Жаңалықтар

Нәсіп ҚАЙЫРЖАНҚЫЗЫ: «Мекеңнің бойында ер азаматқа тән қасиеттің барлығы артығымен болды»

Аңыратып ән салса кемпір өрнегін, қыз кестесін қойып аңтарыла тыңдаған дәстүрлі әннің дүлдүлі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейірхан АДАМБЕКОВ ағамыздың арамыздан алыстағанына да екі жарым жылдың жүзі болыпты. «Ауылды сағындым ғой, бауырды сағындым ғой» деп әуелете ән салып жүріп, өзі де сартап сағынышқа айналған әншінің аяулы жары Нәсіп ҚАЙЫРЖАНҚЫЗЫН «Жақсының жары» айдарына шақырып, сұхбаттасқан едік. Назарларыңызға ұсынамыз.

– Нәсіп апай, қараорман қазақ Мейірхан ағамызды әйгілі әнші, талай жастың бойындағы титтей талантты тамыршыдай тап басып, өнердегі жолын ашқан ұлағатты ұстаз ретінде жақсы біледі де, ол кісінің өскен ортасы, ата-анасы жайлы көп жайттан бейхабар. Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ…

– Алдымен, сұрағыңызға жауап бермес бұрын, бұл арнайы сұхбат болғандықтан оқырмандарға түсінікті болу үшін ата-енемнің және қайын ағаларымның есімдері аталып жатса түсіністікпен қарауды сұраймын.

Мекеңнің әкесі марқұм Сәйді Тәжіұлы – Қарқаралы ауданына қарасты Томар ауылының тумасы. Қызметіне адал, жауапкершілігі мол, еңбекқор әкеміз колхозда ферма меңгерушісі, кейіннен шопан болған. Қазақтың салт-дәстүрін жіті меңгерген, тіпті, жүйрік ат баптап, ұшқыр тазы жүгіртіп, халықтың сый-құрметіне бөленген жан еді. Мінезі байсалды, жан дүниесі таза, әңгімені әдемі айтатын.

«Келінім емес, менің туған балам» деп келіндерін туған қызындай еркелетіп отыратын. Мекең Алматыға оқуға кеткенде менің көңіліме қарайлап, таңертең мал жайғауға шығып бара жатып, маңдайымнан бір иіскеп кететін. Бала жыласа «Балам-ай, түнімен саған ұйқы бермеді ғой, аналарыңның жоқтығы ғой, әйтпесе алдыңғы немерелеріндей өзі өсірер еді» деп жаны ашып отыратын.

Марқұм анамыз Рауза Біләлқызы Мекең екеуіміз отбасын құрардан бір жыл бұрын дүниеден озған екен. Әкеміз анамызды есіне алып, бізге үлгі боларлықтай жақсы қасиеттерін айтып, сағынышын білдіріп отыратын. Анамыз елдің баласын өз баласындай көріп, өте балажан, кішіпейіл, қонақжай болғандықтан қаладан келген туыс балалар жаз бойы демалыстарын осы үйде өткізеді екен. Күзге таман үйлеріне қайтарда әрқайсына құрт-майын салып, қойын сойып беріп, қалталарына «Мектеп киімін алыңдар», – деп ақша салып береді екен. Сонда

Мекең қарындасы Сәлимаға: «Сен биыл мектепке былтырғы киіммен барасың, шешеміз бар ақшаны қалалықтардың қалтасына салып берді», – деп қалжыңдайды екен.

