Нұра

Нұраның бойы – астатөк ырыс

Жуырда Нұра ауданының әкімі Н.ОМАРХАНОВ егіс алқаптарын аралап, күзгі орақ науқанымен танысты. Алдымен «Индустриальный» серіктестігіне барған аудан басшысы Н.СҮЛЕЙМЕНОВ басқарып отырған серіктестіктің жай-күйіне назар аударды.

Серіктестік басшысының айтуынша, 4 мың гектар егіс алқабының 70 пайызы орылып біткен. Түсім – гектарынан 12,5 центнерден айналуда. Күн райы қолайлы қабақ танытып тұрса, науқан бір аптаның ішінде аяқталмақ.

Жалпы, нұралық диқандар Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы қарсаңындағы күзгі жиын-терімді биік көрсеткішпен тәмамдауға қол созуда. Еңбектері ақталып, «ел шежіресіндегі айтулы мерейтойға рекордтық межемен жетсек» деген мақсаттары бар. Бітік шыққан биылғы егін көкейлеріне сенім ұялатып, кеуделеріне үміт отын жағуда. Ат шаптырса, алты күн жүретін 200 мың гектардан артық алқаптың өнімін жинау оңай емесі айдан анық. Сондықтан, диқандар ерте күнді кеш қылмай белсене еңбекке кіріскен.

Қызу науқан жүріп жатқан іргелі шаруашылықтың бірі – С.Нығметовтің «Қайнар» серіктестігі. «Қайнарлықтар» биыл 35 мың гектардан астам жерге егін салды. Қазіргі науқанға 300 адам тартылып, 50 комбайн, 30 шақты өзге техника күші жұмылдырылуда. Бүгінде науқан 50 пайызды еңсерген.

Аудан әкімінің жыл басындағы есептік кездесуінде Сейтжаппар Алшынбекұлы жұмысшыларға лайықты жалақы төлеу үшін егістік алқабын ұлғайтатынын айтқанды. Білікті басшы сөзінде тұрыпты. Қосымша жер игеріпті. Соның арқасында маусымдық міндеттер орындалғанда еңбеккерлерге сыйақы берілмек. Қысқасы, айына 80-100 мың теңге көлемінде еңбекақы алатын дала қосындағы аспаздар науқан соңында – 500 мың теңге сыйақы алса, механизаторлар – 2,5-3 млн. теңге табыс табады. Сондай-ақ, жұмысшылардың науқан барысындағы ас-суы шаруашылықтың қазынасынан бөлінуде.

Серіктестіктің ішіндегі бейресми бәсекеде бригадир Е.Сураевтың бригадасы жұмысшылар санымен, жұмыс сапасымен алда келеді. 17800 гектар егіс алқабында 38 адам еңбек етуде. Алдыңғы лекте шетелдік комбайндармен мың тоннадан артық бидай орған механизаторлар – В.Сидорович, Н.Емелькин көш бастаса, «Енисей» комбайндарымен 600 тонна астық жинаған А.Клименко, Е.Ефремов, В.Трублаевич жемісті жұмыс нәтижесін көрсетуде. Жиналған астықты жүргізушілер – Т.Кәдірсізов, А.Виль, А.Сәтжанов қырманға тасып жүр.

Серіктестікте жастарға қолайлы жағдай жасау жолға қойылған. Секеңнің қолдауымен еңбекке тартылған ауылдағы жастар саны көбейіп келеді. Тәжірибелі Е.Сураевтың бригадасында 80 пайыз жастар тер төгеді. Бұлардың барлығы ауылға тұрақты өмір сүруге бел бууда. Көрегендігі ғой, Секең көпке өзі үлгі көрсетіп, ұлы Айнарды кәсіптің қыр-сырына үйретіп, баулып жүр. Жастарды баспанамен қамтуға жәрдемдесуде. Мәселен, былтыр жас механизатор Алексей Сметанин жаңа үйдің кілтіне ие болды.

Әлеуметтік салаға баса назар аударылуда. Әнебір жылдары ауылдағы Мәдениет үйін жөндеуден өткізіп, коммуналдық меншікке тапсырса, беріде күрес залын жасақтап берді. Былтыр ауыл орталығында мешіт салып, мұсылман қауымның ризашылығына ие болды. Көк күмбезді ақ мешітте салынып қариялардың да ақ батасына ие болды. Спорт түрлерін дамытуға жасалған жағдайдың арқасында ауыл спортшылары аудандық дәстүрлі спартакиадада жиырма екі жыл бойы алдыға қара салмай келеді.

Жер өңдеуде озық техно­логияларға жүгінген серіктестік асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысуда. Бүгінгі күні әулиекөл сиырларының саны 1172-ге жетті. Биыл асыл тұқымды 70 бұқа облыстағы шаруашылықтарға сатылды. 2004 жылдан бастап ірі қараны қолдан ұрықтандыруға көшкен ұжым жүйелі жұмыстың нәтижесін көріп отыр.

Серіктестік басшысы алдағы жоспарымен де бөлісті. «Болашақта сауын сиыр санын мыңға жеткізсем» дейді ол. Сөйтіп, облыстағы сиыр тұқымын асылдандыруға өз үлесін қоспақ.

«Қайнар» серіктестігінің ір­гесіндегі «Отқанжар» ЖШС-де табыспен тірлік қылуда. Шаруашылық асыл тұқымды қой өсіреді. Егін де егеді. Қазіргі сәтте тәмамдалған науқанға отыз адам тартылыпты. 3 мың гектардан астам егістің әр гектарынан 12,8 центнерден өнім алынған. Аудан бойынша алғашқы болып жиын-терімді аяқтаған «отқанжарлықтардың» еңбекқорлығына сүйсіндік.

Елдің тұрмыс-тіршілігімен егжей-тегжейлі танысқан Ниқанбай Иманғалиұлы сапар соңында шаруашылық басшыларына, ди­қандар қауымына еңбекте табыс тіледі.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында баршамызды ел игілігі жолындағы еңбекке шақырды. Бүгінде еңбек – шешуші ұлттық фактор екенін ұғындырды. Сондықтан, біздің әлеуметтік жаңғырту саясатының негізі – шынайы өндірістік еңбек. Қазіргі заманның басты кейіпкерлері – Сіздер. Өскелең ұрпаққа кәсібилік пен тындырымды еңбек үлгілерін іс жүзінде көрсетіп келесіздер. Науқандағы табыстарыңыз молынан болып, бірліктің арқасында берекеге жете беріңіздер», – деді аудан әкімі.

Сүлеймен САТЫБАЛДИН.

НҰРА ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button