Өндірістен өлең өрбіткен кенші
Ернат Кемалов 2016 жылы «Қазақмыс» корпорациясы Жезқазған байыту фабрикасында еңбек жолын бастаған. Онан соң Абыз кен орнында, Құсмұрын-Ақбастау кенішінде жемісті еңбек еткен. Қазір «Қазақмыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Хаджиконган карьері геология бөлімінің тау-кен жұмысшысы.
– Мұнда вахталық әдіспен еңбек етеміз. Өрісіміз өндіріс болғандықтан жұмыс барысы 24 сағат бойы тынымсыз жалғаса береді. Жеті күн күндізгі, қалған жеті күні түнгі ауысымға ұласады. Аталған жұмыс зор жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе, техника қауіпсіздігін сақтау маңызды. Бір адам жасаған қателіктен барлығы бірдей зардап шегуі мүмкін, – дейді Ернат Сейтқазыұлы.
Иә, қателігі кешірілмейтін, тәртібі темірдей қатал өндіріс ошағында еңбек ету де әсте оңай болмасы анық. Ернат алдымен отбасын алдыңғы орынға қояды. Үйлі-баранды болған соң бастабында лайықты жұмыс іздеп, ел қатарлы түрлі орындарда қызмет еткенімен, еңбегінің берекесін осы өндіріс ошағынан тапқан. Осы арада Ернат нағыз еңбек адамының өмірімен бетпе-бет келеді. Жер астындағы кеншілердің жанкешті өмірі өзін азамат ретінде шыңдағанын бүкпесіз баяндады. Маңдай тері сорғалап, атамекеннің көкжиегін бір мысқалға болсын кеңітпек ниетте жүрген шахтерлердің ерен-ғайып қарекеті шынымен былайғы кісіні ерікті-еріксіз таңдай қақтырары һақ.
– Күнбе-күн адам көзіне іліге бермейтін қара нар қайсар жұмысты тақ тұрып атқарып жүрген кеншілер қауымына құрметпен қарап, биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған Мемлекет басшысының бағдары көп жайдан ақпар береді. «Өмірімнің мәнін өндірістен таптым». Еленсе, еңбек адамы еленсін! Қай жерде де, кеншінің еңбегі лайықты бағасын алып, жүрген-тұрғаны елге өнеге болса, кейінгі жастарымыз да еңбекке деген көзқарасын түзете түсеріне кәміл сенім, – деп қосты Ернат Кемалов.
Ернат жұмыстан қолы қалт еткен шақта өлең жолдарын хатқа түсіретін игі әдеті бар екен. Шығармашылығыма ерекше ілтипатпен қарайтын әріптестерін мақтан ететін ол қазіргі уақытта бір қыз, қос ұлдың әкесі. Өндіріс өмірінде шыңдалып, өмірдің қатал сынақтарынан сүрінбей өткен Ернат Кемаловтың хикаясы – еңбек адамының шыдамдылығы мен қайсарлығының айқын бейнесі. Жер астында ел игілігі үшін аянбай тер төгетін кенші үшін жұмыс – тек күнделікті міндет қана емес, өмірлік мақсат пен арманның көрінісі. Өндіріс өзегіндегі қиындық пен қауіпке қарамастан, Ернат жүрегіндегі отбасына деген махаббаты мен туған жеріне деген сүйіспеншілігін жоғалтпады. Ол өз шығармашылығын еңбегімен ұштастырып, өлең жолдары арқылы өмірдің мәні мен маңызын жеткізді. Оның әрбір жазған өлеңі – жүрегінің дүрсілі, жан дүниесінің айнасы.
Бүгін Ернат Кемалов – тек еңбек адамы ғана емес, сонымен қатар, өмірдің мәнін терең түсінген, шығармашылыққа жақын тұлға. Оның өмір жолы мен шығармашылығы келер ұрпаққа үлгі болары анық. Жасампаздық пен еңбекқорлықтың бірлігін көрсеткен бұл адам тағдыры – шынайы өмірдің өзі жазған әдеби шығарма іспетті.
Бекем бол кенші абайла,
Өмірің қымбат талайға.
Бастамас бұрын жұмысты,
Қауіпсіз бе екен соны ойла!
Қағамын белге мен қазық:
Тереңге түсіп кен қазып,
Жоспарға жетпей тыным жоқ,
Берем деп ойла елге азық! – деп жыр жазады Ернат.
Еңбекпен ер сыйлы екендігін дәлелдеген Ернаттың табысты тағдыры әрдайым есте сақталып, болашақта да халыққа өнеге болмақ.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет кейіпкердің мұрағатынан