Жаңалықтар

Өндiрiстен келер қауiп көп

     Ғаламшарымыздың қоры сарқылмайтын қорлар еместігін пайымдап, экологиялық мәселелердің алдыңғы қатарға шыққанын білеміз. ҚР Президентінің Жолдауында экологиялық фактор қазіргі күннің ақиқаты мен алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені назарында ұстайтын мемлекеттің экономикалық даму, басымдықтарының бірі ретінде қарастырылған. Осыған байланысты қойылатын талаптар өсіп, табиғат қорғау заңнамасы күшейіп, ресурстарды тұрақты пайдалану мен қоршаған орта жағдайына мониторинг жасау қажеттілігі бар мемлекеттік биліктің барлық деңгейінде, бизнес пен тұрғындардың жауапкершілігі артып отыр.

Бүгінде Қарағанды облысы республиканың ең ірі өнеркәсіптік облыстарының бірі және облыстың өнеркәсіптік мүмкіндіктері қоршаған ортаға техногендік әсерін тигізуде.

2016 жылы департамент 351 тексеру өткізіп, 436 экологиялық заңнама бұзушылықты анықтады. 431 ұсыным беріліп, келтірілген экологиялық зиянды өтеуге сомасы 103,987 млн.теңге 367 айыппұл салынған және экономикалық шығынды өтеуге сомасы 475,598 млн.теңгеге 91 арыз түсірілді. Зертханамен алынған сынамалар саны – 22773. Департаменттің бақылау-инспекциялық қызметінің нәтижесінде қоршаған орта эмиссиясы көлемдерінің төмендетуге оң беталыс байқалады. Қоршаған орта сапасын тұрақтандыру үшін облыста табиғат қорғау қызметінің барлық салалары бойынша жоспарланған жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Былтырғы жылы атмосфераға шығарылатын шығарындылардың жалпы көлемі 593,0 мың тоннаны құрады. Бұл деген өткен жылмен салыстырғанда төмен көрсеткіш көрсетіп отыр.

Облыс бойынша шығарындылар кө­ле­мінің төмендеу динамикасын «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Тентек КД шахтасында (№3 қазандықты қайта қалпына келтіру) технологиялық жабдықтар мен аспирациялық жүйелерден шығатын зиянды заттарды залалсыздандыру, аулауға арналған шаң-газ тазалау құрылғыларын қолданысқа енгізу және қайта қалпына келтірумен байланыстыруға болады. Сонымен қатар, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС 1,2-ЖБФ аспирациялық жүйелерінде жөндеу жұмыстарын жүргізумен байланыстыруға болады.

Бұдан бөлек, ағынды суларды су айдындарының жер үсті суларына төгу 15 кәсіпорынның 17 суағар құбырынан жүзеге асырылуда.

Айта кетейік, Қарағанды облысында Балқаш көлі, Самарқанд, Кеңгір, Шерубай-Нұра және Топар су қоймалары, Нұра (Соқыр, Шерубай-Нұра салалары), Сарысу, Қара Кеңгір, Жезді өзендері негізгі жүк­темелі, барынша ірі су нысандары болып табылады. 2016 жыл бойынша ағынды суларды төгу көлемі 1 321 767,456 мың текше метрді құраған екен.

Бір айта кетері, Қарағанды облысы бойынша тазалау құрылғыларының техникалық жағдайы өте төмен. Пайдалану мерзімі 30-40 жылдан асып кеткен, жабдықтар мен технология ескірген, сонымен қатар, ұзақ уақыттар бойы оларға күрделі жөндеу жұмыстары да жүргізілмеген. Мұның да тигізетін зияны көп.

Бүгінде 6 тазалау құрылғысы кешенінің барлығы қайта қалпына келтіруді қажет етіп тұр. Ластаушы заттарды нормативтерден асырып шығару жағдайлары, сапасыз тазалау, кейбір жерлерде тіпті, жоқтың қасы.

Мәселен, Саран қаласының, «Капиталстрой» ЖШС пайдалануындағы тазалағыш құрылғылары, сонымен бірге Саран қаласы мен Ақтас елді мекенінің су және кәріздік жүйелері ең бір түйіні шешілмеген мәселе болып отыр.

«Шахтинск су каналы» ЖШС тазалағыш құрылғыларының да жағдайы қанағаттанарлық емес, құрылғылары тиімді жұмыс істемейді.

«Қарағанды Су» ЖШС аэрация станция­сында Қарағанды қаласы мен Ақтас елді мекенінің ағынды сулары толық механикалық және жасанды-биологиялық тазалаудан өтеді. Тазалау құрылғыларына түсетін жүктеме жыл сайын көбейіп келеді, сол себепті оларды кеңейту және жаңғырту қажет.

«Сәтбаев қаласының ЖСҚК» АҚ тазалау құрылғылары 1967 жылы пайдалануға берілді, құрылғының 60% тозғандығы расталып отыр.

Жезқазған қаласы «ЖСҚК» АҚ ағынды суларды Қаракеңгір өзеніне төгеді. Құрылғы 80% тозған. Абай қаласы, Топар елді мекеніндегі тазалау құрылғыларының жағдайы тіпті нашар. Балқаш және Приозерск қалаларында тазалағыш құрылғылар мүлде жоқ. Балқаш қаласында тазалағыш құрылғысының жоқтығынан тазаланбаған ағынды сулар Балқаш қаласы мен көлінен 30 шақырым қашықтықта орналасқан тоғанға төгіледі. Ал, бұл өз кезегінде Балқаш көлінің жағдайына кері әсерін тигізіп отыр.

2016 жыл бойынша өндірістік қалдықтар көлемі-219313,310 мың тоннаны құрады. Қалдық жинақтағыштарда орналастырыл­ғаны 144830,336 мың тоннаға жетті.

Қарағанды облысындағы маңызды мәселелердің бірі – қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта кәдеге жарату және облыстың елді мекендеріндегі коммуналдық қалдықтарды көметін, экологиялық және санитарлық-эпи­демиологиялық талаптарға сай келетін, жаб­дықталған, бір үлгідегі полигондардың жоқ­тығы.

Қала және аудан әкімшіліктерінің нақты мәліметтері бойынша Қарағанды облысында ҚТҚ-ның 202 полигоны орналасқан. Елді мекендердегі полигондарда және қоқыс орындарында жиналған ҚТҚ-ның жалпы көлемі 8,9 млн. тонна. Қазіргі уақытта 45 полигон заңдастырылған, заңдастырылмаған полигон саны-157 құрайды.

Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің қадағалауында бірқатар түйінді мәселелер де бар. Біз табиғи орынды сақтау, ауаны, суды ластамау, табиғатты аялап ұстау, бүлдірмеуге шақырамыз. Адам өмірі үшін керектінің барлығын табиғаттан алатындығын ұмытпайық.

Маруа ИБРАЕВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button