

Ер түңілді.

Ерінеуден ой ыршып,

Тасқа айналды көзден тамған шойын-шық.

Бізді күнде шөмитеді.

Төрт жылда

бір шөмию – боп жүрмесін ойыншық.

Сауал сансыз,

Жауап жансыз,

Үлгім кем,

Не күтемін «негесі» көп бұл күннен?

Өзімнің де ит өмірдің Левиті

екенімді

Левиттен соң білдім мен.

ЖҮЗ СОМ

Жүз сом емес,

Жүз жолдасың болсын, – деп

үгіт айтқан коммунистік сол «сүннет».

Әл жимадық әндемді боп әмиян,

Мал жимадық қорамызға толсын, – деп.

Бүгінгідей баю қайда ұрлап ап,

Сақилықпен күндер өткен сырғанап.

Айлығымыз – азық еді,

Ал, енді

Байлығымыз – киім еді бір қабат.

Бөлінбеген ұсақ пенен іріге

Сол бір заман естен кетпес тіріде.

Анау озды, мынау тозды, – дейтіндей

Бәсекенің болмайтұғын бірі де.

«Сабыр түбі – сары алтынды» санаға ап,

Салқам болды шеттерінен жаны абат.

Бауыр еді бір-біріне бейтаныс,

Қауым еді қаузағаны – қанағат.

Байлық емес,

Бағаланған кісілік,

Қайда қалды сол бір сәби түсінік?

Адал болдық, аңғал болдық.

Білмедік

аңғалды аттан кететінін түсіріп.

Нарық келді…

Мәз қымызға, мәз аққа,

Халқым қалды қаржы деген азапқа.

Жүз дос емес,

Жүз сомның да керегін

жүз жылда ұққан

Не дерсің бұл қазаққа?!

ЖҮГЕН

Жамбасқа шідерісін баса құлар

Жан болдым жылқыңызға аса құмар.

Басында өрме жүген.

Түйін сайын

төгілген тоғыз таспа шашағы бар.

Қарттардың қайыс тіліп, малдас құрған

Қимылын көрген едім алғаш қырдан;

Соғылған ақ болаттан ауыздықты

Ақ қайыс тізгінімен жалғастырған.

Шашағы өз алдына төгілгені,

Сағадан басқа жерде жоқ ілгегі.

Кетпеске сусып сол бір сағалдырық,

Таққаны торы түсті тобылғы еді.

Ат емес, атом мінген келдім елге,

Не қалды елжірейтін енді менде?!

Уыстап ақ құйрықты асаған соң,

Саусақты сүртуші едік сол жүгенге.

Басынан керегенің орын алған

Тағы да көрер ме едім соны, жалған.

Шал да жоқ күзек пенен қыстауыңды

«Қайт-қайттап» шыға келер қорып алдан.

Маңайдан – жеткізбейтін түбі елсіздік

Салтты іздеп, сананы іздеп түгел сүздік.

Ат та жоқ, жүген де жоқ…

Алдымда тұр

әкелген асау ғасыр жүгенсіздік.

ЖЫНДЫ

Шүйкесі жоқ, шырқ айналған ұршық құр

секілденіп демігеді күнсіп қыр.

Былайғы жұрт ұлылықтан жұрдай боп,

Жындыхана ішінде ол сыңсып тұр.

Болатындай бұрынғының атағы ем,

Бірі Гитлер, бірі оның Напалеон.

Мәз боп қалды

байлаудағы байғұсқа

Сенің сойың Бонапарт, – деп атап ем.

Өз қиялы өздеріне өте ұнап,

Жырақпенен тілдеседі жеті қат.

Бірі оның біліп айтар Платон,

Бірі оның тіліп айтар Сократ.

Желік емген, жетпей қалса жел емген,

Жетіп жатыр жер бетінде өлермен.

Жындыларды мінеймін-ау,

Мұндайды

саулардың да арасынан көрем мен.

Көнді екен деп көнтерілі сөз епке,

Қанағатты теуіп болмас өзекке.

Ұлылықпен тымауратқан тым ерте

Тық-тық етіп жөтеледі бозөкпе.

Енді бірі – борпастақ ой, босаң түп,

Кеткен дейді көк аспанға қос артып.

Басы азат демесеңіз,

Бұлардың

Байлаудағы Бонапарттан несі артық?!

Ал, дарындар өзін-өзі өте өңдеп

өзеуреуді – деп санаған бөтенге оқ.

Мен ұлымын, – десе біреу селк етем,

Жынханада жүргем жоқ па екем, – деп.

ҚАН

Баяғыда, баяғыда…

Масқара,

Алматыда «Жалын» деген баспада;

Жұмекеннің қолжазбасын көрдім мен

Басу үшін дайындаған тасқа ана.