Мекең көп балалы отбасынан. Он баланың алтыншысы. Өзі шырқап кеткен Абай атамыздың «Сегіз аяқ» өлеңіндегі «Атадан алтау, анадан төртеу» дегендей отбасында алты ұл, төрт қыз болған. Барлығы жастайынан өнерге жақын болып, ән шырқап, ауыл-аудан тұрғындарының қошеметіне бөленіп өскен. Үйдің үлкені Жұмахан ағамыз ән салумен қатар, сөзге шебер болатын. Аманхан ағамыз бен Сәлима қарындасы музыкалық училищеге түсіп, отбасылық жағдайларына байланысты аяқтай алмаған екен. Той-томалақтарда Мекең Аманхан ағасы екеуі қосылып «Туған ел» әнін шырқайтын. «Томардың ағайынды Ришат пен Мүсілім Абдуллиндері ән салды» деп тыңдаған жұрт риза болатын. Мекең Сәлима қарындасы ән салғанда, «Нағыз Мәдина Ералиева» деп мақтанатын.

Ауылдың ішіндегі мәдени іс-шараларда Қайырхан ағамыз көк костюмін киіп алып:

«Қырқасынан қырдың,

Арасынан нұрдың,

Еркетайым, сені көріп қалдым ба?!», – деп ән салғанда дауысына таң қалмайтын жан болмаушы еді…

Әуезхан ағамыз гитарамен сүйемелдеп, Бикүл абысыным екеуі екі дауыста «Жас жұбайлар жыры» әнін шырқайтын…

Аталған төрт ағасы да бүгінгі күні ортамызда жоқ.

Арамыздағы апасы Сәлия, інісі Рымхан, қарындастары Сәлима, Несібелді және Сәуле де өнерден кенде емес.

– Білуімізше ағамызға өнер нағашы жұртынан дарыған екен…

– «Үйдің жақсысы ағашынан, жігіттің жақсысы нағашыдан», – дейді ғой. Өнердің тұнып тұрған мекені Қызыларайдың (Ақтоғай ауданына қарасты) тумасы Рауза анамыз әнді нақышына келтіріп орындайтын сыңғыр дауысты әнші болыпты. Мекеңнің нағашы атасы Біләл жыршы болса, үлкен атасы Нұржан Шоңұлы сөз қадірін білетін, заманында Жамбыл, Шашубайлармен айтысқан елге танымал ақын болған екен. Мекеңе де әншілік өнер осындай нағашыларынан дарыған болса керек…

– Ағамен қалай таныстыңыздар? Әнші жігіт жүрегіңізді несімен жаулады?

 – Мен Қарқаралының Бесоба ауылының тумасымын. 1976 жылы Саранның Абай атындағы педагогикалық училищесін бітіріп, жолдамамен Томар ауылына мұғалім болып бардым. Ол кезде Мекең Ресейдің Чита қаласында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген кез еді. Сол жылдың күзінде демалысқа ауылға келген болатын. Біз бір кеште танысқан едік. Кешке үйіне келгенде «Мен біздің ауылға мұғалім болып келген бір қызбен таныстым» деп анасына айтқан екен. Анасы:

«Мұғалім бала – қолаң шашты, ұзын етекті, қарапайым, салмақты бала екенін байқап жүрмін. Сол баламен сөз байласып кетсеңші, сен әскерден келгенше басқамен тұрмыс құрып кетер», – депті. Мекең болса: «Жүгірген алмас, бұйырған алар» деп, әскери борышын жалғастыруға кетеді.

Әскерден келген соң таныстығымыз жалғаса берді. Жиын-тойларда, достардың арасында бірге жүрдік.

«Дидарың күміс күн,

Жанарың бір ұшқын.

Жолықпай жүріппіз,

Шолпаны Шығыстың», – деп ән салып, маған деген көңілін білдіріп жүргенін байқадым. Сөйтіп, достығымыз махаббатқа ұласты.

1979 жылы мен Қарағайлы кентіне мұғалім болып ауысып, ал Мекең Алматыдағы республикалық эстрада-цирк студиясында Қазақстанның Халық әртісі Жүсіпбек Елебековтің класына оқуға қабылданып, келесі 1980 жылы отау құрдық.

