Наурызкөже неге сорпа емес?
Елбасы көне түркі өркениетіне тоқталады. Бұл – әлемдік өркениетке қосылған үлес. Түрік жазушысы зия гөкалп «түрікшілдік негіздері» атты еңбегінде: «арабтар мен еврейлер өздерінің дінімен, француздар романдарымен мақтанады. Ал, біз немен мақтанамыз?» дейді. Ол түріктер мораль жағынан бірінші орында екенін айтады. Мораль – адамгершілік, адамдар арасындағы қарым-қатынас, салт-дәстүр, әдет-ғұрып. Сөйткен салт-дәстүрлеріміз көмескіленіп ұмытылып бара жатыр. Бұл кеше ғана өзіміз атап өткен наурыз мейрамына, оның ішінде наурызкөжемізге де қатысты.
Наурызтойдың, бүгінше айтсақ Наурыз мейрамының басты ұстыны атауында тұрғандай – наурызкөже. Кәделі асы жетіп артылатын қазақ-тың ай-жылында бір келетін аңсар тойында көжеден аспай қалуы қалай?
Алты ай қыс жалаңбас сорпа ішіп отыратын қазақ баласының аңсары неге ғана көжеге ауа қалды екен? Әлде, бұл ата-бабаларымыздың жеңсік асы ма еді?
Көже болғаннан кейін-ақ, оның сойыс малы сиыр да емес, түйе де емес, жылқы да емес! Әрине, қой! Ендеше, наурызкөжеміздің соғым-мен еш қатысы жоқ. Онда қазы-қарта, жал-жая жүрсе адасып жүргені, болмаса, кейінгі жады шолақ келіндердің өздерінің шығарып алғандары.
Атаулы көжеміздің қадірін кетіргеніміз соншалық, бүгінде ел наурызкөжесін ішсе де дастархан басынан көтеріле қоймайды. Сондағы күтетіндері – үйметабақ ет. Өйткені, ет – қазақтың басты тағамы. Алайда, Наурыздың басты тағамы емес. Наурыздың басты тағамы – көже, көже болғанда наурызкөже.
Бүгінгі күннің тұрғысынан қарасақ, Наурыз мейрамы бізде 22 наурыз күні тойланады. Біріккен Ұлттар ұйымы 21 наурызды Халықаралық Наурыз күні деп жариялады. 2009 жылдан бері біздер наурыздың 21, 22, 23 күндерін үзбей тойлап келеміз. Мұнан басқа елімізде наурыздың 14-і де тойланады. Мұны батыстық бауырларымыз «Көрісу күні» деп жүр.
Сонымен, наурызкөжемізді қай күні ішеміз?
Астрономиялық жыл санауымыз бойынша наурыз 1 наурызда кіреді. Ел бұл күні көктем келді деп бір-бірін құттықтағаны болмаса, ешкім де наурызкөже дайындап отырмай-ды. 21, 22, 23 наурыз күндері наурызкөже ішетініміз анық. Өйткені, бұл күндері ел болып Наурыз мейрамын тойлаймыз. Көрісу күнінде ше?
Арқа өңірі бұл күнде Көрісу күнінен ажырап қалғанымен, біздің балалық шағымызда бұл күн атау-лы мереке болатын. Ел біркиерлерін иықтарына іліп алып, үй жағалап ке-тетін. Бір-бірімен көрісіп, барын ама-наттап, жоғына салауат айтып қайтар еді.
Бұл күні көже ішетінбіз. Наурызкөже.
Наурыз торғай, наурызым торғайды ел білсе керек. Арқа жағы бұл құсты наурызек дейді. Наурызек торғай деп те айтады. Басқа торғайлар жылы жаққа кетіп жатқанда осы құстар туған топырағынан ұзай қоймайды. Кететіндері де болады. Кеткенде топталып кетеді. Қалатындары да аз емес.
Арқа жұрты осы наурызекті наурыз айынан әсте бөліп қарамайды. Өйткені, наурыз айында наурызек көрінеді. Наурызек торғайды көрген ел сүйінші сұрағандай қылып ерекше бір шаттықпен айналасына жеткізеді. Осыдан бастап елдің ұйқысы түзу бола қоймайды. Ел олардың су ішкенін аңдиды. Өйткені, олар су ішкен күні күнтізбеге Наурыз кіреді. Олардың ішкен суын Мейрам суы дейді…
Наурыздың бірінен бастап қасаттана бастаған қарға қой құмалағын тастайды. Оның шамамен бой жасыратын кезі наурыздың осы он үшіне келеді.
Сол-ақ екен басталады.
Қазан көтеріліп, мейрам суы келтіріледі.
Наурызкөже суы – жай су емес, мейрам суы. Мейрам суы дегеніміз, тағы қайталап айтамыз – тірі су!
Қазақ жерінің қай пұшпағын-да болсын ел-жұрт жиналып, бұлақ көзін ашып жатады. Неге?
Өйткені, бұлақ суы – тірі су!
Наурызкөженің суын осы бұлақтан алдырады.
Қазіргі қазақ баласының ұғымында көже міндетті түрде кеспеден тұрса керек. Содан барып наурызкөжеміздің бағы қайтып тұр. Өйткені, оны да кеспесіз көз алдымызда елестете алмаймыз.