«Қыран қия» қағазбенен бір бума,

Қия шыңнан сәл қалыпты ырғуға.

Күзеп,

Түзеп,

Жамап,

Жалмап бір жебір,

Талаңдар, – деп тапсырыпты кіл қуға.

Мысық бопты жолбарыстай мықты жыр,

Мықты жырды мытушыңыз тіпті зіл.

Ұлық өлең түскен қағаз –

Ұқыпсыз

оқушының дәптеріндей қып-қызыл.

Қаны қатып қадымдағы қалпына,

Кеңес құрып, салды және талқыға.

Астын қазып әр сөзінің,

Тірелді

«Шаш» деген бір шағын сөздің нарқына.

Қан қайнады, жан жайрады.

Құп екен

дейтіндерге,– мін еместі мін етем.

Шаш деген ол мынау ғой, – деп,

Шыдамай

бір түп шашын жұлып алды Жұмекен.

Шиебөрідей табыстырған шалғай үн,

Талап жесе, тартынбауға жан дайын.

Қасбетінен қарғып шыққан қызыл қан

Қаққа бөлді қасіретті маңдайын.

Кетті шайыр…

Асуынан арды іздер

«Қыран қия» – қанаттыға жалғыз жол.

Қара өлеңге қанын берді ол.

Қарғам-ай,

Нені беріп ақынсимыз, ал, біздер?

ЖОҚ

Атым жоқ мініп жүрген,

Атағым жоқ,

Сарай жоқ,

Сарай түгіл жатағым жоқ.

Ақшам жоқ,

Ақша салар боқшам да жоқ,

Шақшам жоқ,

Шақша ұстайтын шатағым жоқ.

Жоқ мансап,

Жоқ жоғары қызметім,

Қалың жұрт қабылдауға тізілетін.

Басқасы былай тұрсын.

Қоқыс кешкен

жүмейді қаңғыбасқа құзыретім.

«Тепкім кеп» қызыл кілем басқаным жоқ,

Екпіндеп емен есік ашқаным жоқ.

Көкем жоқ қолтығымнан көтеретін,

Текем жоқ,

Топ ешкіде басқа дүрмек.

Орден жоқ.

Орден түгіл, сыла жұқаң –

Медальді әрең-әрең шырамытам.

Мерей жоқ, мерейтой бар.

Мерейтойдан

«бер-ей», – деп алған нәрсе – грамотам.

Банкім жоқ,

Басып алған қазынам жоқ,

Алтын жоқ,

Алмаспенен базынам жоқ.

Ақшам жоқ –

Алыс жерде офшорым жоқ,

Бақшам жоқ –

Мәуесіне мәз ұрам жоқ.

Түгім жоқ.

Жоқ тоғайы, жоқ терегі

Пендемін тәубесімен тоқ қорегі.

Сонда да мені біреу көре алайды,

Сонда да мені біреу жек көреді.

Бір нәрсе болғаны ма әлде менде?

МАХАББАТ МЕКЕНІ

Махаббатқа мекен болған мына маң,

Сол қалпында тұр екен ғой дін аман.

Ақтоқтының ауылына соққанбыз,

Ақан құсап қарғып түсен Құладан.

Ана жерде алаурайды таныс бақ,

Таныс бақты тастаған ба жаныштап.

Бір қарасам сол бір жылдар жап-жақын,

Бір қарасам кеткен сынды алыстап.

Аз көрмесек ай өткендей сағынып

Ана жерден тұрушы едік табылып.

Мына жердің гүлзарынан гүл үзгем,

Қарап тұрмай қарадайын қағынып.

Мынау ағаш, Тәңірім-ау, сол ағаш,

Жерім бопты енді менің жоламас.

Селдірепті сеңсең киген тоғайы,

Біз қыдырған шалық буып, шала мас.

Ана жерде секілденген қызыл гүл

ажарыңа үзір айтып, үзілді ұл.

Мына жерде мөрі жатыр өкшенің,

Өшпей қалған, бәлкім, сенің ізің бұл.

Ана жерде барын беріп бал ерін

Әдебіңнің шығарған-тын әлегін.

Мына жерде ессіз сезім,

Ерке шақ…

Есі кірген жоқ шығар-ау әлі оның.

Ана жерде су ішкенбіз қаталап,

Мына жерде сүйіскенбіз жата қап.

Ана жер мен мына жерде шашылып

қалғаны ма қайран біздің махаббат.

ШЕТТЕТУ

Өтпеді ме әлде өзінің сүйкімі,

Жетпеді ме әлде жердің қиқымы.

Топ ішінде тепкі көрген торғайдың,

Бізге жұмбақ сыры менен сиқыры.

Қиыр шеттен қаңғып келген кірме ме,

Кеспірі де келіспеген бірдеңе.