– «Ақын деген бірде қарт, бірде сәби, Қартты сыйлап, сәбиге қарайсың ба?» деп жырлайды, мұзарт шолған мұзбалақ Мұқағали ақын. Сол айтқандай бірде бала, бірде дана өнер адамына жар болудың жауапкершілігі мен салмағы қандай?

– Халыққа танымал адамның жары болу – үлкен жауапкершілік. Елдің адамы болғандықтан, елдің алдындағы абыройына, атағына, қасиеті мен қадіріне кір келтірмеуге тырысасың.

«Ер адам – түздікі, әйел адам – үйдікі» деген сөз бекер айтылмаса керек. Гастрольдерде көп жүргендіктен, оған түсіністікпен қарай білдім, бір-бірімізге деген сеніміміз мол болды. Алыс сапардан келгенде бала-шағасымен қарсы алып, дастарханын жайып, күтіп отыратынбыз. Балаларын сағынған Мекең ұзақ уақыт әңгімесін айтып, әр баласына әкелген базарлығын таратып, сағынышымызды басатынбыз. Келесі сапарға аттанарда шығарып салып, тілеуін тілеп отыратынбыз.

Мекеңнің бойында ер-азаматқа тән қасиеттің барлығы артығымен болды деп айта аламын. Бірге өткізген бақытты, қуанышты күндеріміз көп болды. Содан болар, мен өмірден де, өнерінен де салмақ көрмедім десем болады.

– «Құдайға тәубе, жиын-тойға ең көп шақырылатын қазақтардың санатындамын. Өнерімді бағалағаны, құрметтегені ғой, рақмет. Бірақ, кейде соған кеткен алтын уақытымды бала-шаға, немерелеріме арнағым келеді. Немерелеріме көп көңіл бөлсем, ертең естерінде де көбірек қаламын ғой» дегенін естігеніміз бар еді… Жалпы, Мейірхан аға отбасында қандай жар, қандай әке еді?

– Мекең екеуіміз 40 жыл отастық. Аллаға шүкір, екеуіміз бақытты отбасын құрып, адал да сенімді жар болдық. Бір-бірімізді қас-қабағымыздан-ақ түсінетінбіз. Мен жұмыстан кешігіп жатсам, кешкі тамақты да пісіріп қоятын. Әсіресе, палауды өте дәмді етіп дайындайтын.

Мекең де өзінің ата-анасы сияқты өте балажан еді. «Бар байлығым – балаларым» деуші еді «Менің әкелік міндетім, парызым – балаларыма тіреу болып, дұрыс жол көрсетіп, жағдайларын жасап, бақыт сыйлау» дейтін. Баланы дүниеге әкелгеннен кейін оларға дұрыс тәрбие беру керек деп, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді. Оларға қол көтермек түгілі, ұрысып та көрген жоқ. Ұлдарына өзінің жүріс-тұрысымен үлгі көрсетіп, ұлағаты мол әңгімелерін айта отырып тәрбиеледі. Қыз балалары өзіне жақын болғандықтан, оларды еркелетіп өсірді. Келініміз Ғазизаны да өз баласындай көріп, әңгімелері жарасатын. Ғазтай бізге келін болып түскен күні: «Балам, саған әкеңдей болмасам да, ұқсап бағуға тырысамын», – деп еді. Сол сөзінде тұра білді.

Мекең ішкі жан дүниесі қандай таза болса, сыртқы келбетіне де қатты көңіл бөлді. Киімге деген талғамы да өте жоғары болатын.

Жастайынан балалардың әр қызығын қызықтап, мектептегі ата-аналар жиналысына дейін барып, жетістіктеріне мәз болып келетін. «Алла маған «сенің балаң жақсы» деген сөзді ғана естіртсе екен», – деп отыратын. «Балаларым өнерлі болсын» деп музыка мектебінде оқытты. Бірақ, өсе келе әрқайсысы әр түрлі мамандық иесі атанды.

Әр баласының туған күнін ерекше күтетін, құттықтап, жылы тілегін білдіруге асығып тұратын.

