Өндірісімен озған аймақ

Биыл Тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Яғни, үш он жылдықты артта қалдырдық деген сөз. Осы уақытта Қарағанды облысы Қазақстанның ең дамыған индустриялық аймақтарының біріне айналды. Өйткені, мұнда осы жылдар ішінде бірнеше зауыт ашылып, ел игілігіне жұмыс істеуде.

Өндіріс ошақтары 1990 жылдары қиындықтан жабылып жатты, халық жұмыссыз қалды. Қытайдан арзан дүниелерді тасып, оны қымбатқа саудалау басталды. Алайда, елімізге инвесторларды тарту өз жемісін берді. Соның арқасында өңірде 1991 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 27,1 миллион теңгеден 3 триллион теңгеге дейін өсті. Ал, өңдеу өнеркәсібінде 21 млн. теңгеден 2,3 трлн. теңгеге дейін артты. 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы өнеркәсіп өндірісі 3 070,7 млрд. теңгені құрады. Ал, өңдеу өнеркәсібінде – 2 493,5 млрд. теңге. Тәуелсіздік жылдарында (1997 жылдан бастап) облыста Saryarka ENERGY, «Болат өндіруді ұйымдастыру» сияқты жаңа ірі және орта өнеркәсіп кәсіпорындары іске қосылды. «Қаз Метиз», «Коңырат Мыс Компани» ЖШС, «Алтыналмас» АҚ, «Қаражал Оперейтинг» ЖШС, «Тау- -кен өндірісінің құрылысы және пайдалану» және «Көктасжал» кен орны негізіндегі өңдеу кешені «Алтай Полиметалл» ЖШС, «Ферросилиций зауытының құрылысы», YDD Corporation ЖШС ашылды. Жолаушылар автобустарын, тау-кен, құрылыс және жол техникасын шығару Yutong Qaztehna ЖШС және «Жәйрем тау-кен байыту комбинаты» АҚ полиметалл фабрикасы сияқты серпінді жобалардың іске асуы облыс экономикасы үшін өте маңызды.

ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ АШЫЛДЫ

Экономиканы әртараптандыру және шикізатқа тәуелділіктен шығу шеңберінде 2010 жылы Қазақстан Республикасын үдемелі индустриалық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Индустрияландыру жылдарында (2010-2020 жылдары) облыста 387,3 млрд. теңгеге 94 жоба жүзеге асты және 7 937 тұрақты жұмыс орны ашылды. 2021 жылдың бірінші жартысында 6 жоба енгізіліп, мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Мысалы, Жәйремдегі кен байыту комбинаты, құны – 190 млрд. теңге. 381 жұмыс орны; YUTONG автобустарын шығару, шағын құрамды құрастыру (ҚХР), құны – 22,1 млрд теңге, 400 жұмыс орны; «ҚазКарБон» ЖШС байыту зауытының құрылысы, құны – 12 млрд теңге, 104 жұмыс орны; «Трубпром» ЖШС полиэтилен құбырларын өндіру, құны – 1,3 млрд теңге, 50 жұмыс орны; FL Smidth ЖШС сервистік-техникалық орталығы, құны – 1,2 млрд теңге, 50 жұмыс орны; «ПИК Ютария» ЖШС Қарағанды қаласында тігін бұйымдарын өндіру, құны – 0,4 млрд теңге, 200 жұмыс орны құрылды.

ӨНІМ ЭКСПОРТҚА ШЫҚТЫ

Жыл басынан бері Қазақстан 741,8 млн. АҚШ долларына машина жасау өнімдерін экспорттаған. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова «Бүгінде әлемдік сауданың 44%-ы, яғни 17,5 трлн. АҚШ доллары машина жасау саласының өнімдеріне тиесілі. 2018 жылдан машина жасау өнімдері импортының төмендеуі мен пандемия кезіндегі логистика қиындықтарына қарамастан, пандемиядан кейін бұл үрдісте өсу байқалып отыр. Оған қоса машина жасау индустриясындағы процестерді цифрландыру да маңызды рөл атқара бастады» деп, Қазақстан машина жасаушыларының ІХ форумында айтқан болатын. Бұл көрсеткіш 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,6%-ға артық. Қарағандыда осы игілікті іске өз үлесін KLMZ зауыты қосуда. Облыс басшылығының қолдауымен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-мен үш жақты келісім нәтижесін беріп, импорттық өнімді теміртаулық металмен алмастырған KLMZ зауыты ішкі нарықты игеріп қана қоймай, өз өнімдерін экспортқа шығара бастады. Зауыт 2019 жылы 6.3 млрд. теңгеден астам сомаға өнім өндірді. Бүгінгі таңда зауытта 778 маман еңбек етуде. Жедел түрде жаңа құжаттаманы игеріп, жобаларды жасай алатын 50 жоғары білікті дизайнер мен технологтардың болуы бәсекелестіктегі артықшылықтың бірі. «Өңірдегі машина жасаушылардың бәсекелестік артықшылығы бар. Бұл – әлі күнге дейін импорттық өнімдерді тұтынатын елеулі тұтынушылардың болуы. KLMZ зауытының негізгі тапсырыс берушісі – «Қазақмыс» корпорациясы, «Қазмырыш» компаниясымен келісім бар», – дейді KLMZ Басқарма төрағасы Жәнібек Байғабелов.

ТҮЙІН

Тәу еткен жалғыз кие – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына Қарағанды облысы осындай жетістіктермен жетіп отыр. Минералдар мен шикізатқа бай, аумағы мен өнеркәсіптік әлеуеті бойынша ең ірі облыс – Қазақстандағы үлкен индустриалды орталық. Өзінің экономикалық, мәдени, ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымының дамуы бойынша облыс Қазақстандағы жетекші орындардың біріне ие болып қала береді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.