Жемге қонса, оның орны шетінде,

Көңге қонса, иіні алыс іргеде.

Болғаннан соң шеттерінен мәтіби,

Жайдақ бұта – жадағайлау жатын үй.

Қауымдастан қалғанын жеп,

Қақтығып

таңдайына басқан дәмі татыды и.

Аяз қысып, не кеткенде күн ысып,

Қанаттылар күн көреді ұйысып.

Ұйысуға орын қайда,

Қашанда

отырғаны қу бұтақта бүрісіп.

Қой кетейін,

Мен сендерден шошыдым, –

деп шығарар қайдан болсын тосын үн.

Қайда барса көретіні Қорқыт-көр,

Қайда барса көретіні осы күн.

Сыртқы көзге ұжымы бір көп торғай,

Сездірмейді ішіндегі кепті ондай.

Шөжелер де шеттетеді…

Таң қалам

адамды адам жүргеніне жеп қоймай.

«ТЕРІ»

Соғымыңның терісіндей қыстағы

Бұл даланың көбейіп тұр дұшпаны.

Күтім еді мойыны мен сауыры,

Бүтін еді бауыры мен пұшпағы.

Тоқтық келіп, көзді буса көбең хал,

Талапайға салмақсың ба төбеңді әр.

Қазағыңнан қалған бір сөз:

«Теріні

жайып қойсаң ит қамайды, – деген бар.

Жайып қойдық.

Жайына қап құтты еңбек

Жауһарымды жайпап кетті жұт теңдеп.

Жерім – тері.

Енді соны «қамайтын»

иттің саны иесі жоқ иттен көп.

Қайда әлгі жаушы жетсе,

Жақтасы

секілденіп қолындағы шақшасы:

«Қатынымды ал,

Жатынымды ал,

Атымды ал…

Жерімді алма», – дейтін Ғұнның патшасы?

Бабамыздың терден кеппей тақымы

баққан жерін базарламақ ата ұлы.

Жерді қайтсін,

Қымбат оған алтыны,

Елді қайтсін,

Қымбат оған қатыны.

Қыран емес,

Секілденген күшіген

Қорқам мынау заманыңның түсінен;

Ақ найзаның ұшыменен келген жер

кете ме, – деп ақ қаламның ұшымен.

МҰҚАҢНАН ҰЯЛУ

Енді қанша жерге барам,

Білмеймін,

Жая жемей, туған күні жыл «жеймін».

Жасың ұзақ болсын – дейді,

Бұл сөзді

көзге ілемін, көкейіме ілмеймін.

Текті достар тілек айтты толғатып,

Көңіліме қорек болар ол – қатық.

Бақытты бол, – дейді және,

Білмейді-ау

бақилық боп кеткендігін сол бақыт.

Бағзы күнге қайтсам,– дейді бас күнім,

Көңіл – көрпе,

Көтерсеңіз асты мұң.

Көрген түстей,

Алпыс сегіз ауылдың

әр жағында қалып кеткен жастығым.

Ебі кеткен,

Шебі кеткен би төрге

шықпайды, – деп шетке бірақ итерме.

Өмір қымбат – атаныңа алтын арт,

Өмір қымбат – тезек тасы, қи теңде.

Туған күнін өткенінше ойнап ай

«Мына адамдар неге жатыр тойламай», –

деп күйінген Мұқағали

Бүгінде

ой мен тойға толып тұрған қоймадай.

Әйткенмен, әйткенмен,

Ұядан

ұлы шықса, ұлы еместер тыяды ән.

«…жарытпай-ақ қойғаны-ай, – деп налыған

сол Мұқаңнан

«жарыған» мен ұялам.

ТАБЫНУ

Табынудың болатынын түр-түрі

Танымаудың өзі кейде күлкілі.

Мен табынсам, тектілерге табынам,

Солар нағыз Алаш даусы,

Ұлт үні.

Мен табынсам күйін шертпей біржардың,

Бүтін жұртқа басымды иіп , бүр жардым.

Даналықтың тері сіңген тері тон

Мың есе артық ішігінен мырзаңның.

Алқауына алғанымен ақ жалған,

Адам емен бабым келіп, бақ жанған.

Сыйлы еріме сүйенемін сондайда,

Билеріме…

Қара қылды қақ жарған.

Қарашадан биік тұрар күтімі

қараулармен халықтың жоқ бітімі.

Патшаға да табынуға бармын мен

Жұрты бай да,

Болса өзі жұпыны.

Арды ойлаймын,

Нәрді ойлаймын төл емген,

Нарды ойлаймын намыс десе өлермен.

Жақсыларға табынам деп,

Жақсы ісі

тапшыларға табына алмай

келем мен.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button