«Сендердің табандарыңа кірген тікен, менің маңдайыма қадалсын» деп, кез келген жағдайда балаларының көңілін тауып, қолдап, қайраттандырып жіберетін.

Шетелге гастрольдік сапарға шыққанда міндетті түрде балаларына арнайы сыйлықтар, киімдер ала келетін. Әкелген киімдері әрқайсына дәл келе қалатын. «Қалай дәл қылып алдыңыз?», – деп балалары сұрағанда, «Сен сияқты балаға өлшеп алдым», – дейтін.

Демалыс күндері қала сыртында тұратын менің әке-шешемнің үйіне барып, демалып келетін. Шешеммен екеуі түн ортасына дейін әңгіме-дүкен құратын. Сол кездегі айтатын әңгімесінің дені балалары екен. Сонда шешем «Мейірханның балажандығы-ай, кешке дейін соларды мәпелеп айтып отырады» дейтін.

Мекеңнің өнердегі, өмірдегі іні-келіндерінің де атын атамай, оларға еркелетіп ат қоя білетін ерекше қасиеті болды. Сол сияқты өз келіні мен күйеу баласына да «Ғазтай», «Балам» деп кетті.

Немере баладан да ыстық қой. Оларды «Өмірімнің мәні, ғұмырымның жалғасы» дейтін. Олардың әр басқан қадамына, қызықтарына қатты қуанып, көрген елдің барлығына айтып, көрмегенімен қоңырау шалып бөлісетін. Тіпті, ішіне сыймаса күнделігіне де жазып отырған екен. Солардың бірі, үлкен немересі Ғалия мектеп бітірген күні:

«Бұрындары ретімен келген қуаныштарымды сәтімен қарсы алып жүр едім. Бүгінгі қуанышым өмірдегі есте қалатын күн шығар. Ол тұла бойы тұңғыш немерем он бірінші сыныпты аяқтады. Барым, базарым деймін. Екеуі (Ғалия, Манас) көзімнің ағы мен қарасы ғой. Қатты қуандым, бірақ бәрін ішіме сыйғызып, тәубе дедім. Осы қуанышымды Алла Тағала керілетпей, жалғастырса екен деп тіледім. Мен олар үшін бәріне дайынмын ғой.

Енді Жәнібегімді күтемін (АҚШ-та оқуда).25.05.19.»

«Менің қызығым, қуанышым. Барым, базарым, әкем-шешем жоғары балл алды. Енді не керек?…»

«Менің қызығым Ғалиям үлкен оқу орнына барды. Кеше 01.09 демалыс күні танысуға барған. Міне, қызықты өмірімнің екінші есігі ашылды, айқара болғай! 02.09.19.» деп жазып кеткен екен.

Немерелерінің сүйікті атасы болғандығы соншалықты, олар әлі күнге дейін аталарын сағынып, іздейді. Телефондарындағы, бөлмелеріндегі атасының суретіне қарап, тіпті, болмаса бейіт басына барып сырласып, әңгімелерін айтады екен.

Тіпті, атасынан қалған иіссуын атасының көйлегіне сеуіп, өз киімдерінің арасына іліп қойыпты…

Күнде болмаса, күнара Шынарға звондап, кішкентайларын сұрап, кешке олардың қызығын бізге айтып отыратын.

Мекең бірінші орында отбасым, бала-шағам дейтін. Бала тәрбиесін өнерімен қатар ала жүрді. Сол еңбегінің нәтижесі болар, ауырып жатқанда маған: «Балаларымды жақсы тәрбиелеген екенсің, саған рахмет», – деп, бас бармағын көрсетіп, жанары жасқа толды. Бала тәрбиесі екеумізге де ортақ болды ғой, бірақ рахметін маған айтып кетті.

Аллаға мың да бір шүкір деймін, маған осындай адал жар кездестіріп, әдемі өмір сыйлағанына.

