Қарқаралы

Намыстан құйылған тұлға

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары шет жатқан қазақ ауылдарына өркениеттің алғашқы қарлығаштары – жоғары оқу орындарын тәмамдаған ұстаздар, дәрігерлер, агрономдар, инженерлер тағы да басқа мамандық иелері келе бастады. Олардың көпшілігі жұптасып келіп, сонда орнығып қалды. Біразы өмірлік қосақтарын осы ауылдан тапты. Сөйтіп, олар қараңғылық құшағындағы ауылға мәдениет шырағын жақты.

Жоғары кластағы бойжеткендер мен мұрттары жаңа тебіндеген бозөкпе жігіттерге олардың жүріс-тұрыстары, киім-киістері бәрі – өнеге болды. Әр істе соларға ұқсауға тырысты.

Осының әсері болар алпысыншы жылдары қазақ жастарының жоғары оқу орындарына баруға деген құлшыныстары ерекше еді.

Біздің кейіпкеріміз Аманай Исағұлов та 1967 жылы орта мектепті бітірген соң жоғары оқу орындарының біріне баруды алдына мақсат етіп қойды. Мектепті жап-жақсы бағалармен аяқтаған. Оқуға түсетініне сенімді еді. Осы сенім оны Целиноградтағы ауыл шаруашылығы институтына жетелеп апарды. Өкінішке орай конкурстан өте алмады. Өзіндей балалардың студент атанып жатқанын көргенде қатты намыстанды. Ауылға оралып келе жатып, «қалайда жоғары оқу орнына түсемін» деп өзіне-өзі серт берді. Елге келген бойда әскерге кетті. 1969 жылы азаматтық борышын атқарып келген соң, екі жыл көмекші шопан болып істеді. Осы жылдар оның намысын шарболатқа айналдырды. 1971 жылы досы Мейрам Акмаев екеуі қол ұстасып, Алматыдағы халық шаруашылығы институтының дайындық курсына аттанды. Келесі жыл осы институттың жоспарлау факультетінің студенті атанды. 1976 жылы институтты ойдағыдай тәмамдап, ауылға оралды. Ол тұста жоғары оқу орындарын бітіріп, жолдамамен келген жастар облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының құзырына жіберілетін. Ондағылар «Восток» совхозына бас экономист болып барасың» деген ұйғарым шығарды. Үйдің іші Аманайдың ауылда болғанын қалады.

Жамбыл атындағы совхоздың директоры Ағыбай Сыздықов есімді азамат болатын. Аманайдың жағдайымен танысқан соң, «Дәл қазір саған лайық жұмыс жоқ. Әзірше учетчик болып істей тұр. Сонан соң ретіне қарай көрерміз», – дегенді айтты. Директор уәдесінде тұрды. 1977 жылы бухгалтерлік, одан кейін экономистік қызмет берді.

1979 жылы ақпан айында «директор шақырып жатыр» деген соң, бөлмесіне барған. Совхоз бастауыш партия ұйымының хатшысы Қартабай Исин екеуі отыр екен. Екеулеп отырып, Ақтоғай ауданымен шекаралас жатқан Милыбұлақ бөлімшесіне басқарушы болып баруға көндірді. «Жассың» деді. «Ауылды көтеру керек» деді.

Аманай Милыбұлақ бөлімшесін он бес жылдай басқарды. Ол қызметке кіріскен жылдары бөлімше тек мал шаруашылығымен ғана айналысатын. Аманай келген бойда егіншілікті де қолға алып, дәнді дақылдар егістігінің көлемін 1300 гектарға жеткізді. Қойдың санын 17 мыңнан 24 мыңға дейін өсірді.

Одақтың шаңырағы ортасына түскен тұста, 1997 жылы сәуір айында он бес отбасы үлестерін біріктіріп, «Құрмет» шаруа қожалығын құрды.

Отау шыққан үй сияқтымыз, – деп еске алады Аманай.

Тапшы дүние басымызға тартсақ, аяғымызға, аяғымызға тартсақ, басымызға жетпейді. Тоқсаныншы жылдар еліміз үшін ерекше қиын жылдар болды ғой. Салып ұрып, қасымыздағы «Аппаз» шаруа қожалығының жетекшісі Разақ Әлин ағамызға барамыз. Бетімізді қайтарған жері жоқ. Жағдайымызды түсінді. Қол ұшын беріп, ақыл-кеңесін айтты.

Бертінге дейін малдың жеміне, жұмысшылардың еңбекақасына деп 300 гектарға дейін егін салып келіп едік. Шығыны асып кетті. Қазір тек мал шаруашылығымен ғана айналысып отырмыз. Төрт түліктің саны өсіп келеді. Үкімет несиеге көңіл бөле бастады. Кепілдікке жерімізді, қыстақ басындағы ғимараттарды алатын болды. Мұның өзі біз үшін үлкен жеңілдік. Пайызын төмендетті. Осыны пайдаланып, екі мәрте несие алдық .Техникамызды жаңарттық, мал тұқымын асылдандыруға бет бұрдық.

Дәл қазір біз үшін шешімін таппай тұрған проблема маңдай термен өндірілген мал өнімдерін өткізу болып тұр. Қыстай жемдеген малыңа базардағы саудагерлер жарты бағасын ұсынғанда ішің ашиды. Қарқаралыдан ет қабылдайтын шағын цех ашу мәселесі Одақ тұсынан бері қозғалып келеді.

Ниқан Омарханов әкім болып тұрғанда «Жер – Ана» кәсіпорны құрылып, бұл шаруа қолға алынып еді. Тіпті, екі-үш цехы іске де қосылған. Осы иігілікті істі қайта жаңғыртуға болмас па екен? Сонда маңайдағы фермерлер малдың етін де, жүнін де, сүтін де осында әкеліп, өткізер еді. Қарағандының саудагерлеріне жем болмас еді. Ең бастысы ақшаның бәрі өз ауданымызда қалады ғой.

Әлі де кеш емес. Елдің жағдайы түзеліп келеді. Фермерлер қауымының аудан басшыларына осыдан басқа айтар тілегі жоқ. Қаршадайынан намысты жалау етіп, еңбекке араласқан «Құрмет» шаруа қожалығының жетекшісі Аманай (Аманкелді) Исағұлов ауыл болашағы туралы әңгіме қозғалса, осылайша толғанады.

Зайыбы Жолтай өмір бойы ұстаздық етті. Жолтай екеуі алтын асықтай үш бала тәрбиелеп өсірді.Үшеуін де аяқтандырды. Қазір бәрінен немере сүйіп отырған жайлары бар. Үлкені самал Қарқаралы қаласындағы жедел жәрдем бөлімінде істейді. Жолдасының есімі – Дидар. Құрылыс саласында. Сұңғаттың мамандығы веттехник. Сырттай оқып география факультетін тәмамдаған.

Зайыбы Гүлнәр екеуі өзінде көмекші. Бекзат пен келіні Қызғалдақ та осында. Бекзат шаруашылықтың есеп-қисабын жүргізеді.

Өтпелі кезеңде абдырамай, заман тынысын тап басып, бүгінде шаруашылығын шалқытып, ұрпақтарының қызығына бөленіп отырған, тұла бойы намыстан құйылған Аманайға табыс, отбасылық бақыт тілейміз.

Тілеуқабыл БАЙТҰРСЫН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button