Әлімсақтан әжелеріміз наурызкөжені жеті тағамнан дайындап келген.
Ел «ақ» дегенге ойлайды, көженің басты құрамы не сүт деп, не, шұбат деп, не саумал/қымыз деп. расында да, наурызкөженің түсі сүт түс, ел соған қарап әлгіндей ойласа керек. Әйтпесе, наурызкөженің құрамында ешқандай сүт те, саумал да, шұбат та жоқ. Бары – Су!
Наурызкөжеміз – көже!
Ал көжеге жылқы, болмаса сиыр еті жарамайды. Түйе етінен көже жасайды дегенді де естімедік. Бабаларымыз сиырды сасық деп оның етін қазанына жолата қойма-ған.
Ендеше, наурызкөжеде сиыр еті де, түйе еті де, жылқы еті де жоқ. Әрі-беріден кейін жылқы еті болса сорпа деп атар едік.
Ал, қойдың еті жарамды. Көже-қатық дегеніміздің өзі көп нәрсеге көзімізді ашып тұр.
Наурыз мейрамының басты белгісі (атрибуты) Қызыр да, қымыз да, қазы да, қарта да, құрт та, жент те, шапан да, камзол да, сәукеле де, домбыра да, қобыз да, киіз үй де емес…
Наурыз мейрамының басты белгісі – Ақ!.. Ал, ақ дегеніміз – көже! Сүткөже де емес, бидайкөже де емес, атала да емес, Наурызкөже.
Ақ мол болсын деп айту се-бебіміз осыдан.
Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер тұсына» он сегіз мың ғалам да қалжырап жетеді. Бұл тұс адамзат баласының, сонымен қатар жан-жануарлар бауырларының ұлғаятын тұсы. Ұлғайғанда екі есеге дейін ұлғаяды. Басқаны қойғанда адам бауырының он келі тартқан уақиғасы да кездесіпті. Ресми медицина мұны аурудың бір түрі деп есептемейді. Алайда, оның сырқаттық сипаты барлығын да жоққа шығармайды.
Ал, бабаларымыз оны сырқат деп білген. Оның емін де білген. Оның бірден-бір емі – Ақ! Наурыз-көже!..
Тірі судан және қой етінен жасалған көже!
Ақ мол болсын деп айтсақ, тілеуіміздің астарында осындай тылсым сыр жатыр.
Наурызкөженің сүт түс болатыны оның құрамында Қатық пен Құрт (сықпа) бар. Сықпа деп айрықшалап отырғанымыз – қазақ қайнатылған құрт қоспаған.
Көже болған соң Ет болуы міндетті. Ал, қазақтың тісте қалар еті басқа елге бір күндік азық екені белгілі. Ал еттің бараны жүрген жерде, қылаңы да қатар жүреді. Олай болса наурызкөжеге ұсақтың (қойдың) еті салынған.
Қазір баршылық болған соң аталмыш көжеге қазы-қарта, жал-жая қосушылар баршылық. Тағы сол телесандық наурызкөжеге тауық етін қосқан түстік ағайын-дарымызды көрсетіп жатты. Ал, негізінен наурызкөжеге салынатын ет – қойдың еті. Жылтырсыз көже болмайды. Ол жылтыр Май тек қойда ғана бар. Бір саптыаяқ наурызкөже ішкен адам жуық маңда тамақ іздей қоймайтыны осыдан. Өйткені, қойдың еті қорғасын…
Сықпаны сиыр сүтінен жаса-майды. Ол тек қойдың қойыртпа-ғынан жасалады. Қатық – боса-болмаса қойдың еншісі.
Көжені ұйытатын дақылы не бидай, не тары, не арпа, не жарма. Әжелеріміз наурызкөже дайындағанда осылардың біреуін ғана пайдаланған.
Көшпелі қазақ бау-бақшамен шұғылданған жоқ, астың дәмін жаужұмыр (картоп) пен сәбіз кіргізеді деу – әбестік. Тұздан үлкен дәмдеуіш жоқ.
Қазіргі уақытта айтып отырған Наурыз тойымызға дінді де араластыра бастадық. Тіпті, Наурызды Нұх пайғамбарымыздың заманы-нан тойлап келеміз деп те айтушылық бар. Әрине, дінді дәстүрімізбен қабыстыра білсек одан ұтпасақ ұтыла қоймасымыз анық.
Наурызкөжеге қой етін араластыру себебін діни әпсанадан іздеушілік сол бір балаңдығымызда жатыр. Қой етінің болуы – қой пейіштен жаралған деп нығарлап қоямыз. Бәрі де рас, бәрі де дұрыс. Алайда, ата-бабаларымыз қасиетті дініміз тұрмысымызға кірмей тұрып-ақ Наурыз тойын тойлап келген. Ендеше, мұндай көзқарасқа сабырлықпен қараған жөн болады.
Сонымен, айтып отырған Наурызкөжеміздің құрамы мынадай:
Су (тірі су).
Тұз.
Ет (қойдың еті).
Май (қойдың құйрық майы).
Бидай/тары/арпа/жарма.
Құрт (қойдың құрты).
Қатық (қойдың қатығы)
Төрехан МАЙБАС,
жазушы, этнограф.