– Кенже ұлдарыңыздың есімін ұстазы Жәнібек Кәрменовтің құрметіне Жәнібек деп қойған екен…

– Иә, Мекең Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, сүйікті ұстазы Жәнібек Кәрменовтен дәріс алған. Ұстазын аса құрмет тұтып, шәкірті болғанын мақтан тұтатын. Кейбір әңгімелерін айтып, сағынышпен жиі еске алып отыратын. Ұстазынан ән ғана үйреніп қойған жоқ, берген тәлім-тәрбиесін, адамгершілігін, айтқан естеліктерін ескере отырып, өмірде пайдалана білді.

Ауырып жүрген кезінде Серік Ақсұңқарұлы ағамыз Алматыдан Жәнібек Кәрменовтің енді ғана жарыққа шыққан 4 томдық шығармалар жинағын әкеліп берді. Ауруханаға жататын болып, «Нәсіп, маған төртеуін де салып берші»,–деп, алып кетіп еді. Біреуін ғана оқып үлгерді ғой…

Ұстазы 1992 жылдың жазында қайтыс болды. Сол жылы дүниеге келген ұлымыздың атын ұстазының құрментіне Жәнібек деп қойды.

– «Мейірханның әншілігінен бөлек әзіл-қалжыңының өзі үлкен бір мектеп еді» деп еске алады замандастары. Үйде де өздеріңізбен жиі әзілдесуші ме еді?

– Ия, Мекеңнің өнерінен бөлек ел арасында әзілқой болғаны қатар айтылып жүр. Ол рас, үлкенмен де, жаспен де орнын тауып қалжыңдасып, арасында сөзімен шымшып та алатын.

Ондай әзілқойлық әкесінен дарыған шығар. Әкесі марқұм да өте әзілқой адам болатын.

…Үйлену тойымыздан кейін ертеңінде неке куәлігін алған болатынбыз. Сол кездегі ауылсоветтің секретары Тұрсынғазы ағасы кездесіп қалғанда: «Мейірхан, осы сен неке куәлігіңді алып па едің?» деп сұраса, «Жоқ, алған жоқпын» деген екен. Бір күні контордың жанынан өтіп бара жатса, Тұрсекең Мекеңді кабинетіне шақырып алып, екінші неке куәлігін береді. «Мен алдым ғой, ойнап айта салып едім», – дейді. Сонда Тұрсекең: «Біреуі Нәсіптікі, біреуі сенікі» деп, қолына ұстатып жіберген екен. Үйге алып келіп, «Тұрсекең ешқайда кетпесін деп, менің аяғыма қатырып тұрып тұсамыс салды», – дегені бар-тын.

Мекең әсіресе, достары мен өнердегі әріптестерімен, сондай-ақ, туған-туыстарымен де жиі қалжыңдасатын.

Екі ағасы өмірден ерте өтіп, жеңгелері үштөрт баламен жас қалды. Балаларын өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған жеңгелеріне: «Бауырларымды өсіріп, жеткіздіңдер, сендерге көп рахмет. Енді бастарың бос, тұрмысқа шығуға болады, ұзату тойын өзім жасап, беташарларыңды өзім айтып беремін» деп қалжыңдағаны бар.

Үйдегі балаларымен де, тіпті, немере-жиендерімен де жиі әзілдесіп отырушы еді…

 – Мейірхан аға 80 жылдардың аяғында біраз уақыт өнерден қол үзіп кетіп, пошта, байланыс саласында еңбек еткен екен. Елдің алақанында жүрген әншінің аяқ-асты өрісті өзге саладан іздеуіне не түрткі болды?

