Бас тақырыпОблыс әкімі

Өндірісті өңір әлеуетін еселейді

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде облыс әкімі Жеңіс Қасымбек баспасөз конференциясын өткізді. Онда Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жария етіліп, әкім журналистер қауымының сауалдарына жауап берді. Аймақ басшысы әуелі кеншілер мекенінің 2019 жылғы дамуы мен алдағы жоба-жоспары туралы баяндады.

Инвестицияда – рекордтық көрсеткіш

Қарағанды облысының 11 айдағы дамуы мен 2020 жылға арналған жоспарлары жария етілді. Атап айтқанда, облыстың биылғы экономикалық өсімі 106,6 пайызды құрады. Негізгі қорға құйылған инвестициялар 1,6 есе өсті және оның жалпы көлемі 685 млрд. теңге шамасында. Жыл соңында бұл көрсеткіш 700 млрд. теңгеден асып жығылады деп күтілуде. Сонымен қатар, облыстағы құрылыс жұмыстарының ауқымы 2 есеге ұлғайған. Бүгінгі таңда 372 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ал, бюджетке түсетін міндетті және өзге де салық түрлерінен түскен түсім жоспардан 3,9 пайызға артық.

– Өңірдің индустриялдық өңір және жоғары урбанизациялығын ескере отырып, біз үшін өндірісті дамыту – маңызды. Өнеркәсіпте Қарағанды облысы экономикасының жартысын тау-кен және өңдеу өнеркәсібі құрайды. Ол – 51 пайыз. Бұл салада өндіріс көлемі 2 трлн.теңгеден асты. Түсті металлургияда жаңа кәсіпорын ашу және «Қазақмыс» корпорациясының» Жезқазған мыс зауытындағы екінші пешті іске қосуы – мыс өндіруде өнімді 360 мың тоннаға дейін арттырады деп күтілуде. Былтыр бұл көрсеткіш 300 мың тонна болатын. Өздеріңізге белгілі, биылғы жылдың басында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ зауытында апатты жағдай орын алды. Бірақ, 11 ай қорытындысы бойынша өндіріс көрсеткіші 101,7 пайызға артып отыр. Ал, жылдың қорытындысында болат өндіру 400 мың тоннаға көбеймек. Жалпы көлемі 3 млн. 700 мың тонна болады деп жоспарлануда, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар, облыс елімізде көмірдің негізгі жеткізушісі болып табылады. Көмір өндірісіндегі Қарағандының үлесі – 52 пайыз шамасында. Аталған ірі өндіріс орындарынан бөлек, облыста 39 жаңа ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда.

 – Бүгінде облыста 39 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда, оның 15-і шетелдік капиталмен – 1 трлн. теңге көлемінде. 2019 жылы жалпы құны 110 млрд.теңгелік 8 жаңа өндіріс іске қосылды. Олардың ішінде «YDD Corporation» ферроқорытпа зауыты, Қарағанды целлюлоза-қағаз комбинаты, үш күн электр станциясы, «Альфарух» көтерме-логистикалық орталығының құрылысы бар. Осы жобаларды жүзеге асыру бізге 700 млрд. теңгеден астам инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Бұл – Қарағанды облысы үшін рекордтық көлем. Екі жыл ішінде инвестиция көлемі екі есеге өсті. 2020 жылы 13 жаңа өндірісті іске қосу – 280 млрд. теңге инвестиция тартуға және 1600-ден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік, – деп атап өтті облыс әкімі.

Бүгінгі таңда облыс үшін маңызды жобалардың қатарында Жәйрем тау-кен байыту комбинаты, Долинное кен орнының алтын өндіру фабрикасы, Linde Gas өнеркәсіптік газ өндіру жөніндегі екінші зауыт бар. Бұған қоса, Саран қаласында автобустар мен лифттер өндірісін ашу жөнінде келіссөздер жүргізілуде.

Аграрлық сектор – сұранысты өтеуге қауқарлы

Аймақ басшысы биылғы ауа райының қолайсыз жағдайына қарамастан облыс аграрларының егіс алқабынан жақсы өнімге қол жеткізгенін атады. Сол өнім тек Қарағанды аймағын ғана емес, көрші өңірлерді де қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мал шаруашылығы да даму үстінде.

Мәселен, биыл ет шаруашылықтары Қытайға, Иран мен Өзбекстанға 1386 тонна сиыр етін экспорттады. 12 мың бас малға арналған 52 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді. Осы жылдың өзінде 6 жаңа ферма құрылды. Келесі 2020 жылы 2600 бас малға арналған 8 сүт-тауар фермасының құрылысы жоспарланған. Бұл фермалар сандық технологияларды өндіріске енгізген. Қазіргі таңда 210 кәсіпорын 106 млрд. теңгенің өнімін шығаруда.

АӨК-де жалпы сомасы 33,3 млрд. теңге болатын 55 инвестициялық жоба іске асырылуда. Кәсіпкерлікті қолдау Картасы аясында «Евразия Инвест ЛТД» компаниясының құны 3 млрд. теңге тұратын бие, түйе және ешкі сүтінен жасалған балалар тағамы мен сүт өнімдерін өндіретін зауыты салынуда.

