Руханият

Нұраның нұрлы перзенті

Облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана мен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті бірлесіп, «ЕСЕП» (Елін сүйген ерлер партиясы) партиясының негізін қалаушылардың бірі, ақын, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері Махмет Темірұлының 100 жылдық мерейтойына орай «Алаш идеясы және кеңестік кезеңдегі жастардың астыртын саяси ұйымдары: тарихи сабақтастық, тұлғалар тағылымы» тақырыбында аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференция М.Темірұлы мен барша алашордалықтардың өмірі мен қызметін үлгі ете отырып, жастардың ұлттық сана-сезімі мен патриотизмін, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған.

Іс-шараның басында кітапхана басшысы Дина Базарбайқызы, қонақтарға алтын уақытын қиып келгеніне алғыс айтып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Аталған шараның былтыр жоспарланып, биылғы жылдың жоспарына арнайы енгізілгенін тілге тиек етті. Облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының құттықтау хатын оқып берді.

SARYARQA телеарнасының редакторы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Әшімхан Жампейісов­тің жетекшілігімен дайындалған «Махмет Темірұлы» атты деректі фильм жұрт назарына ұсынылды. Онда қайраткердің өмірі мен шығармашылығы, бүркіт Ысқақовпен танысуы, «ЕСЕП» құруға атсалысуы, «айыпты» деп табылып, сотталуы және соғыс­тан кейінгі ұстаздық жолы мен жанына өлеңді серік етуі, ұйым құрамына кірген азаматтардың өмірі терең зерделенген.

Ал, «Тұлғалар тағылымы» сериясымен «Махмет Темірұлының қайраткерлігі мен шығармашылығы» атты кітаптың тұсауы кесілгенде кештің көрігі қыза түсті. Қонақтар тарихшы ғалым Нұрсахан Ахметова, публицист Ермек Балташұлы, Бүркіт Ысқақов пен Махмет Темірұлының ұрпақтары Айгүл Ысқақова мен Дәулет Махметұлы, айтыскер ақын Айтбай Жұмағұл кітаптың өз оқырманын табуына ықпал еткен, «ЕСЕП» партиясын зерттеп жүрген Әділет Жағыпарға алғыс айтып, сәттілік тіледі.

– Нұра ауданынан шыққан көп айтыла бермейтін тұлғаларды зерттеу енді қолға алынып жатыр. Олардың қатарында Бүркіт Ысқақұлы, Махмет Темірұлы, Әмен Айдаров бар. Әмен Айдаровқа биыл 100 жыл. Осы қайраткерлердің жолын Мақсым Омарбеков, Кәмел Жүністегі сынды қаламгер, қайраткерлер жалғады. Енді оны лайықты жалғастыру Әділет Жағыпар сынды жастардың қолында. Жастардың Әмен Айдаровтай тұлғаны зерттеп, елімен қауыштырарына сенеміз, – деді Ермек Балташұлы.

Кітапты ғылымға талаптанып жүрген жастар – Әділет Жағыпар, Ақжарқын Жұмағалиқызы, Гүлден Аманкелдіқызы бірігіп құрастырған. Еңбек ғалымдарға, оқытушыларға, ғылыми қызметкерлерге, студенттерге және жалпы қауымға арналған.

Конференцияның пленарлық отырысында тарихшы ғалым, доцент Нұрсахан Ахметқызы «Ахмет Байтұрсынұлы және ұлттық идеология», Бүркіт Ысқақовтың қызы Айгүл Ысқақова «Ардақты Махмет аға асыл адам еді», жазушы Сүйіндік Жанысбай «Ақынның арманы мен азаптары», телевизия саласының ардагері Гүлнәр Бұхарбаева «Шындыққа шырмалған тағдыр», Әділет Жағыпар «Махмет Темірұлы – тұлғатанушы және зерттеу тақырыбының қазіргі заманғы өзектілігі» тақырыбында тұшымды баяндамасын ұсынды.

– Алаш қайраткерлерінің азаттық идея­сын негізге алған «ЕСЕП» партиясы 1940 жылдың соңында құрылады. 17-19 жастағы бір топ студент жасырын үгіт-насихат жұмысын жүргізе бастайды. Студенттер, таныстар, қызметтегі жастар, тіпті жоғарғы сынып оқушылары арасынан пікірлестерінің санын өсіруге күш салады. Топ басшысы – Бүркіт Ысқақов, орынбасары – Махмет Темірұлы. Кеңес одағының саясатына наразы жастар да табылып, қатары күн сайын арта түседі. Бұл кезде 1941 жылдың маусым айы да тақап келе жатқан еді, – деп атап өтті Гүлнәр Бұхарбаева.

Түстен кейін конференция үш секция­ға бөлініп, жұмысын жалғастырды. Алаш тақырыбы, Махмет Темірұлы шығармашылығы және жас зерттеушілер. Секция жұмысына кітапханашылар, жас зерттеушілер, музей қызметкерлері қатысты. Алматы, Қызылорда, Қарағанды облыстарынан түрлі жұмыстардың түскенін айта кеткен жөн.

– Конференция қатысушыларына сертификат берілді. Секция жұмысына қатысқан зерттеушілерге Махмет Темірұлы мен Бүркіт Ысқақовтың туыстары жеке сыйлықтарын табыстады. Сонымен қатар, оқырман назарына «Алаш жолында, азаттық қамында…» кітап көрмесі ұсынылды. Бұл жұмыс­тар алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейді шараның басы-қасында жүрген кітап­хананың Өлкетану әдебиеттері бөлімінің меңгерушісі Сандуғаш Телпекбаева.

Ауқымды шараға қатысқан қонақтар да белсенді болды. Олар арасында сұрақ қойып, шараны жандандырып отырды.
Нұрадан түлеп ұшып, патриотизмнің асқақ үлгісін көрсеткен Махмет Темірұлының әлі зерттелмей жатқан еңбегі ұшан-теңіз. Ол алдағы уақыт еншісінде.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button