– 1981 жылы Қарағанды қаласына көшіп келдік. Мекең «Гәкку» ансамблінде әнші болып жүрді. Сол кездегі әншілер ауыл-қалаларды аралап, айлап сапарға шығатын. Алғашқы балаларымыз дүниеге келгенде бірінде Алматыда, екіншісінде Қарақалпақстанда болып, жанымызда бола алмады. Балалар өсіп, бақшаға, мектепке баратын уақыт келді. Біз ол кезде Пришахтинскіде тұратынбыз. Мен Майқұдықтағы Жамбыл атындағы мектепте жұмыс істедім. Бір өзіме қиын бола бастаған соң Мекеңе жұмысын ауыстыруға тура келді. «Бала алдындағы парызым мен міндетімді өтей алмасам, өскенде оларға не деймін? Бала дүниеге келгеннен соң оларға дұрыс тәрбие беріп, әуелбастан қарау керек», – деген ой болды. Содан Мекең біраз уақыт облыстық баспасөз қызметкері болды. Одан кейін қара домбырасын қолына алып, өнеріне қайта оралды.

– Мейірхан аға әншіліктен, ұстаздықтан бөлек немен айналысқанды ұнатты? Ашылмаған қырлары, танылмаған тұстары бар ма?

– «Адам рухани бай болу үшін кітап оқу керек» дейтін. Бос уақытында кітап, газет-журналдарды көп оқитын. Өзіне түйген жерлерін күнделігіне түртіп, астын сызып, белгілеп, жазып жүретін.

«Ауылды сағындым ғой…» деп өмірден өтті ғой. Мекеңнің өмірі қалада өткенімен, көңілі әрдайым далада болатын, ауылды аңсап тұратын. Ауылдың ауасын, қымызын аңсайтын. Малсақ, жануарды аса қадірлейтін адам болды. Алыстағы ауылына күнде жете алмаса да, демалыс күндері жақын маңдағы менің әке-шешеме барып, ауыл тірлігін көріп, мауқын басып келетін. Әдемі, көркем, сыпайы мінезімен қайын жұртына да өте сыйлы бола білді. Әке-шешем ұлындай көріп, демалыс күндері ұлын күткендей күтетін. Шешеммен сырласып, екеуі екі жақтың мәселесін шешіп отыратын.

Зейнетке шыққан соң қала сыртында жер үйде тұрамын, мал ұстаймын, немерелерім келіп, аунап-қунап кететін болады дейтін.

– Түсіңізге кіре ме?

– Сағынып, іздеген күндерімде түсіме жиі кіреді.

– Мейірхан әншінің есімін мәңгі есте сақтау мақсатында қандай іс-шаралар жүзеге асты? Алдағы уақытта атқарылар қандай жоба-жоспарлар бар?

– Қаламыздағы «Жұлдыздар аллеясында» Мекеңнің есімі таңбаланған ескерткіш белгі қойылды.

Былтыр жаз айында Алматыдағы Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығына жиырма жылдай өзіне серік болған домбырасы табысталды.

Өзінің бастамасымен ұйымдастырылатын Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық дәстүрлі әншілер конкурсында Мейірхан Адамбеков атындағы номинация бойынша жүлде тағайындалды.

Рымбала Омарбекова апайымыз, журналист Сағат Батырхан және Жақсыкелді Кемалов, Қойлыбай Асанов, Аманжол Әлтай сынды іні-достарының ұйымдастыруымен «Ән-ғұмыр» атты естеліктер кітабы жарық көрді.

Мекең дүниеден озғаннан кейін «Сағыныш сазы» және «Дүние, бар әуреңмен жақсы екенсің» атты ән жинақтары жарық көрді.

Жыл сайын Сұрыптау музыка мектебінде Мейірхан Адамбеков атындағы жас дәстүрлі әндерді орындаушылардың конкурсы өтуде.

Алдағы уақытта әлі де талай іс-шаралар жоспарлануда.

– Ақтарыла айтқан ашық әңгімеңізге рақмет. Шуақты күндеріңіз көп болсын!

Сұхбаттасқан Ілияс МҰҚАЙ.

 

Басқа материалдар

Back to top button