Шағын және орта бизнес қарқын алып келеді

 Жыл сайын облыста 9 мың жаңа кәсіпкерлік субъектісі пайда болады және ШОБ үлесі өсуде. Бұл секторда тұрғындардың 34% жұмыс істейді, яғни, әрбір үшінші қарағандылық. 2019 жылдың қорытындысы бойынша ШОБ өндірісі 1,5 трлн. теңгеден асады деп күтілуде. Мұны «АрселорМиттал Теміртау» мен «Қазақмыстың» үлесімен салыстыруға болады. Бизнесті дамыту үшін кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудың барлық құралдарын белсенді пайдаланады, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша биыл 65 жоба қолдау тапты. Олардың құны 10 млрд. теңгеден асып жығылады. Оған қоса, тағы 50 жоба – талқылауда. Кәсіпкерліктің қанат жаюына байланысты облыста 32 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Ал, «Еңбек» бағдарламасы бойынша 37 мың адам жұмысқа тұрғызылды.

Тұрғын үй құрылысы бір жарым есеге артады

Қарағанды облысында келесі жылы тұрғын үй құрылысының көлемі бір жарым есеге артады. Биылғы жылдың өзінде құрылыс қарқыны екі есеге артты. 372,2 мың шаршы метр пайдалануға берілді. Қолжетімді тұрғын үй, ауылдық және қалалық инфрақұрылым құрылысы бойынша жоспарлы жұмыстар жалғасуда.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2019 жылы жалға берілетін, несиелік тұрғын үйді сатып алуға, инженерлік коммуникацияға республикалық және жергілікті бюджеттерден 12,3 млрд. теңге бөлінді.

– 3,5 мыңнан астам отбасы пәтер мәселесін шешті. Оның ішінде 1008 адам – әлеуметтік кезекте тұрғандар. Алдағы бір жарым жылда біз өз кезегін күтіп отырған 1800 көпбалалы отбасын толық баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, – деді Жеңіс Қасымбек.

Ескі үйлердің қалай ретке келтірілетінін де атап өтті әкім. Соңғы сегіз жылда Қарағанды облысында 278 көпқабатты үй жөнделіп, 93 жаңа лифт орнатылды. Биыл республикалық бюджет пен қайтарымды қаражат есебінен тағы 18 тұрғын үй жөнделді.

– Осы жылдың желтоқсан айынан бастап лифтілерді ауыстыру бойынша үлкен бағдарламаны бастадық. «ТКШ жаңғырту және дамыту қазақстандық орталығы» АҚ-мен бірлесіп, 2 жыл ішінде 360 ескірген немесе жұмыс істемейтін лифтті ауыстыруды жоспарлап отырмыз, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Облыста 300 шақырымнан астам су құбыры және кәріз желілері салынып, қайта жаңартылды. Өңір қалаларында тұрғындардың 97%-ы орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізе алады. Ауылдарда бұл көрсеткіш 87%-ды құрайды.

Газбен 1 миллион адам қамтылады

 – Облыста Елбасының елді газдандыру жөніндегі бастамасы жүзеге асырылуда. «Сарыарқа» магистральды газ құбырының 1100 шақырымының 840 шақырымы Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларында іске қосылды. 2021 жылға дейін газбен 1 млн. адам, 100 елді мекен немесе 68 мың үй, 200 қазандық, 700 кәсіпорын қамтамасыз етіледі, – деді аймақ басшысы.

Көлік инфрақұрылымында, жол саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында бес жыл ішінде 4000 шақырымға жуық жол жөнделді. Биыл жергілікті маңызы бар 600 шақырым жол ретке келтірілді.

2025 жылға қарай жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін жақсы жағдайда 95%-ға жеткізу көзделуде. «ОрталықОңтүстік» жобасы бойынша бүгінгі күні Қарағанды-Теміртау және Қарағандының солтүстік-шығыс айналма жолы автожолдарының учаскелерінде жол жүру қамтамасыз етілді. Толық аяқтау келесі жылға қарастырылған. АҚДМ мәліметтері бойынша, 2023 жылы Қарағанды-Балқаш және Балқаш-Бурылбайтал автожолдары ашылады.

Сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасының екінші бесжылдығында Қызылорда облысының шекарасына дейін ұзындығы 720 шақырым Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда автожолын жөндеу жоспарлануда.

Сауалдар сан саланы қамтыды

Брифингте аймақ басшысына журналистер қауымы сауалдар жолдады. Ол сауалдар аймақтағы әлеуметтік-экономикалық ахуалды қамтыды. Мәселен, Нұра ауданының Құланөтпес, Баршын ауылдарындағы жол мәселесіне қатысты сауал жолданды. Жеңіс Махмұдұлы бұл ауылдардағы жол сапасының нашарлығын білетінін, өзінің бұдан біраз бұрын арнайы сапарлап қайтқанын айтты. Сонымен қатар, ауылдардағы жолдың жайын жақсарту үшін 2-3 жыл қажеттігін жеткізді. Дегенмен, бұл үшін бюджетте арнайы қаржы қарастырылыпты.

Сондай-ақ, журналистер қауымын пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылып отырған МӘМС мәселесі де қызықтырды. Қарағанды аймағының аталған жобаны іске асыруда қандай тәуекелдерге барғаны сұралды. Бұл орайда аймақ басшысы қиындықтың интернетпен қамтуда орын алғанын жасырмады. Осы проблеманы шешу үшін «Қазақтелеком» компаниясымен келіссөз жүргізілуде екенін атады.

Сондай-ақ, діни жат ағымға еріп кеткендердің көпшілігі Қарағанды облысынан екенін еске салған журналист бұл арада қандай шаралар қолға алынғаны туралы сұрады. Аймақ басшысы бұл мәселенің ұдайы қадағалауда екенін және адасып, ортаға қайта оралғандардың қатарға қосылуы үшін әлеуметтік жұмыстардың жүргізілетінін тілге тиек етті. Қарағанды экологиясына алаңдаған сұрақтар да жауапсыз қалмады.

Қызғалдақ АЙТЖАН

 

Басқа материалдар

Back to top button