Жаңалықтар

«Әнді сүйсең, менше сүй…»

   «Кұлақтан кіріп, бойды алар, Жақсы ән мен тәтті күй» дейтін ұлылар шығармаларына құштар мектеп оқушылары арасындағы XVIII Абай оқуларының облыстық кезеңі мәресіне жетті. Жеңімпаздар қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында өтетін республикалық сайыста Қарағандының намысын қорғайды.

Абай, Шәкәрім шығармаларын жатқа оқып, әндерін сүйсініп орындаған мектеп оқушылары биылғы сайысқа жоғары деңгейде, жан-жақты дайындалыпты. Үздіктер қатарынан көрінгендер ұлылар поэзиясына, рухани мұрасына деген сүйіспеншілігін шығармаларды жатқа айту, сондай-ақ, ән мен күйлерін шебер орындау арқылы байқатты. Жалпы, сайыста облысымыздың түкпір-түкпірінен жиналған 82 оқушы 4 аталым бойынша бақтарын сынады. Тарихи дүниетанымдарын эссе байқауында көрсетті. Абай және Шәкәрім шығармаларын көбірек жатқа айтуда «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» аталымында Жәйрем кентіндегі №10 мектептің 8-сынып оқушысы Аружан Өзбекова 320 өлеңді жатқа айтуы арқылы көптен ерекшеленді. Жас дарын алғашқы сайыста-ақ бас жүлдені қанжығасына байлады.

Ал, Абай мен Шәкәрімнің әндері мен күйлерін орындаған «Көңілім әнді ұғады» аталымындағы бас жүлдені мамандандырылған музыка мектеп-интернатының 7-сынып оқушысы Рустам Жүсіпов жеңіп алды. Рустам байқауда Абайдың «Өзгеге, көңілім,тоярсың» әнін нақышына келтіріп орындады. Ұлыларға арнаған шығармаларын өлең, ән, музыкалық шығармалар арқылы ұсынатын «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» аталымы бойынша Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп–интернатының 9-сынып оқушысы Жұлдыз Жанболат үздік көрінді. Теміртау қаласының №15 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Арайлым Асылханова болса, «Қанша уақыт өтсе де, Абай мен Шәкәрім өлеңдері әрқашан өзекті болып қалады. Осы тұжырыммен қаншалықты келісесіз?» тақырыбын қозғап, көрерменге сауал тастады. Шығармасы арқылы «Ұлылар әлемі» эсселер аталымында бас жүлдені жеңіп алды.

Жеңімпаздар диплом, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жүлдегерлердің жетекшілеріне Алғыс хат табысталып, барлық қатысушылар сертификатқа ие болды.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button